Украина премьер-министрі Арсений Яценюк BBC-ге берген сұхбатында 2 мамыр күні Одесса қаласында болған қақтығыстарда ондаған ресейшіл белсенділердің қазасына жол бермес үшін еш нәрсе істемеді деп одессалық күш құрылымдарын айыптады.
Яценюк «қайғылы оқиғаға қауіпсіздік күштері кінәлі» екенін айтып, қақтығыстарға тәуелсіз тексеру жүргізілетініне уәде берді. Премьер ішкі істер министрлігінің Одесса қалалық басқармасы басшысы қызметінен алынғанын да айтты.
Арсений Яценюк ресейшіл сепаратистер арандатқан Одессадағы тәртіпсіздіктің салдарын «апат» деп бағалады.
2 мамыр күні ресейшіл белсенділер мен Украинаның біртұтастығын қолдап шеруге шыққандар арасында қақтығыс болып, қаладағы бес қабатты Кәсіподақтар үйі ғимаратында өрт шыққан. Кейбір ақпараттар бойынша, ғимараттан «Украинаның тұтастығы үшін» шеруіне шыққандарға қарата оқ атылған.
Украина ішкі істер министрлігі кемінде 37 адамның қаза болғанын, олардың кейбірі өрт кезінде ғимараттан секіріп, кейбіреулер түтіннен тұншығып мерт болғаны жайлы ақпарат таратты. Министрліктің дерегі бойынша, қала ауруханаларына түрлі дәрежедегі жарақат алған 170-тен аса адам түскен.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140504/330/330.html?id=25372288