Өзін Украинаның заңды президенті санайтын Виктор Янукович Ростовтағы Донда тағы да журналистерді жинап, бұл қоғамда өзінің бар екендігін білдіргісі келген сияқты. Ол екі сөзінің бірінде «Украинаның президенті әрі жоғары қолбасшысымын. Мен тірімін. Мені ешкім қызметімнен алған жоқ. Жақын арада Киевке оралуға уәде беремін», – деді.
«Украинада мен туралы алыпқашпа әңгімелер тарап жатқан көрінеді. Өзімді жақсы сезінбесем де, тірі екенімді айтқым келеді. Қазіргі Украинада болып жатқан жағдайлар жүрегіңді сыздатады», – деді еліне жаны ашыған кейіп танытып.
Сондай-ақ ол брифингте Украина үкіметіне 1 млрд. АҚШ долларын бөлген АҚШ-тың Жоғарғы сотына шағым түсіріп, қазіргі украиндық биліктің әрекетіне баға беруін сұрады. Оның сөзіне қарағанда, жаңа украиндық билікті мүлдем мойындамайды екен. «Бұл перденің артында ультраұлтшыл бандалардың үкіметі жұмыс істеуде» деген Янукович Украина мемлекетінің әнұранымен сөзін тәмамдады. Алайда, тек көкейіндегі ойын ғана айтып қалғысы келген Янукович журналистердің сауалын жауапсыз қалдырды.
Айта кету керек, Нидерланды Янукович пен оның балаларының, сондай-ақ бұрынғы премьер-министр Николай Азаровтың есепшотындағы жүздеген миллион ақшаны бұғаулап тастады. Ал Швейцария тағы тоғыз шенеуніктің активіне құлып салды.
Динара Дүрмән