АЛТЫНОРДА
Новости

Ыстамбұлда қазақ әні асқақтады

Ыстамбұл. 7 мамыр. BAQ.KZ – Түрік аспанында қазақтың халық әндері асқақтады. Ыстамбұл қаласының Топқапы Түркі дүниясы мәдениет үйлерінде өткен концерт жұртшылық көңілінен шықты. Шара «Сана» интеллектуалды клубының ұйымдастыруымен өтті. Бұл туралы аталған ұйымның баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

 

Концертті Қазақ мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университеті музыка бөлімінің магистранттары қойды. Нұргүл Әлқожа мен Арай Асқаптың шырқаған дәстүрлі әндері көпшіліктің көңілін тербетті. Самина Шекен мен Бақыт Бейсенбай домбыра шанағынан күй төгіп, шертер мен сазсырнай үнін әсем үйлестірді. Ақтолқын Есентаева, Нағима Жолшыбекова, Әйгерім Сарманова және Назгүл Айнабековалар эстрадалық әнмен кешке әр берді.
Концертке келген Ыстамбұлдағы Қазақстан консулдары, жергілікті қазақтар мен қазақ студенттері рухани тұрғыдан бір байып қайытты. «Сана» клубының үйлестіру бойынша жетекшісі Сәтжан Тоқтарбайұлы: «мұндай шара арқылы түбі бір түркітілдес бауырларға мәдениетімізді танытуға мүмкіндік мол» дейді. Оның айтуынша, концертке «Ноғайлар қауымдастығы» бастығы, «Тек румелі» телеарнасы «Тілек ағашы» бағдарламасының жүргізуші Айбала Полат, ТҮРКИЯТ ғылыми зерттеу орталығы, «Түрік Ожақтары» сынды ұйымдардың жетекшілері мен мамандары мен түрік, әзербайжан студенттері келіп қатысқан. Жергілікті қазақтардың арасынан Бешір Ахмет Көсе, Ержан Тұнжай секілді өнерпаздар да арасында сахнаға шықты. Концерт соңында өнерпаздарға шағын сыйлықтар табыс етілді. Шараны ұйымдастырушылар сонымен бірге Мимар Синан Көркем университеті профессоры Әбдуақап Қара мен жергілікті өнерпаз Бешір Ахмет Көсеге шараға қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді. Концерт соңында арнайы дастархан жайылды.

http://www.baq.kz/kk/diaspora/572