Бүгінгі күні әйелдер мен ерлердің зейнеткерлікке шығу жасын теңестіріп, 63 жаста құрметті еңбек демалысына шығатындай ету мәселесі қызу талқылануда. Осы мәселелер құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық банк кіретін мекемеаралық топ белсенді зерттеуде.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов. «Зейнеткерлік жасын сәйкестендіру – өте өзекті мәселе. Мен Парламент Үкіметтен қажетті шешімдердің толық картинасын күтіп отырғанын білемін. Біз қоғамның көңілінен шығатын жобаны ұсынатын боламыз деп ойлаймын. Ал менің жеке пікірімді білгіңіз келсе, зейнеткерлік жасын ұлғайту қажет дер едім. Бұның қажеттілігі сол, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақты қызмет етуі үшін жұртшылық ақшасын ұзақ уақыт сақтауы керек», – деді ол.
Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мекемеаралық топ жоғарыдағы мәселеге қатысты ұсыныстарды үкімет қарауына ұсынатын болады.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымдарының докторы:
– Жалпы, әйелдер мен ер адамдардың зейнеткерлік жасын сәйкестендіру дегенге мен қарсымын. Мүмкін Үкімет Жапонияны үлгі етіп алып отырған болар. Ол елде солай.Бірақ Жапония мен Қазақстанды салыстыруға бола ма? Ол елде адамдардың өмір сүру жасы ұзақ. Бізбен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ барлық жағдай жасалған. Бізде ше? Керісінше. Тіпті анау Кеңес заманын еске алайық, ол кезде 5 бала туған ана 50 жасында, 4 бала туғандар 51 жасында зейнеткерлікке шығып жататын. Шындығына келсек, әйелдерді 63 жасқа сүйрелейтіндей бізде жағдай жоқ қой. Қаржы бар. Қор көп. Халықтың саны да бар жоғы 16 миллион ғана. Мен өзім де зейнеткерлік жасқа келіп қалған адаммын. Демалысқа шығып, бала, немере қарағым келеді. Оларға үйде тәрбие беру де оңай емес. Бұл – бір, екіншіден, бізде азаматтардың өмір сүру жасы тым ұзақ емес. Соны да ескерген жөн. Сайып келгенде, бұл мәселені Үкімет емес, референдум жасау арқылы халық шешуі тиіс.
Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер:
– Ер мен әйелдің зейнеткерлік жасын теңестірудің артында қордалы проблема тұр. Біз 14 жыл бұрын жаңаша зейнетақы қорын құрдық. Оны Чили үлгісі деп атағанымыз белгілі. Бірақ одан кейін қанша жыл өтті. Арада 2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы, АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс, 2010 жылы басталған Еуропадағы қаржы дағдарысы өтті. Ол әлі де созылып жатыр деуге болады. Осының бәрі біздің жаңадан құрған зейнетақы қорларына өзіндік зардабын тигізді. Осыдан келіп қазір зейнетақы қорына бірқатар реформа жасауға тура келіп тұр. Егер де бұрынғы сарынмен жүре бергенде осы қорлар 10-15 жылда банкрот болар еді. Зейнеткерлерге беретін қаржы жетіспеушілігі байқалар еді. Үкімет осының алдына алу мәселесін талқыға салуда. Соның бір тармағы әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлермен теңестіру. Егер де қаржы мәселесін есептеп қарағанда – бұл дұрыс.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
http://www.aikyn.kz