АЛТЫНОРДА
Новости

Жәди Шәкенұлы. «Нұрлы көш» нұрлы бола алды ма?

Елбасы Қазақстан халқына арнаған 2008 жылғы Жолдауында: «Тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізуіміз керек», — деп Көші-қон комитетіне нақты тапсырмалар берген болатын. Осымен бірге үкіметтің алдына жаңа міндет қойып, «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асуына мұрындық болып еді.

Елбасымыздың ұстанған осы сара саясаты бір мезгіл тоқырауға бет алған қазақ көшіне жаңа серпін беріп, талай жанның санасына сәуле шашты. Көгілдір тұманға айналып бара жатқан көштің алдынан жарқырап күн шыққандай, алыстағы ағайынның да жанарынан үміт ұшқыны жылтырады. Оң құлағы шыңылдап, атажұрттан хош-хабар күтті.
Көш туралы ойлағанда көлеңкелі құбылыстарға көп үңіле бермей, еліміз бен жерімізде жеміс берген табыстарымызды да көре білсек, Аллаға шүкір дегіміз келетіні де өтірік емес. Қандыбалақ жылдардың елесін ұмытып, есімізді жиып, етегімізді жаба бастаған бүгінгі бақытты заманда барымызды бағалап, тәуелсіздік тұғырын онан ары бекемдей беруден ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Осы жағынан қарағанда, «Нұрлы көштің»  бастамасы, әрине, қазақ сынды халықтың маңдайына біткен тәуелсіздігі мен табанымен басқан қасиетті даласының киесін асырмаса кемітпейтіндігіне кәміл сендіріп еді.

Алыстағы қандастардың ісжүзіндік жағдайымен салыстырғанда бұл бағдарламаның отанға оралушыларға көптеген тиімділігі бар еді.
Жобаның мақсатындағы өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы және Жоба қатысушыларының әлеуетін іске асыру мүддесімен шетелде тұратын этникалық қазақтарды, отандастарды ерікті негізде ұтымды қоныстандырудың әуелгі бағыты да теріс болған жоқ.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес: Солтүстік, Оңтүстік және Орталық аумақтық даму кіндігі деп аталатын негізгі қоныстандыру макроаймақтарының барлығы да оралуға тиісті ағайындарға өте үйлесімді еді. Көшбасшы қалалар мен тірек қалаларда 30 серпінді жобаны іске асыру үшін еңбек ресурстарына қажеттілік 390 мың адамды құраса, жат жерде жұмыссыз жүрген қаракөз ұл-қыздарымыздан тартудың орайы туғанын да аңғартқан болатын.
Даму әлеуеті жоғары және орташа селолық елді мекендерде Қазақстан Республикасының селолық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қоныстандыруда Солтүстік аумақтық даму кіндігі бойынша — 342,2 мың адамды, Оңтүстік кіндік бойынша — 898,6 мың адамды, Орталық кіндік бойынша — 77,7 мың адамды құрайтындығ да айтылып еді. Алыстан келіп жатқан ағайындарымызда ортақ бір кемшілік бар делінсе, ол бәріміздің бірден Алматыға ғана ентелеп, солтүстік немесе орталық, шет аймақтарға үрке қарайтындығымыз дер едік. Шын мәніне келгенде, қиыр қонып, шет жайлап, тағдырдың қилы сынынан сүрінбей өткен ағайындардың ыстық-суықтан қорқа қоятындай еш мәні жоқ. Мүмкін үгіті жақсы болып, үмітіне үкі байласа, жыртығымызға жамау, түндігімізге тіреу болатын солар еді.

«Нұрлы көш» жобасындағы «Шекараға жақын аумақтарда шекаралас елдердің экономикалық шекараға іргелес өңірлерінің басымдығының, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің еңбек ресурсы артық өңірлері тарапынан демографиялық қысымның (сыртқы стихиялық көші-қон) алдын алу үшін, қоныстандыру елдің тоқырау өңірлерінде тұратын Қазақстан азаматтары мен шетелде тұратын этникалық қазақтарды ерікті қоныстандыру есебінен жүзеге асырылатын болады» деген бағыттың өзінде де ел мен жерді қорғайтын ұлт ұландарына деген үлкен сұраныс жатқандай білінеді. Әрине, жердің шетінде, жаудың өтінде кеудесін оққа төсеп, дарқан даламызды қорғаған батырлық шежіреміздің қасиеті бүгінгі ұрпақтың бойынан табылып жатса, тарихтың сенімін ақтаған болар едік. Кеше ғана Қытайдан көшіп келген (1962 жылғы көшті айтамын) бірнеше жүз мың қазақтың бүгінде еліміздің шығыс қақпасын тиянақ етіп, ұлардай шулаған ұрпағымен қазақтығымызға өзіндік есесін қосып отырғаны — соның бір мысалы ғана. Ескі тарихтың елесіне бой ұрсақ, со-нау Шыңғысхан заманында моңғол қолына қанат бітірген, оны қуатты қосынға айналдырып, әлемді сілкіндірген түркілер екеніне сенсек, өз бауырларымызды құшағымызға тартудың, қара ормандай қазақтың бірін-бірі қалқан етуінің қажеттілігін тіпті де сезіне түскен болар едік. Қазақ осындай ұғымдар төңірегінде «Тіс кетсе, тіл тоңар», «Шеткі үй көшсе, ортаңғы үй шет болар», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Көршіңді ұры деме, өзіңе-өзің сақ бол» деген сияқты мақал-мәтедерді айтады. Олай болса, шекаралық аумақтарды қоныстанып, етек-жеңімізді қымтап отырсақ, ыстық бауырымызға суық желдің кіре алмайтыны өз-өзінен түсінікті жағдай.

Жобаға қатысушылардың және орналастыру аймақтарына бірге қоныс аударған олардың отбасы мүшелерінің Жобаға қатысушылардың санаты мен қоныстандыру аймақтары бойынша сараланған әлеуметтік қолдау алуы немесе соның алғашқы жеңілдіктері негізінде, ең алдымен, тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй займын беруді қамтуының өзі алыстан арып-шаршап  келген ағайынға үлкен демеу екенін көрсеткен-ді.

Осылайша дүниеге келген «Нұрлы көш» бағдарламасы өзінен бұрынғы көшi-қон саясатындағы кемшiлiктердi жоюды көздеген болатын. Сондай-ақ iшкi-сыртқы көшi-қонды бiр-бiрiнен бөле жармау, елiмiзге көшiп келуге ниеттi қандастарымыз бен отандастарымызға барынша тиімді жағдай жасау бағытында жаңа жұмысына белсене кірісіп еді.

Үкiметте осы бағдарламаны мақұлдағаннан кейiн, көші-қонға жауапты құзыретті органдар ауыл шаруашылығы, қаржы, бiлiм, денсаулық, индустрия министрлiктерiмен бiрге барлық облыстарда болды. Алғашқы болжам бойынша, бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңiнде үш жылдың iшiнде 60 мың отбасын алып келуде жоспарланған болатын. Оларды,  алдымен  Солтүстiк облыстарға, одан кейiн Орталық облыстарға орналастыру көзделіп еді. Әсіресе, жұмыс күшi жетiспей жатқан, экономика қарқынды дамып келе жатқан өңiрлер — солтүстiк өңiрлер. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарына адам ресурсы көбiрек қажеттілігі қаралып еді.

Президенттің қолдауымен үкіметтің бекітуінен өткен осы шара төңірегінде облыстардың да оң шаралар атқара бастағаны баршамызды қуанышқа бөлеген болатын.
Сол кездегі дерек бойынша, Ақмола облысына орналасатын төрт мың отбасының алғашқы әзірлігі ретінде көші-қон саласының мамандары «Нұрлы көш» бағдарламасының бастапқы өңірлік жобасын әзірлеген хабары да жетіп еді. Атап айтқанда, облыс орталығы Көкшетау қаласының шетіндегі Қызылжар (Красный Яр) кентінің жанынан 30 гектар жер белгіленіп, оның қазығы қағылғандығы айтылған.  Мұндай шараның облыс аумағындағы екі қала және 11 ауданында қолға алына бастағаны хабарланған-ды.
Қытай жағымен көршілес отырған Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық көші-қон департаменттерінің де өз деңгейіндегі жұмыстарды тыңғылықты атқарып, сырттағы ағайынның «Нұрлы көш» бағдарламасы төңірегінде Отанына оралуына оңтайлы жұмыстар атқарып жатқаны да еміс-еміс жетіп жатты.
Демек, осының бәрі алыстағы ағайынның Отанына оралу от сезімін онан ары алаулата түсетін жақсы ойларға жетелеген болатын.

«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші, көп өтпей қызыл өрт — сол Қызылжардан басталды. Салынған құрылыстың сапасыздығы мен ондағы оралман тұрғындарының жұмыс және білім алу жағындағы қол жетімсіздігі ақпаратта аз шу болған жоқ. Сөйтіп, ендігі жерде «Нұрлы көштің» пайдалы жақтарын айтушылардан көрі, оның кемшілігін қазушылар көбейді де басы таудай, аяғы қылдай күйге түсті. Сонымен қазіргі уақытта мемлекеттік кош-қон квотасы мүлдем берілмейтін күйге бет бұрып қана қалмай, «Нұрлы Көш» бағдарламасы да аяқсыз қалып барады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сай оралмандарға қолдау көрсету мәселесі реттеледі дегенмен, бұл мәселенің де нақтылы өнімділііг әлі дәлелденген жоқ.

Шын мәнінде халықтық көші-қон үшін «Нұрлы көш» бағдарламасының көптеген тиімділктері бар еді. Ол оралмандар үшін ғана емес, отан тұтастығы мен ел бірлігіне саятын жақтан да көптеген артықшылықтарға ие болатын. Алайда, көштің бұйдасын ұстаушы азматтардың біліктілігінің төмендігі мен қарапайым халықпен жұмыс істеу шеберлігінің шектілігі мәселе мәнінің кері бағытқа бұрылуына тікелей ықпал етті.

Шын мәнінде, «Нұрлы көш» бағдарламасының шартты еңбекпен қамту жобасын іске асыруда (Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент аласындағы «Асар» ықшам ауданынан басқа жерде) оралмандардың  көпшілігіне олардың кірістерінің жоқтығынан немесе жеткіліксіздігінен ипотекалық несиелендіру тетіктерінің қол жетімсіздігі көрініс тапты.
Келіп жатқан жəне «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысуға тілек білдірген оралмандардың көпшілігінде ұсынылған жоғары жалақылы жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру үшін қажетті мамандығы мен біліктілігі аз болды. Екінші жағынан жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаны əзірлеу жəне жобаларды іске асыруға өтінім берген кезде, өздері мəлімдеген жұмыс орындарының жеткілікті санын ашу мен талап етілген сапасын қамтамасыз ете алмады. Мысалға, 2010 жылы басталған Ақтөбе облысындағы пилоттық жоба бойынша салынған 300 пəтердің 271 пəтеріне немесе 90%-на ешкім қоныстанбаған, ШҚО-да 363 үйдің 170-не немесе 47%-на ешкім қоныстанбаған. 2009 жылғы пилоттық жобалар бойынша да проблемалар сақталуда — Ақмола облысы бойынша 276 үйдің 257-сіне ғана қоныстанған, ал Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында жоспарланған 200 пəтердің 100 пəтеріне ешкім қоныстана алмаған.

Мұның бәрі өңірлерді əлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік мүдделерін ескере отырып, оралмандарды қоныстандыру процесін реттеу үшін əкімшілік жəне ынталандырушы сипаттағы айқын тетіктерді белгілеу қажеттілігін айқын ұғындырды. Осы тұрғыдан қарағанда үкіметтің алдында алдағы уақытта шет елден көшіп келетін қандастырымыздың қазақстандық қазіргі қоғамға тезірек сіңісіп  кетуін қамтамасыз ету үшін бұрынғы «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта қарап, жетілдірген түрде жаңғырту қажеттілігінің туындап отырғандығын көрсетеді.

Ғасырлар қойнауынан суырылған қазақ көші талай өр-еңістерді, жауын-шашынды басынан кешіріп керуенін талай доғарып, атандарын талай рет қайта қомдаған болатын. Ойпаң жерге азырақ аялдаған бүгінгі «Нұрлы көш»-те ғасыр қайқаңына қарай бет түзеп, өзінің жазиралы жасыл қойнауына керегесін қайта жаяды деген үміттеміз. Аты айтып тұрғандай, қазақтың «Нұрлы көші», әрине, нұрлы болуға қақылы. Ел басы бастаған игі бастаманың аяқсыз қалмайтынына кәміл сенеміз!

Abai.kz