АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жағдай бізді салалық журналистиканы дамытуға итермелеп отыр

Кеше Астанада мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы бұқаралық ақпарат құрал¬дарында діни тақырыпты жариялау бойынша әдіс¬темелік кеңес отырысын өткізді. Түрлі ұсыныстар мен көзқарастар ортаға салынған жиында ақыл да айтылмай қалмады. Жалпы дін тақырыбы өте нәзік мәселе екені жиі қайталанады. Оған аса бір сақтық қажет. Осы мәселе төңірегіндегі ойыммен бөліскім келдіБіріншіден, бізде мемлекеттік органдардың, саяси, экономикалық, әлеуметтік зерттеу орталықтарының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы жоғары деңгейде. Кейінгі кезде түрлі зерттеулер, рейтингтер тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де беріліп жүр. Бұл өз кезегінде аталған салалардың ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуына ықпал етіп отыр.

Саясаттанушылардың бір-бір зерттеу орталықтары бар десек те артық айтқанымыз емес. Мемлекеттен тендер алу үшін құрылғандары болса да, тапсырыс орындаудан аса алмай отырса да, әйтеуір, осы саланың алға жылжуына белгілі бір деңгейде ықпал етіп отыр. Ал, енді дәл осындай діни зерттеу орталықтары жайында аз еститініміз жасырын емес. Мемлекеттік орталықтардың жиындар өткізетіні болмаса, жекелеген дінтанушылардың орталық құрып қызу жұмыс істеп жатқаны байқалмайды. Өкінішке қарай, біздегі діни зерттеу орталықтарының жұмысы әлсіздеу.

Дін тақырыбында елімізге танымал азын-аулақ саясаттанушылардың пікіріне сүйеніп жүргеніміз осының айқын дәлелі. Егер сол дін саласын зерттеушілердің қатары көбейсе, ақпарат құралдарымен ынтымақтастық орнатса, біз сапасы жоғары сараптамалық діни материалдарды оқырманға ұсына аламыз деп ойлаймын.

Екіншіден, қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы діни тақырыптар қамтылмай жатқан жоқ. Тіпті, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып жатыр. Бірақ бәрі керемет деп көз жұма қарауға болмайды. Қоғамда түрлі ағымдардың, тіпті, Ислам дініндегілердің басы біріге бермейтіні жасырын емес. Бірін бірі мойындамайтын, тәкаппар жастар бар. Сәйкесінше, сол жастардың арасында қолына қалам ұстаған журналистер де жоқ емес. Демек, қолындағы қаламды пайдалану арқылы субъективті пікірін мыңдаған оқырманға таңатыны анық. Саясатта, экономикада плюрализмнің болуы заңдылық. Алайда, дінге келгенде пікір алуандылығынан сақтануы¬мыз қажет деген пікірдемін.

Меніңше, аталған проблемаларды шешу жолда¬ры ретінде мынадай қадамға барған дұрыс сияқты.

Еліміздің іргерлі оқу орындарында дінтану бойынша мамандар даярланады. Алайда, сол мамандыққа көбінесе дін жолындағы жастар келеді. «Дінтану дегеніміз – имам дайындайтын орын» деген стереотип бар. Алдымен оның ғылым екенін түсіндіру жұмыстары қолға алыну керек. Әйтпесе бір исламның ішінде әртүрлі ағымдарға бөлініп бірін-бірі мойындамайтын жастар буддизм, христиан діндеріне көңіл бөліп оқиды дегенге сену қиын.

Дінтану мамандығы бойынша білім алатын жастарды жай оқытып қана қоймай, оларды жазу-сызуға да баулу керек. Жаттанды ғылыми мақа¬лалармен ғана шектелмей, өзіндік жеке пайымдарын публицистикалық мақалалар арқылы жеткізуді үйретсе артық етпейді. Тіпті жеке пән ретінде енгізілсе де болады.

Бұл мәселені шешудің екінші жағы – салалық журналистиканы дамыту. Яғни, журналистика маман¬дығында білім алатын студенттерге дінтану, саясаттану, экономика, т.б. ғылым салалары тереңірек оқытылғаны жөн деп есептеймін. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптар ғана емес, саяси, экономикалық, мәдени өмірді жеткізуде кәсіби сараптамалар жеткіліксіз. Музыкадан хабары жоқ журналист әншілерден сұхбат алады, спорт әлемін терең білмейтін адам спортты насихаттайды. Сапалы дүние шығарына сенесіз бе?

Ойды ой қозғайды демекші, бұрыннан есімнен кетпей жүрген мына бір жайтпен де бөлісе кетейін. Қазақстанда әлемнің өзге елдерімен салыстырғанда саяси ғылымдар даму жағынан кенже қалған. КСРО кезінде буржуазиялық ғылым ретінде танылған саясаттануды оқытуға тыйым салынды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қана жоғары оқу орындарында саясаттану пәні оқытыла бастады. Оның өзінде орыс тілінде әрі ресейлік ғалымдардың дайын оқулықтарымен үйретілді. Саясаттану мамандығында тек қана 2000 жылдан бастап қазақ бөлімі студенттер қабылдай бастады.

Саясаттану мамандығын тәмәмдаған түлектер университет дипломымен мемлекеттік қызмет орын¬дарында, саяси партияларда, түрлі зерттеу институттарымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында да жұмыс істей алады. Алайда, еліміздің ірі оқу орындарының өзінде саясаттану орыс тіліндегі әдебиеттермен үстірт оқытылады. Тіпті, осы мамандық бойынша білім алып жатқан студенттерге жазу-сызуды, зерттеп-сараптауды үйретпейді. Дәл жоғарыдағы сияқты журналистика факультетінде де саяси тақырыпта мәселе қаузауды, жазуды, сараптамалық материалдар әзірлеуге баулыйтын курстар жоқ.

Қазір елімізде түрлі ақпарат құралдары экстремистік деген атауға ие болып жатыр. Әрине, саяси тақырыпта жазатын кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі – әртүрлі пиғылдағы саяси топтардың оң жамбасына келді. Объективті зерттеуді үйренбеген, тек эмоцияға берілгіш журналистер көп жағдайда мәселені біржақты етіп көрсетіп жатады. Бұл белгілі бір саяси топтың мүддесіне сай келуі мүмкін. Алайда, ұлттық қауіпсіздікке, елдің бірлігіне келгенде бұл өте қауіпті екенін уақыт көрсетіп жатыр.

Сондықтан саясаттану мамандығындағы студенттерге объективті зерттеу арқылы ақпарат, сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар әзірлеу қабілеттілігін арттыратын арнайы пән енгізіп, курс ашу аса қажет сияқты.

Қалай десек те, нарыққа бейім кәсіби мамандарды даярлауды ойласақ, салалық журналистиканы дамыту уақыт күттірмейді. Бұл қазақ журналистикасына қатысты қалыптасқан қасаң ойларға тосқауыл бола алады деп ойлаймын.

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

http://www.ulttimes.kz/