Қазір қолдан ақша жасайтындардың заманы туып тұр. Осыған орай Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі елді елең еткізерлік деректерді мәлім етті. Ал жалған ақша республикамыздың қай өңірінде көп жасалады?
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметі мәлім еткендей, жалған ақшаны ең көп жасайтындар Астана мен Алматы қалаларында екен. Енді қолдан жалған ақша жасаумен айналысатындардың әрекетіне тойтарыс беру мақсатында Қаржы полициясы кешенді шаралар қабылдап жатқанға ұқсайды. Осыған орай енді жалған ақшаларды ақпараттық-талдамалық есепке алу базасы құрылатын болды. Ал мұндай жалған ақшалар, негізінен, қандай теңгелерді құрайды. Қаржы полициясы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ең көп жасалатын жалған ақшалар ескі нұсқадағы 2 мың мен 10 мыңдық теңгелер екен.
Жедел-әрекет ету, тексеру жұмыстарының барысында 2012 жылы Қаржы полициясы органдары 15 жасырын цех жұмысына тосқауыл қойып, жалған ақша жасап, сатуға қатысты 2878 қылмыстық іс қозғаған көрінеді. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда, 5 есеге артық көрсеткішпен болып шыққан. Қаржы полициясының мәліметтерінше, осы уақытқа дейін жалпы номиналдық құны 40 млн теңге болатын 7 мың жалған ақша банкноттары тәркіленген. Тексеру шараларының нәтижесінде Ұлттық валюта түрінде жасалған 6640 дана ақша алынып, оның жалпы жиынтығы 34,6 млн құраған көрінеді. Сонымен қатар 335 дана 100 долларлық жалған АҚШ банкноттары алынды