Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Қазір түркі бірлігі мәселесі көтеріліп жатыр. Ел ішінде Орта Азия елдері одағы туралы қызу пікірталас саябырси бастады. Бұл біздің жалпы азиялық деңгейден жалпы түріктік, одан қалса, кешегі Тұрар Рысқұлов армандаған тұрандық деңгейге көтерілгенімізді аңғарта ма? – Өкінішті, алайда шынында да біз Орталық Азия елдері одағы туралы тәтті арманнан кейін шегініп бара жатырмыз. 1990 жылдардың екінші жартысы, 2000 жылдардың басындағы жылымықтың өзі қазір арманға айналды. Өзара сауда айналымы көңіл көншітпейді, кедергілер азаюдың орнына, тіпті көбейіп кетті. Одан бөлек өзбек пен тәжік, өзбек пен қырғыз арасында қанды қақтығыстар да бой көрсете бастады. Тұрмыстық деңгей деп қабылдасақ та саяси мәні бар қақтығыстар да көбейіп барады. Тіпті өзара түсіністікті қалыптастырушы ортақ ақпараттық кеңістік те жоқ. Бұл тұрғыда, мәселен, Қазақстанның нақты үлесі ретінде жалпыаймақтық телеарна ашуға болар еді. Ол үшін барлық ұйымдастырушылық, қаржылық мүмкіндіктер жетерлік. Сөзіме тиек, осыдан он бес жыл бұрын шынашақтай Катар мемлекеті жалпыарабтық «Әл-Жазира» атты ғарыштық телеарнаның тұсауын кесті. Бүгінде осы телеарна Батыстың ең белді деген CNN немесе BBC арналарынан асып кеткені былай тұрсын, араб қауымдастығының бірігуінің, тұтастығының маңызды факторына айналып отыр. Бізде ше? Орталық Азияға ғана емес, жарты әлемге тарайтын жалғыз ғана ғарыштық телеарнамыз бар. Оның мазмұндық не сапалық жағын былай қояйық, ұзақ жылдар бойында ол Қазақстанға еш қатысы жоқ «Caspіonet» деген атаумен жұмыс істеп келді. Таяуда ғана оның атауы өзгертіліп, ендігі ретте телеарна «Kazakh TV» деп аталатын болды. Бірақ бұл да қате, өйткені «Қазақ» атауы ағылшын тілінде «Qazaq» деп беріледі. Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Егер арнаны керегінше жасақтап, кәсіби отандық ұлтжанды мамандарды жұмылдыратын болса, Қазақстанмен қатар бүкіл аймаққа игі қызмет атқарар еді. Бұл – бір. Екіншіден, біздің аймақты күллі әлемге танытудың мықты тетігіне айналар еді. Үшіншіден, Ресей БАҚ-тарының жетегінде жүрмей, өзіміздің сапалы да бәсекелестікке қабілетті ақпараттық кеңістікті құруға септігін тигізер еді. – Саясаттанушылар «Орталық Азия елдерінің бір-бірімен табыса алмай отырғанына саясаттанушылар, журналистер кінәлі. Олар қазақ пен ұйғыр, өзбек немесе қырғыз бен өзбек арасындағы тұрмыстық деңгейдегі түсінбестіктерге саяси рең беруге асығып тұрады» десе, саясаттанушы Айдос Сарым: «біз оларды бөле-жармай бауырымызға тартайық» дейді. – Олармен ішінара болса да келісемін. Мүмкін тым бадырайтып көрсете берудің де қажеті жоқ шығар. Қытайдан немесе Ресейден жұмыс күшін тасығанша өзбектен немесе қырғыздан тасығанымыз да дұрыс шығар. Мәдени байланыстар шеңберінде де біраз жұмыстар атқару қажет. Бұл біздің халықтарымыздың бір-бірін жақсы тануына жол ашар еді. Бірақ мұның бәрін мемлекеттік келісімдер шеңберінде өркениетті түрде қолға алу қажет. Бізге көршілерімізді жете білу қажет. Иә, тарихымызда бейбіт араласқан шақтарымыз да, найза түйістіріп шайқасқан кездеріміз де болды. Алайда бұл біздің тарихымыз, оған құрметпен қараған абзал. Бірақ тарих тағылымы дегеніміз оған жүгініп, кекшілдікке, жікшілдікке бой алдыру емес. Қайтадан Еуропаны мысалға алайық. Жаратылысынан бері сан ғасыр олар бір-бірімен керісіп, соғыстан көз ашпай келді емес пе?! Тіпті өткен ХХ ғасырда 80 миллион адамның өмірін жұтқан Бірінші, одан кейін Екінші дүниежүзілік соғысты айтса да жеткілікті ғой. Солай бола тұрса да, Еуропа өткенінен тиісті сабақ алып, әлемнің ең дамыған, ең қуатты әрі қауіпсіз аймағына айналып отыр. Көршілерімізді әлбетте білуіміз керек, оларға менменшілдікпен емес, сыйластықпен қарағанымыз абзал. Тіпті әлеуетіміз молырақ болғандықтан, жомарттық танытып, кейде қол ұшын бергенді орынды деп санаймын. Біздің ел ЕҚЫҰ төрағасы болып тұрған кезде қырғыз бауырларымызға бірінші болып көмек қолын создық. ЕҚЫҰ төрағасы емес, түбі, тегі бір бауыр ретінде. Мұны әлемдік қауымдастық көріп, біліп отыр. Өмір болғаннан кейін арада түрлі даулы мәселелердің пайда болуы заңды нәрсе. Оларды одан әрі ушықтырмай, керісінше жалпының мүддесінен шығатын шешімдерді іздеу керек. Саяси ұмтылыс болса, өзара сенім ұяласа, қандай да қиындықтардың алдын алуға құдіреттіміз. Біріміз бай, біріміз кедей, біреу артық, біреу кем дегеннен түк шықпайды. Әркім көрпені өзіне қарай тарта бергеннен тасымыз өрге домаламайды. Бір-бірімен түсінбеушілік ұлттар ғана емес, бір анадан туған бауырлар арасында болады. Бірақ оның бәрі сыртқа шықпай, қара шаңырақ аясында шешіліп жатады. Сондықтан, біз – Орталық Азиядағы бес мемлекет түсінбестікті емес, татулыққа үндейтін шуақты тұстарды көптеп айтуымыз керек. Ең бастысы, туыстас халықтардың арасына іріткі салуға бейім тұратын сырт күштердің дегенін жүзеге асыруына өзіміз себепкер болмасақ деймін. – Мүмкін алдағы уақытта Орталық Азия елдері журналистерінің, саясаттанушыларының альянсын құрудың кезі келген шығар. Сіздің өзбек елінде немесе қырғызда ашық-жарқын әңгіме құра алатын саясаттанушы, журналист досыңыз бар ма? – Өзбектерде, қырғыздарда достарым да, әріптестерім де жетерлік. Араласып тұрамыз. Алайда әр елдің өзіне тән ерекшеліктері болады ғой, солардың ішінде мәселен, саясаттану саласында өзбек ағайындар ресми насихатқа бұрылып тұрады. Түрiкмен әріптестерімнен де соны байқаймын. – Құранда «әуелі анаңды, еліңнің патшасын сыйла» дейді. Олар мүмкін сол үрдістен аса алмайтын шығар. Мұны теріс деп кім айта алады? – Олар бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істеудің кезі келгенін, бұл біздің халықтарымыздың болашағына қызмет ететінін, біздің елдеріміздің болашағы аймақтық интеграцияда, бұған балама жоқтығын біледі. Мысалы, қырғыз саясаттанушылары интеграцияға балама жоқ десе, тәжіктер оған тым жақын емес. Өзбекстандық әріптестеріміз бір-бірімізден кете алмайтынымызды түсінді. Олар бізді «ортақ интеграция ғана дағдарыстың да, сыртқы экспансияның да тырнағынан алып шыға алады» дейді. Бірақ бір кедергі бар. Осыдан ешкім аттап кетсе болмайды. Мүмкін бұл ретте журналистердің көмегіне жүгінуге тура келетін шығар. – Енді аймақтық мәселеден өз елімізге оралайықшы. Саясаттанушыларымызды «әртараптандыру» мәселесіне қалай қарайсыз? Бізде ғарыш мәселесіне де, дін тақырыбына да, тіпті ішкі саясат тақырыбына да түсініктеме бере беретін саясаттанушылар тобы қалыптасып келе жатыр. Бірақ тым аз. Ал Ресейде әр саланың өз маманы бар. Мысалы, Юрий Солобозов Алексей Власовтың қорасына түспейді. «Бұл менің тақырыбым емес» деп сыпайы түрде сұрағыңызға жауап беруден бас тартады. Мұндай ұстанымды грузин, армян, түрік саясаттанушыларынан да байқадым. – Саясат ең алдымен мүмкіндіктер өнері болып табылады. Ол мүмкіндіктерді зерделеп, терең сараптап барып шешім қабылдаса, бағың жанады, керісінше болса, ұтыласың. Сондықтан да ертеңін ойлайтын ел саясаттану саласын дамытуға, ащы болса да, шындықты айтатын, дер кезінде кеңестері мен сараптамаларымен бөлісетін орталықтарды құруға зор көңіл бөледі. Сондай-ақ ол орталықтардың барынша тәуелсіз болуына жағдай жасайды. Себебі тәуелді сарапшы ешқашан өз ойын ашық айта алмайды. Рас, Қазақстанда мемлекет қаржыландыратын бірқатар зерттеу орталықтары бар. Бірақ бағанағы тәуелділік демекші, кей кездері олар шынайы әрі әділ бағасын бергеннен гөрі, бастықтардың құлағына жылы естілетін шаруалармен шектеледі. Дос Көшім, Айдос Сарым, Досым Сәтпаев, Андрей Чеботарев сынды мықты саясаттанушыларға келсек, олардың жазғандары, құнды пікірлері мен ұсыныстары, әдетте, билік тарапынан елеусіз қалады. Мәселен, Ресеймен арада Кедендік одақ құрудың алдында отандық сарапшылар оның келеңсіз тұстары жайлы қанша ескертті. 1990 жылдардың өзінде діни экстремизмнің бой көтеріп келе жатқаны, лаңкестік қауіп-қатердің төнетіні төңірегінде қаншама құлаққағыс жасады. Сондағысы жай ғана ескертіп қоймай, тәуекелдердің алдын алатын оңтайлы жолдарды, ұтымды әдістерді ұсынды. Өкініштісі, сол сөз жүзінде қалды. Бұдан сабақ алуымыз керек. Ендігі бір осал жағымыз – Орталық жиі отандық емес, шетелдік саясаттанушылар, журналистер не имидж-мейкерлердің сөзіне ден қояды. Соларды керемет, ақылды, Қазақстанды қазақтан артық біледі деп санайды. Оларды тартудағы қаржы мәселесін былай қойғанда, ұсынылатын саяси ақпараттар мен талдаулар үстіртін, шындықтан алыстау, біржақты болып жатқан себебі де сол. – Саяси науқан қарсаңында елдегі саясаттанушылар: «саяси элитаны жаңғырту қажет, үкімет, саяси элита тың күштермен толығу қажет» деген пікірлерді жиі айта бастайды. Мұндай қажеттіліктің Ресейде де өзекті екенін ресейлік сарапшы Алексей Власов та мойындайды. Елдегі саяси реформа және саяси элитаның тың күштермен толығуы қалай жүруде? – Бүгінде кеңестік дәуірдегі ұлттық мәселе төңірегінде номенклатуралық элитаның қоғамдық-саяси қызметіне сараптамалық талдау жасау, кеңестік режимнің идеологиясы мен саяси іс-тәжірибесінің астарлы қырына көңіл аудару және қазірде сол дәуірден мұрагерлікке қалған мәселелердің мәнін тереңнен тануға мүмкіндік береді. КСРО-да орын алған осы ұлтаралық қатынастардағы үрдістерге саяси баға беруде зерттеушілер арасында ортақ көзқарастардың жоқтығы қиындықтар туғызуда. Аталған мәселеге екі түрлі, тіптен қарама-қайшы көзқарас кең таралған. Оның біріншісі: «Коммунистік партияның ұлттық саясаты, негізінен, КСРО-дағы барлық орыс емес ұлт өкілдерінің этникалық ерекшеліктерін жоюға бағытталып, мазмұны жағынан бұған дейінгі патшалық Ресейдің империялық пиғылының жалғасы еді» десе, екінші көзқарасты жақтаушы «КСРО-ның ұлттық арнадағы саясаты, интернационалистік ұранның басымдығына қарамастан, ұлтшылдықты одан әрі күшейте отырып, кейбір жағдайларда тіптен ұлттардың қалыптасуына алғышарттар қалады» дейді. Саясаттану ғылымында аса өзекті тақырып төңірегінде зерттеушілер арасында осындай мазмұнда ортақ көзқарастың жоқтығы, ұлт терминімен анықталатын ұғымның феноменін әртүрлі мазмұнда түсінушілік жатыр. Сондықтан да ұлттық мәселені теориялық негізде талдауда мұндай әртүрліліктің болуы және өткен ұлтаралық қатынастардың казіргі күнде саяси-әлеуметтік жағынан өзектілігінің өсе түсуі – бұл тақырыпты жан-жақты талдау жасауды талап етеді. Кез келген өркениетті елде саяси элита сайлау арқылы, парламенттегі дискуссиялар арқылы жаңғырып отыру керек. Тіпті демократияландыру саласындағы мешеу Қытайды алып қараңыз, соңғы жарты ғасырда ондағы басшылардың бесінші толқыны келді билік басына. Орталық Азия елдерінде бұл үрдіс кешеуілдеп жатыр. Алға жылжушылық болса да, консервация басым әзірге. 1990 жылы билік басына келген жастарды дағдарыс менеджерлері деп айтуға болады. Олардың қатарында Ораз Жандосов, Сауат Мыңбаев, Өмірзақ Шөкеевтер бар. Екінші толқын қатарында Қайрат Келімбетов, Нұрлан Қаппаровтарды, ал үшінші толқын өкілдерінен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті айтуға болады. Әзірге үшінші толқынның көшін Бауыржан Байбек бастап тұр. Олардың қатары тым аз. Олардың қатары алдағы уақытта жаңа есімдермен толығатынына сенемін. Себебі үшінші толқынның көші енді басталды. – Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы Астана – аймақ ротациясы болды. Соның нәтижесінде аймақтық деңгейдегі басшыларымыз Нұрлан Нығматулин, Асқар Мәмин, Серік Ахметов, Бақытжан Сағынтаевтар ел таныған тұлғаларға айналды. «Болашақ бағдарламасы» – Ақ Орда ротациясы «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жолын ашты. Бұл – саяси элитаны жаңғыртуға бағытталған реформаның жемісі. Солай емес пе? – Реформалар тым бәсең, батылдық тапшы. Билік басына келген тұлғалардың бәрі саясатты айқындамайды, көбісі – менеджер. Олар өздерін саяси қызметкер емес, Елбасымыздың көмекшісі, орындаушы ғана деп таниды. Демек, біздегі саяси элита қоғам алдындағы саяси-әлеуметтік жауапкершіліктерін толыққанды сезініп үлгермеген тәрізді. Жаңсақ болса да, қоғамда сондай түсінік қалыптасып қалған. Өмір бір орында тұрмайды. Демек, сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі ілгерілеу қажет, әйтпесе артқа шегінеміз. Сонымен қатар саясаткердің қоғамдағы орны жасымен өлшенбейді. Бір-бірін толықтырып отыратын мүмкіндік тапқан дұрыс. – Сіз өткен аптада фейсбуктегі парақшаңызда «30 жасқа толар-толмас уақытта маған лауазымды қызметтер ұсынды. Араб елдерінде дипломатиялық корпуста жұмыс істедім. Бірақ өкінбеймін» деген ойыңызға кейбір замандастарыңыз «Әрине, өкінесіз. Бұл айтып отырғаныңыз – ностальгия» деп жауап беріпті. Мемлекеттік қызметтен ертерек қол үзгеніңізге өкініш жоқ па? – Жоқ. Бұл менің өз таңдауым. Бір жағынан көңілім қалды, екінші жағынан туған елге оралып, бір азаматтың ісін тындырып жүрмін деп санаймын. Ешкімге кіріптар, тәуелді емеспін, мұны да зор дәулет деп білемін. – Жалпы, бізде тәуелсіз саясаттанушыларды кім қаржыландырады? Мысалы, сіз мемлекеттің балансындағы институттарда жұмыс істемейсіз. Сіздің қаржы көзіңіз қайдан келеді? – Шүкір, жағдайым ешкімнен кем емес. Кейде отбасыма, жеке басыма уақыт бөлуге мұршам болмай қалады. Қазір бір үлкен еңбекке кірісіп кеттім. Одан бөлек, студенттерге сабақ беремін. Қазіргі басты дүние саяси тәуелсіздігімді белгілі бір күштерге кіріптар болудан сақтап қалу. Барлығымыз үшін елдің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Өз басым қандай да сыртқы күштердің де, халықаралық қорлардан да тәуелсізбін. – Қазаққа, оның тіліне, ұлттық құндылықтарына қарсы шығатындардың саны күн өткен сайын азайып келеді. Бірақ «мылтықсыз майдан» жағдайына көшкені аңғарылып тұрады. Ел аузында «Ресей ТМД кеңістігіндегі БАҚ-ты қаржыландыруға біраз қаржы бөлді» деген сөз гулеп жүр. – Сырт көзге солай көрінетіні рас. Бірақ тіл, ұлттық құндылықтар турасындағы мәселе мылтықсыз майдан жағдайына көшті. Ал БАҚ-тағы керітартпа мақалалар – түрлері қазақ, іштері «қуыс» мәңгүрттердің соңғы жанайқайлары. Біз оларға биік рухымыз арқылы ғана тойтарыс бере аламыз. Қазақ тілі Қазақстанда үстемдік құрса, өздерінің ешкімге, ештеңеге керегі жоқ боп қалатынын олар жақсы біледі. Бұл басқаларға да аян. Меніңше, орыстілді қандастардың ана тілін білмеуіне кезіндегі олардың тәрбиесі, араласатын ортасы ықпал етті. Ол үшін олар кінәлі емес. Алайда тәуелсіздік алған 21 жылда туған жерінің тілін меңгермегені – олардың үлкен қателігі. Жалғыз тіл білу жеткіліксіз, сана-сезім қазақы болуы тиіс. Жүрегің «қазақ» деп соғуы керек. Ұлтына топырақ шашатындардың саны азаймай, қазақылыққа бет бұрмауы – бойларындағы қазақы сезімнен айырылып қалғандығының көрінісі. Шыңғыс Айтматовша айтсақ, мәңгүрттене бастауы. Қазір елімізде шет мемлекеттерден қаржыландырылатын және сол елдердің сойылын соғатын бұқаралық ақпарат құралдары бар. Олар ұлттық құндылықтарын мойындағысы келмейтін мәңгүрт қазақтарды пайдалана отырып, қазақ қоғамын іштен ірітуді, қазақ тілінің дамуына кедергі жасауды мақсат тұтады. Сақ болсақ, осыған сақ болайық. – Сіз бір сұхбатыңызда «Бірақ бізді алаңдататыны – мәңгүрттердің кесірлігі емес. Өйткені ерте ме, кеш пе өмір ондай керітартпаларды сабасына түсіреді. Алаңдайтынымыз, отандық ақпарат кеңістігіндегі ахуал» деген едіңіз. – Барлық орыстілді БАҚ-ты кінәлауға болмайды. Тек Отанының мүддесіне қайшы келетін ақпарат беруге құмар орталарды ғана тәртіпке шақырған жөн. Бұл – әлемдік тәжірибе. Осы жерде биліктің де кінәсі бар. Себебі Ата заңға қарсы шығатын, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін, әлеуметтік араздықты тудыруға тырысатын БАҚ өкілдерін, әсіресе, басшыларын заңды түрде жауапқа тарту арқылы тәубесіне келтіруге билік аса құлшынбайды. Қазақстандық БАҚ-тың сіз айтқандай екіге бөлінуі – ұлт мәселесін көтеретіндерге күйе жағып, арандатуға күш салатындардың әрекетінен айқын көрінеді. КСРО кезінде ұлт зиялыларының көпшілігінің болашақты көре білмеуінің салдарынан осындай олқылықтарға тап болдық. Меніңше, 30-жылдардағы нәубеттегідей «баласы әкесі үшін жауап беруге міндетті» емес. Балаларына ұлттық тәрбие беруге әке міндетті. Демек, ұядан ұшқаннан кейінгі ұлттық мәселеге, тіл мен ділге қатысты ой айтуда баланың іс-әрекетіне әкесі жауап беруі тиіс. – Сіз Алматыда туып-өстіңіз? Қай тілде білім алдыңыз? – Бір кездері бүкіл Алматы бойынша төрт-ақ қазақ мектебі бар еді. Оның екеуі – ауылдағы шопандардың балаларына арналған мектеп-интернат. Мені қазақ мектебіне бергісі келгенде әкем қанша қиындыққа тап болыпты. «Қазақ мектебіне берме, болашағы болмайды» деп қысым да жасалған. Бірақ табандылық танытқан әкем қалалық мектепте орын жетпегеннен кейін мектеп-интернатқа әрең орналастырды. Сондықтан болар, көптеген ақын-жазушыларымыздың баласын орыс мектебіне неге бергенін түсіне алмаймын. Олардың балалары енді әкелерінің шығармаларын түпнұсқадан емес, аударма арқылы оқуға мәжбүр. Ұят нәрсе. Мектептің аздығынан орысша оқуға мәжбүр болғандардың бойында ұлттық болмыс, ұлттық сана-сезім қалыптасса, ұлтқа қарсы сөз айтпас еді. – Елбасы халыққа Жолдауында қазақ ұлты мемлекетті ұйыстырушы ұлт екенін мойындағысы келмей жүргендердің есіне салды. Алдағы онжылдықтарда Қазақстан емес, Қазақ елі атанатынымызды айтып қуантып қойды. – Тәуелсіздігіміздің 21 жылында Елбасымызды қазақ ұлтының мемлекетті ұйыстырушы ұлт екенін тағы бір еске салуға жеткізбеуіміз керек еді. Елбасы осы сөзі арқылы «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деп сыртқа қарап жүргендерге ой салды. Қазақстанның мемлекет ретінде айбынын көтеретін қазақтың тілі мен мәдениеті. Бұл – әлемдік үрдіс. Мысалы, Францияда сол елдің азаматтары француз тілі мен мәдениетінің аясында топтасқан. Германияда, Ұлыбританияда, Жапонияда, Ресейде барлық жерде дәл солай. Бізде неге басқаша болу керек? Біздің неміз кем? Айтпағым, бізде де сондай үрдістер жүру керек. Сол кезде ғана қазақ тіліне қатысты сөз бен істің арасында сабақтастық орнайды. Бізде бәрі керісінше, барлық бөлінушілік тек қазақ ұлтының төңірегінде ғана орын алып отыр. Мысалы, аймаққа бөлінушілік – солтүстік, оңтүстік, батыс немесе шығыстық деген терминдер пайда бола бастады. Орыстілді қазақ немесе қазақтілді қазақ, қала қазағы немесе ауыл қазағы. Тіпті шеттен келген қазақтарға да «оралман» деп ен тағып үлгердік. Мұндай жікке бөлінушілік тек қазаққа ғана зиян екенін, біздің бірлігімізге, тіпті мемлекетіміздің біртұтастығына үлкен қауіп төндіретінін түсінер кез келіп жетті. Ол үшін билік қазақ тіліне немесе қазақ ұлты мәртебесіне байланысты барлық мәселелерді өз жауапкершілігіне алу керек. Қазақтың болашағын қазақ елінің болашағынан бөле-жара қарауға болмайды. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан |
http://www.aikyn.kz