АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Жамбыл ТВ» «қар жаудырады»

Ол кезде Жамбыл облысының болашақ «жұлдыздары» Мейрамбек 5паев пен «Бүркіт» әлі «балапан» болатын. Ол кезде әнші-сазгер Құрмаш Махан мен жиын-шара жобаларының «королевасы», іскер бойжеткен Айнұр Көпбасарова жоғары сыныптарда оқитын. Ол кезде Гаухар атты жергілікті жас қыздың аты-жөні «Гоха Ашкенази» емес еді. Дәл сол жылы дүниеге келген Динара 40баева атты нәрестенің «құрметіне» тұңғыш рет жергілікті облыстық телевизияны ашып тастадық. Бұл 1989 жылдың күзі болатын

КазГУ-ді жаңадан бітіріп, әлі ыстық-суығы басыла қоймаған жас мамансымақпын. Қалтамда су жаңа диплом, бойымда әлі бұзыла қоймаған адамгершілігім бар.

Әуе толқынына күн сайын кешкі 19.00 мен 20.00 аралығында шығамыз. Жобалардың бәрі дерлік тікелей эфирде өтеді. Үйреніп алған соң, оны да ойнап жүріп жасайтын шағымыз. «ТВ» деген аты дардай болғанмен бүкіл ұжымның күн сайын жабылып жүріп жасайтыны бір сағаттық эфир ғана… Басы екі тілдегі жергілікті жаңалықтармен басталып, ортасындағы тікелей эфирде түрлі бағдарламалар көрсетіліп, соңы облыстағы ертеңгі ауа-райы туралы болжамды хабарлаумен бітеді. Менің сол кездегі қызметтік телефонымды жергілікті көрермен жатқа білетін еді деуге болар еді. Өйткені, сол номерді анықтама ретінде жүгіртпе жазулар арасына қайта-қайта жіберіп, бір-біріне ұқсайтын тікелей эфирлер кезінде қойылатын сұрақтарды қабылдауға пайдаланып жататын. Бұл, сірә, менің кабинетімнің студияға жақын орналасқандығынан туған құбылыс болса керек. Сонымен, әдеттегідей «кезекшісымақ» кезім… Басым бос болғандықтан үйге қайтуға онша асыға да қоймайтынмын. Бір кезде эфир аяқтала сала алдымдағы қара телефон шыр ете қалды. Көтердім. Арғы жақтан 4-5 жасар баланың дауысы естілді.

– Әллө-ө-ө.

– Алло.

– Саламатсыз ба?

– Саламатпыз.

– Бұл Жамбыл облыстық «телевизор» ма?

– Иә, дәл таптыңыз, құрметті көрермен мырза! Жамбылдың облыстық «телевизорі» сізді аса ыждағаттылықпен тыңдап тұр. Бар назарымыз сізде…

Әлл-өө… Ертең қар жауғызыңдаршы. Біз ертең шана тебейік деп едік.

Кішкентай көрерменіміз әңгіме бітті дегендей трубкасын тастай салды. Алғашында ештеңе түсіне алмадым. Неге қар? Неге оны біз жаудырымыз керек? Жаздың аптап ыстығында тебілейін деп жатқан қандай шана? Бұл кімнің мазағы деген сауалдар сәл болмағанда ашуымды «оталдыра» жаздады. Артынша түсіне бастадым. Иә, баланың аты бала ғой. Ауа-райы жайлы мәлімет ертең күн ыстық болады деп хабарласа шынында да күн ысып, жаңбыр жауады десе келесі күні жаңбыр төпелеп жатқан соң, көк аспанның билігі облыстық телевизияның қолында деп шешкен болуы керек. «Жас жігіт» аппақ қарды қатты сағынған соң, бізге «заказ» беріп, «аспан айналып түскендей» «өртеніп тұрған» жаз ортасында қарды үйіп-төгіп жаудырып, мұз үстінде жақын достарымен шана ойнап, рахаттанбақ болған ғой шамасы… Содан бері 23 жыл өтіпті. Өзінің аты-жөні мен қызметін таныстырмағандықтан «қарға заказбергіш» баланың кім екенін біле алмадым. Ол қазір үп-үлкен жігіт болған шығар? Бұл жәйт оның есінде ме екен деп қоямын… Жазда қар жаудыру мәселесін қазір оның қалай шешіп жүргенін білмеймін, бірақ, қыс ауасында жүріп жазды сағынса «Дубайлата» салатынына күмәнім жоқ. Қазір (почти) мүмкін емес нәрсе қалмады ғой…

Серік АБАСОВ ФЕЙС-ПАРАҚША

http://www.ulttimes.kz