АЛТЫНОРДА
Новости

Жаңа қазақстандық патриотизмнің түп қазығы неде?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақстаным, менің! Осы бір қасиетті сөз айтылғанда жүрегіңіз кеу­де­ңізді тепкілеп, дүрсілдеп қоя бере ме? Көзіңізге жас алып тұрып «Қазақ мемлекеті үшін жаным да, арым да садаға…» деп бар пейіліңізбен айта аласыз ба? «Халқымның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» дей­тіндей рухыңыз бар ма? Маралтай ақын сынды «Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа, Қаламымды айырбастап қылышқа, Сенің қаның менің қаным болған соң, Ең бірінші мен кірермін ұрысқа» деп жүрек түкпіріндегі сырыңызды бар­шаға жариялай аласыз ба? Әрине, осы айтқандарымыз қолыңыздан келсе, сіз нағыз патриотсыз… Бүгінгі жаңа қа­зақ­стандық патриотизмнің түп қазығы осында жатыр деп білеміз.

 

Бірақ… 

Бірақ бар қазақ баласы, бар қазақстандықтың елім десе ет жүрегі елжірейді деп айта алмаймыз. Се­бебі бізге Тәуелсіздік жариялағаннан кейін де­реу ұлт­тық идеологияны қалыптастырып кету оңай бол­мады. Тегеурінді Коммунистік партия мен ке­ңес­тік ұрандарға имандай иланған жұрт­шылық неге сенерін, кімге сенерін білмей аб­ды­рап қал­ды. Осыны жақсы пайдаланған түрлі сая­си күштер, дінді жамылғы еткен діндарлар ді­лімізге жат салт-дәстүрді санамызға сіңіріп, ай­рандай ұйыған елдің бірлігін ірітуге жұмыс істей бас­та­ды. Бұл жайттар бізге жаңа қазақ­стан­дық па­триотизм қалыптастыру керек екенін аң­ғартты. Әри­не, ол патриотизмнің түп қазығы қа­лай қа­ғы­луы, іргетасы қалай бекуі, қандай ілім­ге не­гіз­деліп, неге бағытталуы керек деген се­кілді мә­се­лелер қоғам талқысына салынып, көп ай­тылды. Десе де…

Болашаққа сенім қажет

Осы патриотизмді сіңіру жайында айтылған сан­­сыз пікірлерді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның биылғы Жолдауы бір түйіндеп таста­ған­дай болды. Ол Жолдауында Елбасымыз: «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген аза­ма­ты ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді бо­ла­тындай саяси жүйе құруымыз керек», – дей келе: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз  сырт ел­ден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көре­тін­дей, өз жерінде  өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс», – деп қадап тұрып айтты. Яғни жаңа қазақстандық патрио­тизм­нің негізі болашаққа деген сенімнен бас­талады деген сөз. Сол болашаққа деген сенімге барлық этносты ұйыта білгеніміз жөн.

 Абай ОМАРОВ (коллаж)

Оны қандай жолдар арқылы жүзеге асы­руға болады? Біздің ойымызша, бі­рін­ші­ден, барлық этнос азаматтары құ­қық­тарының теңдігін сақтау, екіншіден, бі­реуге этностық қысым жасалса, онда бү­кіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп түсінетін сана қалыптасуы, үшіншіден, оқу­ға түсу, жұмысқа тұру және қызмет ба­бында өсу мәселелерін этностық белгі ар­қылы шешпеу, төртіншіден, ел азаматына де­ген өлшемді жоғары этика мен кә­сі­би­лікпен бағалау… Яғни осы ар­­қылы ғана әр азаматтың жүрегіне отан­шыл­дық рухты сіңіре аламыз.

Ол рух қазақ тілімен сусындап отыруы тиіс

Тәуелсіздігін алған кезде елдегі қа­зақ­тың саны 6,8 миллион, яғни Қазақстан хал­қының 41 пайызын құрап отырған бо­латын. Қазір қазақ ұлтының саны 11 мил­лионға жетіп, 65  пайыздан асты. Қазақтың саны 4 миллионға артты. Демек, бұл өсім түптің-түбінде қазақ халқының тілі кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналатынын көрсетеді. Оның сыртында 2025 жылға қарай қазақ­стан­дықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екенін жиі айтып жүрміз. Демек, біздің барлық отан­дастарымыз отаншылдық рухты сіңіріп, оны баянды етуді көздесе, ұлттық па­трио­тизм­нің, яғни жаңа қазақстандық па­трио­тизм­нің түп қазығы қазақ тілінде жатқанын мойындауы қажет.

Біздің бірлігімізді не арттырады?

Ұлттық патриотизмнің тамыры тілде жа­тыр дедік. Демек, мемлекеттік тіл еліміздің бейбітшілігі мен бірлігінің кепілі болуы тиіс. Ол үшін қазақстандық таным, қа­зақстандық түсінік, қазақстандық салт-са­на, қазақстандық мәдениет, қазақ­стан­дық әдебиет мемлекеттік тілдің негізінде жа­салуы тиіс. Се­бебі бүкіл әлемге ешбір елге ұқсамайтын тек қазақтың мәдениеті қажет. Біз бар ға­лам­ға Қазақ елі ретінде танылуды көздеп отыр­ған елміз. Яғни ұлттық бірлікті сақтау үшін бізге алдымен сырттан келген қауіптен қор­ғану керек. Екінші мәселе – сол бір­ліктің сақшысы, ұйытқысы болатын ұлтты ба­ғалай білгеніміз жөн. Мысалы, осы мем­лекеттің тарихи иесі, мемлекетті құрушы ұлт қазақ халқы екенін, мемлекеттің Тә­уел­сіз­дігі қазақ ұлтының тілі, діні, мәдениеті, салт-санасы негізінде ғана баянды бо­ла­тынын түсіндіре алуымыз қажет. Үшін­ші­ден, кез келген қазақстандық еліміздегі бар­лық диаспораның тілі мен мәдениетінің сақ­талуына, олардың ел басқаруына, де­путат болуына т.б. барлық жағдайда өздерін көрсетуге мүмкіндік берген мемлекетті құрмет тұтуы тиіс.

Ұлттық тұтастықтың кілті

«2050 жылғы Қазақстанда прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс» деп Жолдауда айтылған осы бір прогрессивті идеалдар қоғамын қалыптастыру үшін ұлт­тық тұтастық керек. Ол тұтастықты ұстап тұ­­ратын кімдер? Интеллигенция. Кеңестік ке­­зеңнің шекпенінен шыққан біздің ин­тел­ли­­генцияның айтарлықтай кемшіліктері бар. Ол – жершілдік, рушылдық. Бұл – тұ­тастықтың шаңырағын шайқалтатын бі­рінші дауыл… Екіншісі – сол интеллигенция өкіл­дері болып саналатын аты дардай жа­зу­шыларымыз, өнер қайраткерлері, жур­на­листер т.б. ел аузындағы азаматтарымыз түрлі діни ағымның жетегінде кетті. Бұл – тұтастықтың шаңырағын шайқалтатын екінші дауыл… Кейбір интеллигенция өкіл­дері сырттан келген қаржыға малданып, сырт­қы саяси күштердің сойылын соғып жүр. Бұл – үшінші дауыл… Бізге бұл да­уылдарда морт сынбау үшін не істеу керек? Ендігі мәселе осыған келіп тіреледі. Сон­дықтан да ұлттық патриотизмді халықтың са­насына сіңіретін сүзгі болуы тиіс. Сол сүзгіден өткен құндылық қана ұлттық тұтастықты сақтап қала алады.

 

Түйін

Тәуелсіз елміз, шекарамыз анық, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Мемлекеттік туымыз, теңгеміз, қысқасы, мемлекет үшін қажетті құндылықтың бәрі бар. Сол құндылықтарға сай патриотизмнің де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Қазақстанның Лондон Олимпиадасындағы 205 ұлттық құрама арасынан 12-орынды жеңіп алуы халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Әрине, мұны кез келген азамат мойындайды. Ендеше, осындай жетістіктеріміздің бәрін еліміздегі ынтымақтың арқасы, жаңа қазақстандық патриотизмнің көрінісі деп білейік…

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/main/42437/