Мемлекет ұғымы алғаш пайда болғаннан бастап адамдар санасын мінсіз мемлекет құру идеясы мазалап келеді. Кез келген адам өз қабілеті мен әрекетіне сай өмір сүруді қалайды. Билік, Үкімет, Парламент институттары осы қалаудан туған.
Елімізде жағдай жыл сайын жақсарып келеді. Әйткенмен, толғауы тоқсан мәселелер де аз емес. Жыл сайын орташа жалақы деңгейі жоғарылауда. 2007 жылы 45000 болса, 2012 жылы 98000. Бірақ бұл тек номиналды жалақының деңгейі ғана. Бұдан бес жыл бұрын тауарлар бағасы қандай еді, қазір қандай? Қазір мемлекет бағаны қадағалай алмайды. Мәселен, судың бағасы өсті. Одан кейін суды қажет ететін тауарлар бағасы қымбаттайды. Тауарлар бағасы өскен соң, адамдар да өз еңбегін қымбатырақ бағалайды. Осылайша ақша құнсыздана береді. Онымен қоса, жемқорлық, ел ақшасының қолды болуы, жалақының төленбеуі сияқты сансыз проблемалар тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің басқару тетіктері мен технологиясы ескірген деуге де негіз бар. Аталмыш технологиялар жоғарыдағы проблемаларды шешуге қауқарсыз. Бүгінгі технологияларды пайдаланып, «Жаңа медианы меңгерген мінсіз мемлекет моделін» жасап, қолдануға толық мүмкіндік бар. Бұл модель шығындарды мейлінше азайтып, жоғарыда айтылған адамдар көңіліндегі тілекті орындай алады. Оның қысқаша концепциясы төмендегідей.
Ең алдымен, мемлекеттегі жалғыз саудагер – мемлекеттің өзі болуы тиіс. Қазір елде жүздеген базарлар, мыңдаған сауда үйлері және дүкендер бар. Олардың іс жүргізу тәртібі қарапайым. Белгілі бір тауар (мысалы, жейде) 150 теңгемен «Барахолкаға» келді делік. Ол жерден өзге базарлар 300 теңгеден сатып алып, жейдені халыққа 600 теңгеден сатады. Соның салдарынан тауардың бағасы төрт есеге өсіп, елге жетеді. «Барахолкадағылар» көтерме бағада (300 теңгеден) тауарларын тек саудагерлерге сатады. Сол себепті, «Барахолканың» да, жай базарлардың да саудасы жақсы. Саудагерлер көбірек пайда алу үшін тауар бағасын арзандатып, көп тұтынушы жинауға тырыспайды. Олар тек тауар бағасын қымбаттатады. Шынында, 450 теңгеден екі жейде сатқаннан 600 теңгеге бір жейде сатқан артық емес пе (екеуінде де пайда 300 теңге)?! Бұл жалғыз жейдеге қатысты емес. Барлық тауарлар осылай бірнеше қолдан өтеді (бірнеше есе қымбаттайды). Яғни, халық өзін-өзі алдауда. Өкінішке қарай, сауданы кәсіп еткендер саны өте көп. Кейбір сауда үйлері жейдені бірнеше он мыңға бағалайды. Иә, сапасында айырмашылық болуы мүмкін. Бірақ ол жейде де матадан тігілді емес пе?! Әңгіме басқада. Ол сауда үйінің иесі қарапайым саудагерден әлдеқайда көбірек пайда табуы керек, сауда үйін тұрғызуға, сәндеуге, күнделікті шығындарын өтеуге кететін қаржыны қайдан алады? Мұның бәрі тауар бағасының жоғарылауына әкеп соқпай ма?! Егер мемлекет өндіріс орындары мен халық арасындағы жалғыз саудагер болса, тауар қолжетімді болар еді. Мемлекет тауарлар бағасын қадағалай алар еді. Оны жүзеге асыру үшін мемлекетке интернет-дүкен секілді қызмет түрі қажет. Яғни ел аумағында тауар сақтайтын қоймалар орналастырылып, ондағы тауарлар интернеттегі порталда көрсетілуі керек. Мәселен, мен жоғарыда айтылған жейдені сатып алғым келсе, интернетке кіріп, оның адам денесінде қалай тұратынын көріп, тапсырыс беремін. Жейде менің ауданымдағы қоймадан жеткізіледі. Осы арқылы делдалдыққа кететін еңбекті, уақытты, адам ресурстарын, басқа да миллиардтаған долларға бағаланатын ресурстарды үнемдеп, оның жаңа құн, жаңа тауар (материалдық, рухани) өндіруге бағытталуы қамтамасыз етіледі. Соған сай жейденің бағасы 600 емес, 200 теңге болады (қоймадағы жұмыс күшіне, жарық, жылу, транспорт сияқты өзге де ресурстарға кеткен шығындар ескеріле отырып). Бұл тәсілмен мемлекет ешқашан шығынға ұшырамайды, керісінше адамдардың бірін-бірі алдауын тоқтатып, жаңа игіліктердің өндірілуіне жол ашады. Бұл тек сатуға қатысты. Онымен қоса, мемлекет жалғыз сатып алушы да. Бұл өндіріс орындарының өркендеуіне жол ашады. Демек елдегі импорт пен экспортты мемлекет жүзеге асырады. Бұл кеденге, саудаға байланысты барлық заңсыздықтарды жояды. Тауарларды сатып алу барысында сапа мен бағаның әртүрлілігіне баса назар аудару қажет. Тауар бағасының өсуіне тауарды жарнамалауға кеткен шығындар да көп үлес қосады. Сондықтан тауар жарнамалауға тыйым салу керек. Себебі жарнама жаңа құн, жаңа тауар өндірмейді. Түрлі ұтыстар да соның ішінде. «Тауарды қалай таңдайды?» деген сауал тууы заңды. Бәрі оп-оңай: тауардың сатылу деңгейін ашық көрсетіп қою қажет. Ең көп алынғаны – ең тиімдісі. Тұтынушыларға пікір қалдыру, бағалау мүмкіндігі берілсе, бәрі де анық көрініп тұратын болады. Жаңа тауар туралы мәліметтер бөлек берілгені жөн. Жаңа тауар шығысымен оны бағалаушылар табылады. Әр тауарға мамандар пікірін де қосуға болады. Бұл әрекеттерді жүзеге асыру барысында ақшаның қолды болу қаупі жоғары әрі оны пайдалану да тиімсіз. Сондықтан ақшаның орнына электронды ақша қолданылады. Бұл да ақшаны жасауға, қорғауға, сақтауға, жеткізуге кететін шығындарды жояды. Ақшаға қатысты кез келген операция мемлекет арқылы, яғни мемлекет қызмет көрсететін интернет портал арқылы жүзеге асады. Тиісінше, банктердің ешқандай қажеті жоқ. Банктерге кеткен ресурстар да адам игілігіне бағытталады. Несиені мемлекет беретін болады. Бұл жүйеде адамдар ақшасы интернеттегі шоттарда болады. Оны электронды банк деуге де болады. Барлығы виртуалды, артық шығынсыз. Адам мен мемлекет порталы арасында өте жоғары деңгейде қорғалған байланыс болуы керек. Осы арқылы заңсыз әрекеттердің 80-90 пайызын жоюға болады. Себебі заңсыздықтардың дерлік барлығы ақшамен тікелей байланысты. Кез келген ақшаға қатысты әрекет мемлекеттің бақылауында болғандықтан, жемқорлық та жоқ, бір заңсыз әрекеті үшін ақы төленбейді де. Электронды шоттарға қатысты ақпараттар компьютерде жазылып, ол мәліметтерді мамандар бақылап отыруы тиіс. Мемлекетте ешкімнің қолында нақты ақша болмайды. Соның нәтижесінде ешкім шетел асып, халықты тонай алмайды. Елдегі материалдық өндіріске жатпайтын салаларды дамытуда да электронды әдісті қолдану өте тиімді. Мәселен, бір көркем фильм жарыққа шықты делік. Ол интернет порталдың тиісті бөліміне қойылады. Оны көрген көрермендер, пікір қалдырушылар және жүктеп алушылар саны қаншалықты көп болса, оған төленетін ақы да арта бермек. Сәйкесінше, пайдаланушы осы көркем фильмді көрген, жүктеп алғаны үшін электронды түрде ақы төлейді. Ортадағы делдалдарға кеткен шығындар көлемі аз болғандықтан, фильмнің бағасы да арзандай түседі. Немесе оның дискіне интернет портал арқылы тапсырыс беріп те алуға болады. Кітап саудасы да осылай жүзеге асады. Бұл жан-жақты тиімді болмақ. Елдегі фильм мен кітаптардың заңсыз сатылымын жоюдың да жалғыз жолы – осы. Газет, журнал, телеарна, радио да осы тәртіппен таратылады. Қызмет көрсету түрлерінің барлығы интернет порталда бөлімдерге бөлінуі, халық әр қызметкерге жеке баға беруге құқылы болуы қажет. Қызмет көрсетушілерге берілген баға ескеріліп жалақы төленеді. Бұл қызмет түрлерінің мейлінше сапалы орындалуын қамтамасыз етеді (Мысалы, дәрігер, көлік жүргізушісі, т.с.с.). Сонымен қоса, балабақшаға құжат өткізу, айыппұлдарды төлеу, ұшаққа билет алу сияқты қызмет түрлері интернет арқылы жүзеге асырылуы қажет. Бұл да уақыт пен шығынды азайтады. Қоғамдық қызмет түрлерін пайдаланғаны үшін адамдар арнайы төлем карталар арқылы ақы төлей алуы қажет (мысалы, автобус, т.б.). Интернет порталға келетін болсақ, оны былай ұйымдастырған жөн. Біріншіден, интернет порталға Қазақстан аумағында ғана кіруге рұқсат беріледі. Екіншіден, портал мен адам арасында тікелей байланыс орнатылуы қажет. Бұл порталды хакерлердің бұзуынан сақтайды. Үшіншіден, тек қана осы порталмен жұмыс істеуге арналған арнайы құралдар жасап шығу қажет (мәселен, планшет). Жаңа медианы меңгерген мінсіз мемлекет моделіне көшу арқылы елдегі шешімін таппай келе жатқан жемқорлық, көлеңкелі бизнес, тіл, жұмыссыздық, инфляция, дағдарыс, халықтың белгілі бір аймаққа шоғырлануы сияқты проблемалардан біржола құтылуға болады. Ең бастысы, мінсіз мемлекетте кез келген адам өз еңбегіне лайық пайда табады. Айдос ӘРІПБАЕВ |