АҚШ пен Еуропа Одағы енгізген жаңа санкциялардың әсерін Ресей бірден емес, ұзақ уақыттан соң сезінетін болады дейді сарапшылар.
БАНКТЕР ЖАПА ШЕГЕДІ
«АҚШ пен Еуропа Одағының (ЕО) жаңа санкциялары Ресей экономикасын бірден есеңгіретіп тастамаса да, елдің қаржылық тұрақтылығын ұзақ мерзімге әлсіретеді» дейді экономистер мен сарапшылар.
Украина дағдарысы кезіндегі әрекеті үшін Кремльді жазалауға арналған санкциялар Ресейдің қаржы, энергия және қорғаныс салаларын қамтыды. «Олар капиталдың Ресейден кетуін тездетіп, рецессияға әкеледі, себебі негізгі банктердің қарызға алу құны артып, Ресей экономикасына инвестиция салу азаяды» дейді Азаттыққа экономист Сергей Гуриев.
«Жақын уақытта экономикаға айтарлықтай әсер етпесе де, болашағына кері ықпал етері анық» дейді былтыр саяси қудалаудан қауіптеніп Ресейден қашып кеткен Гуриев.
12-қыркүйек күні АҚШ қаржы министрлігі жариялаған шара Ресейдің мемлекеттік банктеріне қарыз беруді 90 күннен 30 күнге шектеді. Бұрын санкцияға ілінген банктер қатарына енді Ресейдің ірі қаржы институты – Сбербанк те қосылды.
«Сбербанк өте табысты әрі жақсы жұмыс істеп тұрған банк, енді басқалар сияқты ол да акция құны мен қарыз алуда жапа шегеді. Бұл банктер санкция салынбаған басқа нарықтарға барса да шығынға батады» дейді бұрын Сбербанк бақылау кеңесінің мүшесі болған Гуриев.
АҚШ пен ЕО 12-қыркүйек күні жариялаған санкциялар Ресейдің негізгі энергетикалық компанияларына кейбір қызмет түрлері мен технологияларды экспорттауға тыйым салады.
Экономистің пікірінше, бұл шаралар Ресей экономикасына ауқымды әсер етпек, себебі америкалық және еуропалық шенеуніктер Ресейдің энергетикалық секторына қарсы мақсатты, батыл қимыл бастады. «Екі-үш жылда бұл (тыйым) Ресейдің мұнай өндіруін азайтады, солайша ел президенті Владимир Путиннің 2012 жылы берген уәдесін (зейнетақы, жалақы, т.б. өсіру) үкіметтің орындау қабілетіне ықпал етеді» дейді ол.
МҰНАЙ МЕН ҚАРУ-ЖАРАҚ
«АҚШ пен ЕО санкциясында көрсетілгендей, батыстың технологиясын, тауарлары мен қызметтерін пайдалана алмаса, Ресейде кен өндіру келер жылдан бастап азаяды» дейді Пенсильваниядағы East European Gas Analysis төрағасы Михаил Корчемкин.
Бұл шектеу, әсіресе, Ресей компанияларының суы терең арктикалық қайраң мен тақтатастағы мұнай өндіру жобаларына тұсау болады. «Ресей Батыс Сібір мен елдің еуропалық бөліктеріндегі қорын бұрғылап ала береді. Бірақ арктикалық қайраң немесе теңіздегі кен орындары сияқты күрделі бөліктерге келгенде ресейлік компаниялар жалғыз жұмыс істей алмайды» деді Корчемкин Азаттыққа.
ExxonMobil компаниясы өткен айда Солтүстік мұзды мұхитта Роснефтьпен бірге бұрғылауды бастады. Компания өкілі санкцияны есепке алдық деді. АҚШ пен ЕО Ресейдің қорғаныс саласындағы фирмаларын да қамтитын қаржы және технологиялық шектеулер енгізді. Гарвард университеті жанындағы Белфер орталығының Ресей бойынша сарапшысы Симон Сараджян ЕО шектеулері болашақта Ресей қорғаныс өнеркәсібіне мәселе тудыруы мүмкін дейді. Себебі, олар Еуропада өндірілген заманауи технологияларға тәуелді.
«Ресейдің қолда бар қару-жарақтары ескірген, оны алмастыруы керек. Олар басқа кімге барады? Қытайда ондай технология жоқ. Тек батыс ғана қалады» деді Сараджян Азаттыққа.
«Технологиялық шектеулер бірден әсер етпейді, сондықтан алдағы уақытта Ресей кері бағытта жобалау әдісін қолданып, өз технологиясын дамытар» дейді ол. Бірақ оған уақыт пен қаржы керек.
«Бұл шығыннан сатып алушылар жапа шегеді. Олар барынша қымбат және (тым болмаса, бастапқыда) сапасы төмен өнімді қолданады» дейді Сараджян. Обама әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеунігі журналистерге бұл шаралардың Ресей экономикасына «үлкен ықпал» етіп, Украинаға қару тасуына кедергі келтіреді дегенді айтты.
Ресейшіл сепаратистер мен украиналық күштер бірнеше айдан бері соғысып, енді қазір әзірше тыныштық орнады, ал сол соғыста мыңдаған адам опат болды. АҚШ-тың терроризм мен қаржылық барлау бойынша қаржы министрінің орынбасары Дэвид Коэн 12-қыркүйек күнгі мәлімдемесінде «Ресей алған бетінен қайтпаса, АҚШ пен ЕО санкцияны арттырып, Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен алшақтатады» деді.
Ресейдің басты биржасы ММВБ баға белгілегенде ресейлік компанияларға жаңа санкцияның кері әсер еткені байқалмады. Газпром, Газпромнефть және Роснефть бұрынғы 2 пайыздық мөлшерлемеде қалды, ал Сбербанктің акциясы 0,5 пайызға өсті.
Бірақ рубль долларға шаққанда 0,4 пайызға арзандады, яғни, жыл басынан бері 13 пайызға төмендеген.
Карл Шректің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.
http://www.azattyq.org/content/eu_usa_sanctions_russia_oil_guns/26582874.html