АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖАҢА ТЕЛЕСТУДИЯ – ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРГЕ

Биыл Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіндегі «Журналистика» мамандығының ашылғанына тура 15 жыл толады. Әрине, бұл аз уақыт емес. Осы уақытқа дейін бұл жерде қаламы қарымды, ойы ұшқыр жүздеген журналистер тәрбиеленіп, бойларына өмірлік азық болар білім нәрін сіңірген еді. Олардың алды республикалық, одан кейін облыстық және қалалық телеарналарда, түрлі газет-журналдарда еңбек етіп, еліміздегі журналистика саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүр бүгінде. Бұл – білім ордасындағы ұлағатты ұстаздардың еңбегінің жемісі.

Құндыз Тауасарова – журналист мамандығының 2 курс студенті. Аядай ғана Аякөз елінен қалаға арман қуып келген Құндыздың мақсаты – қазақ журналистикасының қарыштап дамуына өзіндік үлесін қосып, халықтың қалын ойлайтын қаламгер болу. Әрине, журналист болу да оңай іс емес. Өйткені, журналистика – үнемі ізденіс пен жан-жақтылықты талап ететін мамандық. Мұны Құндыз да жақсы біледі. Қазір оның бұл бағыттағы аяқ алысы жаман емес деуге болады. Жуырда ол Алматы қаласында өткен талантты жастардың «Тек «ел» деген сөз үшін» атты республикалық сайысына қатысқан еді. Аталмыш жарыс Алаш зиялыларының қызметі мен өміріне, қалдырған мұрасына байланысты қысқа көлемді бейнесюжет әзірлеу, көркем сөз, эссе, әңгіме, көсем сөз (публицистикалық мақала) және поэзиялық шығарма (жас ақындар мүшайрасы) бағыттары бойынша өтті. Қазақтың нар тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 120 жыл толуына орай өткен жарыста Құндыз көсем сөз бағыты бойынша бағын сынады. Болашақ журналистің  шығармашылық саласындағы бұл қадамы сәтті болды. 150-ден астам сайыскер қатысқан республикалық шығармашылық бәсекесінде топ жарған Құндыз 3-ші орынмен қанжығасын майлап, Семейге олжалы оралды. «Ұстазы жақсының ұстамы      жақсы» дейді қазақ. Осы орайда жас талант иесіне жол сілтеп, бағыт-бағдар берген, республикалық жарыста бағын сынап, жеңіс тұғырынан көрінуіне ықпал еткен филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Рамазанға алғысы шексіз екенін айтады Құндыз. «Жарыста еншілеген жүлдені университеттегі «Журналистика» мамандығының 15 жылдығына тарту етемін», — дейді ол.

Семейде журналист мамандарын даярлайтын бірден-бір жалғыз оқу орыны – Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет екені белгілі. Қазір аталмыш білім ошағында журналистерді кәсіби тұрғыда жан-жақты, өз істерінің шеберлері етіп дайындау алға қойылған. Университет басшылығы инновациялық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, студенттерге білім беру сапасын арттыруды көздейді.

«Журналистика» мамандығының ашылғанына 15 жыл толуына орай, университетте 5 ақпан күні заманауи технологиямен жабдықталған телестудияның ашылу салтанаты өтті. Жаңа студияның лентасын  ардагер журналист Дәулет Сейсенұлы мен «Семей таңы-Вести Семей» газеттерінің директор-бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты  Риза Молдашева қиды.Университет студиясы жапондық кәсіби 3 бейнекамерамен, режиссуралық пультпен, аудиомикшермен, жарықтандырумен, монтаж жасауға арналған құрылғылармен жабдық-талған. Ал, бұл өз кезегінде журналистиканың «жілігін шағып, майын ішемін» деген жас студенттерге телережиссура, телеоператорлық шеберлік, дыбыс жазу, телехабарлар дайындаудың қыр-сырын, эфирде өзін-өзі ұстау мәдениетін терең меңгеріп шығуға жол ашады.

Айта кетейік, телестудияның тұсаукесер салтанатты рәсіміне алыстан ат арытып, журналистика саласында еңбек етіп жүрген оқу орнының түлектері де қатысты.  Солардың бірі  «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Иман айнасы» бағдарламасының жүргізушісі Жанжігіт Омархан. Университет ұжымының арнайы шақыруымен келген ол студенттік шақтағы біраз сәттерді есіне алып, болашақ жас журналистерге ақ жол, оқу орны ұжымының жұмыстарына табыс тіледі. Салтанатты жиын барысында бас қосқан Семейдің ойы терең, сөзі мерген белді журналистері де жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Бүгінде ақпараттық технологияның дамыған заманында журналистердің біліктілігіне қойылатын талаптың жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ал, университетте ашылған телестудияның болашақ журналистерге шеберліктерін шыңдап, іс-тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.

«БАҚ бастарыңа бақ болып қонсын!». Бұл баспасөз бетінде жарияланған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің доценті Жидегүл Әбдіжәділқызының журналист боламын деушілерге арнаған тілегі. Ендеше, қазақ журналистикасын өсіп-өркендету жолында елім деп еміреніп, ел қамын   ойлайтын, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қазағымыздың қайсар журналистері көп болсын!

Жібек СЕРҒАЗЫ,

Семей қаласының

Шәкәрім атындағы

мемлекеттік университетінің

баспасөз хатшысы.

http://semeytany.kz/