АЛТЫНОРДА
Новости

Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы аласыз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:

– Жаңа жыл мерекесін жыл сайын от­басында қарсы алуға тырысамын. Біз Жаңа жылды нағыз қазақтарша қарсы аламыз. Етімізді асып, дастарқанға қазы-қарта­мыз­ды қойып, бала-шағамызбен Елбасының құт­тық­тауын күтеміз. Елбасының құттықта­уы­нан кейін туған-туыстарымызды құттық­тай­мыз. Біз үшін Жаңа жыл мейрамының ерекшелігі – осы. Жаңа жылдан кез келген азамат жаңаша тілек, жаңа үміт күтеді. «Ескі жылда орындалмаған армандар мен жоспарлар жаңа жылда орындалса екен» деп тілейтін қазақпыз ғой. Сондықтан да сіздердің басылымды пайдалана отырып, мен де барша қазақ баласына «Ескі жыл есір­кесін, Жаңа жыл жарылқасын» дегім ке­леді. Әрдайым еліміз тыныш, түтініміз түзу шықсын. Өзіміздің дәстүрімізді, ді­лі­мізді, дінімізді насихаттай білейік. Кез кел­ген халықаралық мерекенің өзіне қазақи бедер беруге болады. Сондықтан да Жаңа жылды нағыз қазақтарша қарсы алайық. Бұл мейрамның жетегінде көп кете бермей, өзіміздің төл мерекеміз – Наурызымызды дәріптеуге, сол мейрамның беделін арт­ты­руға да күш салғанымыз абзал. Жел­тоқ­сан­дағы Жаңа жыл халықаралық мейрам бол­са, Наурыз – өзіміздің төл мерекеміз. Сон­дықтан қандай мейрамда болсын, қазақтығымыз биік тұрғай… 

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері:

– Менің төрт балам, сегіз немерем бар. Сол ұрпақтарымның барлығы Жаңа жылда үлк­ен шаңырақ деп біздің үйімізге келіп, мейрамды қарсы алады. Осылайша, Жаңа жылды тек өз отбасымда қарсы аламын. Жал­пы, бұл мерекеге қатысты қайсыбір қа­уым «Жаңа жылдың не керегі бар» деп те жа­тады. Негізінде, бұл мейрамның халыққа зияны жоқ. Бұл мейрам әсіресе балалар үшін ерекше мереке болып қалыптасты. Қа­зір кез келген шаңырақтың бала-шағасы Жаңа жылды қуана қарсы алады. Әрине, «Жа­ңа жыл мейрамына дайындықты, қа­ланы безендіруді Тәуелсіздік мерекесінен ке­йін жасау керек» деген пікірлермен толық ке­лісемін. Тәуелсіздік күнін жоғары деңгей­ге жеткізіп алғаннан кейін барып Жаңа жыл мерекесіне дайындық шараларын бастасақ оң болар еді. Сондықтан қалаларды бе­зен­ді­руді 16 желтоқсаннан кейін ғана қолға алу­ды жергілікті әкімдіктерге міндеттеу ке­рек. Сонда ғана біз егемендігін қалтарыста қал­дырмаған, еңсесін нық ұстаған ел ата­намыз. Жалпы, биылғы жылқы жылы қазақтың басына келер ырыс молынан болсын. Әр қазақтың шаңырағынан шат­тық-береке арылмасын. 

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:

– Әрине, өз отбасымда қарсы аламын. Қо­лымда үлкен шешем бар. Туған-туыс­та­рым, бала-шағам – барлығымыз бір дас­тар­қанның басында отырып, мерекеде бір-бірімізге жақсы-жақсы тілектер айтып, көңілді қарсы алуға тырысамыз. Әсіресе анам­ның тілегіне, бізге берер батасына ба­рынша ден қойып, ол кісінің ұлағатты сөз­де­рін үнемі құлағымызға құйып отырамыз. Ұр­пақтарымыздың аман болуын, ел-жұр­ты­мыздың тыныш болуын әр жыл келген са­йын тілеп отырамыз. Жалпы, бұл ха­лық­тық мейрамға ұласатын мерекеге бол­ған­дықтан, «әрбір қазақ баласының көңілін кір­бің шалмасын» деп тілеймін. Елімізде дені сау бала мен дені сау ана көбейсін. Қа­зақ шаңырағы ешқашан шайқалмасын. Елі­міз арман-мұратына жете берсін. Ал­ды­мыз­да әлі талай алар экономикалық-әлеу­мет­тік асулар бар. Сол жолда береке-бір­лі­гіміз нығайсын. Міне, сіздердің басылым ар­қылы халыққа осындай ақ жүректі ті­лек­тер жолдағым келеді.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/tar/48535/