Бүгін Алматыда қазақстандық Халықаралық адам құқықтары бюросының кеңсесінде «Жаңаөзен күнделігі» деген атпен жаңадан түсірілген деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, фильмнің авторы — қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов. Деректі фильмде 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында болған оқиға, оның алдында өрбіген жайттар, оқиғадан кейін сот процестері қалай өткені баяндалады.
Фильм тұсаукесеріне Андрей Цуканов, Андрей Гришин, Ерлан Қалиев сияқты белсенділер мен құқық қорғаушылар — барлығы он шақты адам келген.
Фильмді көргеннен соң құқық қорғаушылар оқиғадан кейінгі Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы, Жаңаөзендегі оқиғадан кейінгі ахуал туралы ойларымен бөлісті.
Бұған дейін «Жаңаөзен күнделігі» деректі фильмі Алматыда өткен аптада Жаңаөзенді еске алу кешінде көрсетілген еді.