Оған түрткі болған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры. Жас кәсіпкер Данияр Айсаның айтуынша, 150 мыңға жуық тұрғыны бар қаладағы жалғыз кинотеатрдың жұмысы бұған дейін олардың сұранысын қанағаттандыра алмады.
Кеңестік дәуірден қалған «Жалынның» отын қайта жағуға ол алғаш рет 2006 жылы әрекет жасап, сол кездегі шаһар басшысына ұсыныс білдірген көрінеді. Алайда әкім ауысқан соң, ол аяқсыз қалады. Кейін қолдаушы табылғанмен, оны жүзеге асыруға көмектесетін демеуші табылмай, біраз әуре-сарсаңға түседі. Үзілген үмітті қайта оятқан кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы болды.
«Бір жолы жарнамалық роликті көріп отырып «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының ғаламтордағы сайтына кірдім. Мемлекеттік бағдарламаның әлеуетті қатысушылары үшін экономиканың басым секторларының тізбесімен және кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың бағыттарымен танысқан соң, қордың Жаңаөзендегі өкілдігіне хабарластым. Оның басшысына жобамның жай-жапсарын түсіндіріп, мамандардан жан-жақты кеңес алған соң ойлаған ойымды жүзеге асыруға бойымда толық сенім пайда болды» дейді Д.Айса. Қажетті құжаттарын жинап, алашапқын болып жүрген оның ісінің нәтижелі болатынына бастапқыда күмәнмен қараушылар аз болмаған көрінеді. Дегенмен «көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, тәуекелдің желкені үлкен арманыңа қанат бітіреді. Құзырлы органдар әлеуметтік сипаты бар бұл жобаны қаржыландыруға өз келісімін беріп, жұмыстар өз арнасын тауып, дөңгелене бастаған кезде күмән сейіліп, тілектестік білдірушілер саны күн өткен сайын ұлғая бастайды.
«Жалын» кинотеатрын қайта жаңғырту жобасының құны 48 млн теңгеге бағаланған болатын. Кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мамыр айында банктен 5 жылға 32 млн теңге несие алған кәсіпкер ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орындықтарды жаңартып, Франциядан үлкен экран алдырады. «КИНО кинотеатрлар желісі компаниясы» деген атпен жеке кәсіпкерлігін тіркеп, ойлаған ойын жүзеге асыруға шындап ден қойған оның бүгінгі таңда болашаққа құрған жоспары салмақтана түскен. Қысқа уақытта аңсаған арманын жүзеге асыруға қол жеткізген Данияр 6 шілдеде жерлестеріне Астана күні мерекесінде үлкен сый жасады. «Жалын» кинотеатрының ашылу рәсімін өткізіп, ол өз жұмысын «Global studio» ЖШС-і түсірген Төлеген Бейсеттің биылғы жылы жарық көрген «Бір кем дүние» фильмімен бастады. Одан кейін кішкентай көрермендер үшін қазақша мультфильм мен 4 шілде күні елімізде прокаты басталған «Жалғыз рейнджер» фильмі жұртшылық назарына ұсынылды.
Бастапқыда кино, одан кейін бір қажеті болып қалар деп мұнайшы мамандығын игерген Д.Айса бүгінгі таңда несібесін кино саласынан теріп жүр. Еңбек жолын кинотеатрда әкімші болып бастаған ол продюсер, басқарушы директор қызметіне дейінгі барлық сатыдан өткен көрінеді. Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің даңғыл жолына түсіп отыр. Бір отбасының арқа-сүйер азаматы және бір ұл, бір қыздың әкесі болып отырған Данияр қазір 29 жаста. Орда бұзар жасқа таяған кезінде өмірдің жаңа бір белесіне көтерілген жас кәсіпкер үшін елдің алғысын иеленіп, адал еңбекпен өз кәсібінен нәсібін теру – үлкен бақыт. Арманы асқақ, қиялы ұшқыр Д.Айса енді жыл соңына қарай Ақтаудағы «Ардагер» кинотеатрын да жалға алып, оны жаңартып, қайта ашпақ. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, ол бұл жолы да «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы несие алудан үмітті болып отыр. Оған қажетті қаржының көлемін де шотқа салып, есептеп қойған.
«Бұл жолы 25 млн теңге несие алуды жоспарлап отырмын. Бұл жобаларды жүзеге асырудағы басты мақсатым – кинотеатр ашып, одан пайда табу емес. Құдіретті кино өнерінің қуаты арқылы үлгі-өнеге көрсетіп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне түрткі болу. Оған жоғары оқу орнында алған білімім мен осы уақытқа дейін кино өндірісі саласында жинаған мол тәжірибемді толық пайдаланам» дейді Д.Айса. Оның айтуынша, көрермендер тәлімі мол жақсы киноны таңдауы үшін Жаңаөзенге кем дегенде 3 кинотеатр керек. Қазір ондағы 362 орындық жалғыз залдың мүмкіндігі шектеулі. Ал Ақтауда қазір 4 кинотеатр бар. Егер бәсекелестік болса, бұл ең алдымен халыққа тиімді. Баға арзандап, көрсетілетін қызмет сапасы артады. Таңдау болған жерде әрдайым талғам да жоғары болады.
«Жалпы, кинотеатр өзін-өзі ақтау үшін тек кино көрсетумен шектелсе, жұмсалған шығынды қайтару қиынға түседі. Сондықтан жастар көп жиналатын орын болғандықтан, интернет-кафе сияқты қосалқы бизнес қызметтерін қатар жүргізу қажет. Соған қарамастан, жаңарған «Жалын» кинотеатрында ардагерлер, студенттер, мүгедектер және Ауған соғысына қатысушылар мен Чернобыль апатын жоюшыларға түрлі жеңілдіктер қарастырылып отыр» деген Даниярдың сөзіне қарағанда ол бұған дейін 5 жыл әлеуметтік қорда да жұмыс жасаған көрінеді.
Өнер мен бизнестің басын бір арнаға қосып, тізгінін қатар ұстап келе жатқан ол келешекте енді «КИНО кинотеатрлар желісі» компаниясының қызмет көрсету аумағын кеңейтуге барлық күш-жігерін жұмсамақ. Оған тиімді және озық менеджмент жүйесі арқылы қол жеткізуді алдына мақсат етіп қойып отырған Д.Айса «Кинотавр» сияқты кинофестивальдерге тұрақты түрде қатысуды әдетке айналдырған көрінеді. Бұл кәсіби тұрғыдан өз білімін жетілдіріп қана қоймай, іскерлік байланыстарды кеңейтудің бір жолы ретінде қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде халықаралық деңгейдегі 5 шетелдік кинокомпаниялармен келісімшарт жасап, олардың өндірген өнімдерін Қазақстанға тікелей жеткізуге мүмкіндік алған Данияр өзге компаниялармен де ынтымақтастық қатынаста бірлесіп жұмыс жасауға мәмілеге келген көрінеді. Мұндай келісім Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен де жасалған көрінді. Отандық кинотуындылардың да өз көрермендерімізге жүйелі түрде көрсетілуіне өз септігін тигізіп, кино өндірісін қолдауға түрткі болуды азаматтық парызы санайтын кәсіпкердің бұл ізгі ойы өзге кинотеатр қожайындарына да жұғысты болса екен
Ерлiк ЕРЖАНҰЛЫ, Жаңаөзен