Жанат Бақыт «КТК» телеарнасының танымал жүргізушісі, сүйікті жар және үлгілі келін. Жан-жақты болудың құпиясы – еңбексүйгіштікте, ал журналистика – жанкештілікті қажет ететін сала деп біледі. Қазіргі уақытта екі баланың анасы жан-дүние сұлулығы мен тән сұлулығы туралы ащы шындықпен бөліседі. Әйел мен ердің құқығы ешқашан тең болмайды, оған қарамастан өзін бақытты әйелмін деп сеніммен айта алады.
— Қай жасыңызда өміріңізді журналистика мамандығымен байланыстыруды шештіңіз?
Бала күнімде мұғалім болсам, өскелең ұрпаққа білім берсем деген арманым болды. Сол арманмен филология факультетіне түстім. Алайда тағдыр маңдайыма телеарна саласында қызмет етуді жазған шығар, 2004 жылы «Ана тілі аруы» байқауында жеңіске жеттім. Шарада ерекше көзге түссем керек, бағдарламаны жүргізуге шақырды. Алдымен «Хабарда», сосын «НТК» телеарнасына ауыстым. Қазір «КТК» телеарнасында қызмет етудемін.
— Журналист болу жолында көпшіліктің көзқарасын өзгерту немесе әсер ету сияқты ашық ойларыңыз болды ма?
Қазір технология күн санап қарыштап дамуда. Таяқтың екі ұшы секілді оның пайдалы да, зиянды да тұсы бар. Технологияның дамығаны сол, ақпаратты ең бірінші телеарнадан емес, ғаламторда әлеуметтік желі арқылы оқитын болдық. Осы тұрғыда өзімізді мазалайтын, алаңдататын мәселені парақшамызға жариялау арқылы халыққа жеткіземіз. Өзімді тіл жанашырымын деп айта аламын. Қазақ елінде тұрып, ана тілімізге атүсті қарайтынымыз жанымды ауыртады. Қайда қарасаң да толған қате. Сол қателерді түзету мақсатында суретке түсіріп, әлеуметтік желіге саламын. Немесе қатені жіберген нысанға бас сұғып, дұрыс аудармасын айтып кетем, кейде суретке түсіріп, парақшама саламын. Адам әлеуметтік желіде көп отырады, біреуі болмаса бірі жеткізіп қате түзелер деп үміттенемін.
— Журналист күн сайын таңқаларлық оқиғаларды алғашқы болып біледі, шынайы эмоциясыз экранның алдында отырған көпшілікке жаңалықты айтуға міндетті. Жұмыс күні аяқталған соң жанұяңызға қандай әсермен ораласыз?
Журналистика – жанкештілікті қажет ететін сала. Оның үстіне үнемі шынайы ақпарат жеткізетін арнамыздың жаңалықтары қандай екенін білесіз. Әрі халық әлеуметтік желідегі парақшама көмек сұрап хаттар жазады. Қазіргі қатігез қоғамда түрлі жантүршігерлік жағдайлар орын алып жатыр. Хат иесіне телеарнадағы әріптестеріміз бірігіп көмектесіп шешімін табуға тырысамыз.
Бірақ ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң, шыны керек ондай жаңалықтарды оқудың өзі ауыр. Тіпті жарнама кезінде отырып жылап та алатын кез болады. Әсіресе соңғы кезде белең алған тастанды балалар мәселесі, жындыханада жатқан сап-сау қыз Маржан Тұрлыбаеваның тағдыры, қорлықпен көз жұмған Ерасылдың өлімі, құлаған тікұшақ, қайтыс болған 2 айлық сәби. Өте ауыр!
Алайда жұмыстың аты жұмыс, құлазыған көңіл-күйді үйге алып келіп балаларға білдіруге ана ретінде хақым жоқ. Балапандарым жүгіріп шығып мойнымнан асылғанда олардың риясыз күлкісі барлық қиыншылықты ұмыттырады.
— Жұмыста көп қобалжисыз ба? Жүйкеңізді тыныштандыратын арнайы әдістеріңіз бар ма? Тәннен басқа жан денсаулығын сақтау үшін қандай әрекеттер жасайсыз?
Әрине алғаш тікелей эфирге шыққан кезде қобалжу болды. Бірақ тыныштандыратын дәрі ішетіндей сәт болмапты. Оның үстіне мен дәрі ішпеуге тырысамын. Демалыс күндері спортпен шұғылдануға уақыт тапсам жұмыс ортасындағы түскі демалыста, жатарда кітап оқимын.
— Әрқашан көрікті және белсенді болып жүресіз. Сізді осындай әрекеттерге кім немесе не шабыттандырады?
Жалпы әйел адам жатарда және ұйқыдан оянған соң 15 минутын өзіне арнауы керек. 15 минут түгілі, сағаттап әлеуметтік желіде отырамыз ғой. Біз дүйім елдің алдына көгілдір экранға шығатын болғандықтан, олпы-солпы жүруге хақымыз жоқ. Мен телеарнаға шықпаған күннің өзінде де асыл жарым үшін көрікті боп жүруім тиіс. Қалай десек те, ер адам көзімен сүйетінін білеміз.
— Стильді өзіңіз таңдайсыз ба әлде көмекшілеріңіз бар ма? Қазақстандық дизайнерлердің киімін кигенді ұнатасыз ба?
Менің тек қазақи нақышта киінетінімді білесіздер. Қазіргі стилистім –шымкенттік дизайнер Ғани Көбеев. Сол кісінің киімдерін сатып аламын. «Асыл мұра» шеберханасынан да арнайы тапсырыспен көйлектер, жакеттер аламын.
Бір қуанарым, қазір қазақи нақыштағы киімдеріміз сәнге айналып келе жатқандай. Неге шетелдің дүниесін таңсық көруіміз керек? Өзіміздің кереметтей ою-өрнекпен неге киім шығармасқа? Отандық дизайнерлер ою-өрнекпен, бағасын қолжетімді етіп ерекше киімдерді көптеп тігуде. Енді дүкендердегі шет елдің тауарын ысырып, нарықта халық үшін қолжетімді етіп, одан да көбейте берсе нұр үстіне нұр болар еді.
— Макияж, маникюрді шеберлерге сеніп тапсырғанды жөн санайсыз ба әлде өзіңіздің қолыңыздан келсе жасай бересіз бе?
Осы жасыма дейін сұлулық салонға, косметологқа барып көрмеппін. Әрі эфирге шыққан кезде гримді өзім жасаймын. Арнайы курсын оқыған жоқпын, бірақ эфирге шығатын адам көбінде гриммен жүретіндіктен, осы салаға қызығушылығым туып, жеке меңгеріп алдым.
— Декреттік мерзімде болғанда жұмысқа қайта оралу қиын болған жоқ па? Баламен үйде отыру немесе жұмысқа шығу сияқты таңдау тұрды ма?
Шынымды айтсам, баламен декретте отырған кезде де демалған жоқпын. Себебі әкемнің көзіндей қалған, 22 жылдық ғұмыры бар «Адамзат және қоршаған орта» газетін басқарып отырған жайым бар. Газет үздіксіз шығуы тиіс, сондықтан бала тәрбиесімен де айналыстым, жұмысты да қатар алып жүрдім.
— Бақытты әйелмін деп айта аласыз ба?
Құдайға шүкір, бақытты әйелмін деп айта аламын. Әйел үшін ең үлкен бақыт – ана болу. Қазір аяулы ана, сүйікті жар, үлгілі келінмін.
— Үлгілі және жан-жақты ана мен жар болудың құпиясымен бөлісе аласыз ба?
Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» деген. Бүгінгі жеткен жетістігіме тек ата-анамның берген тәрбиесі себеп. Себебі отбасындағы тәрбиенің кереметі баланы еңбекке баулу. Бұл адамдық кемелденудің негізі. Әкем марқұм «Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасында береке болмайды» деуші еді. Отбасында да, қоғамдық ортадағы тәрбие де балаларды еңбектенуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге шақыру керек деп ойлаймын. Осындай отбасында әдеп-инабат, адалдық пен ақпейілдік үстемдік етеді.
Өзім еңбекке 17 жасымнан бастап араластым. Жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, екі жерде қызмет еттім. Ата-анам еш қарсы болмады, себебі бәріне үлгеретінмін. Адам шын қаласа, бәріне үлгереді, тек мақсат пен ниет болса болғаны. Бала күннен сол әдет қалып қалған, қазір де бірнеше жұмысты қатар атқарып үлгеріп жүрмін. Құдайға шүкір, әйел адамның міндеті мен бала тәрбиесін де қатар алып жүрмін.
— Баланы тәрбиелеуде қандай көзқарастарды ұстанасыз? Өзіңізді қатал немесе өте жұмсақ анамын деп айта аласыз ба?
Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелеу керек, себебі бала тәрбиесіндегі әкенің орны ерекше. Әкенің қатал талабын және тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да, өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелеуі тиіс. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды.
Өз басым балаға қол көтеру дегенді түсінбеймін. Ата-анамның да ұрысып, қол көтерген кезі болмапты. Сондықтан болар ұрыс-керіс, долылық мінезді Алла Тағала бермепті.
Бала болып, шалалық істесек, ақылмен түсіндіретін әке-шешем. Мен түсініп, екінші қайталамайтынмын. Бойыма сусындаған тәрбиені енді балаларыма берудемін. Жолдасым да ешқашан қол көтермейді, тыңдамай бара жатса, балаларыма бір ескертеді, екінші рет олар қайталамайды.
Әрі бала техникаға жақын, кез келген планшетті сенен артық меңгеріп алады. Заман талабы болса да, айфон, айпад дегенді балаға ұстатпаймын. Орнына ертегі оқып, кітаптар сатып әперемін.
— Соңғы уақытта Сіздің инстаграм парақшаңызда «Отбасы» атты айдары пайда болды. Жариялатын әңгімеге қатысты өз пікірін білдіруді міндет тұтқандар да көп. Сіз сол оқиғаларды қайдан аласыз? Егер жеке жіберген болса неліктен көпшілікпен бөлісуді дұрыс деп санайсыз?
Бұрын телеарнадан көрсететін жүргізуші, әншілерді өмірде көру немесе тілдесу арман болса, қазіргі күні әлеуметтік желі арқылы оларға хат жазып жеке сөйлесуге мүмкіндік бар. Ғаламтордың пайдалы тұсы да сол, оқырманыңның ойын білесің, оған жақындай түсесің. Сенің жан дүниең қандай екенін танып біледі.
Маған хаттар көп келеді. Әлеуметтік желіде оқырмандардың хатын оқып қана қоймай, қазіргі өмірде болып жатқан оқиғаларды әңгіме, повесть ретінде жариялап жүрмін. Оқырмандармен не ішіп, не жегенім туралы бөліскеннен гөрі, олардың басындағы қиындықтары, оқиғаларымен бөлісіп, көпшіліктің назарына ұсынамын. Тағдырлас жандар бір-біріне ақылдарын айтып, ниет-тілектерін білдіріп жатады.
— Әйел мен ерлердің құқығы тең деп ойлайсыз ба? Феминизмге көз қарасыңыз?
Жоқ! Әйел мен ердің құқығы ешқашан тең болмайды. Еркектің аты – еркек. Әйел адам бір саты төмен тұруы керек. Осы сұраққа жауап ретінде, «Әйел бақыты» атты әңгімемнен үзінді келтіре кетейін:
«Елдің алдында «күйеуімнің қолынан түк келмейді, осыны адам қылған мен» деген әңгімелерді ешқашан айтпаған жөн. Тура сондай болған күннің өзінде де. Себебі мұндай әңгіме айтқан әйел елге жексұрын, ал оның күйеуі бейшараға айналады. Еркектің басын төрге де, көрге сүйрейтін әйел.
Сыйластық, отбасындағы тыныштық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік, бақыт және махаббат, бәрі-бәрі әйелдің қолында емес пе? Ер адам ерте тұрғанда әйел адам тырайып ешқашан ұйықтап жатпауы керек. «Таңғы ас-тәңірден» деп ата-бабамыз таңғы асын отбасымен ішкен.
Слепаков «Барлық еркектер абсолютті. Ұдайы. Әйелдерінің көзіне шөп салады» деген. Бірақ, тек сенің күйеуің ондай емес. Осыған өзіңді сендіруің керек. Еркектер неге басқа әйелдерге көз салады? Саған емес, боянған өзге әйелге неге сұқтана қарайды? Өйткені олар қашан көрсең әдемі, күтінген күйде жүреді. Әрине, жан дүниең басқадан қарағанда мың есе бай шығар. Бірақ жан сұлулығына еркек атаулының түкіргені бар, ащы да болса шындық! Салпы етек, быттиып семірген әйелден олар шаршайды. Әрине сосын күйеуің тұра қашады. Фитнеске жазыл. Ақырып-шақырып қадіріңді кетіргенше, «сенікі жөн» дей салсаң, еркек бала сияқты мәз болып, өзі-ақ қасыңнан шықпайтын болады. Ұрысса, үндемей құтыл, еркектер долы әйелдерді ұнатпайды. Оның қабырғасынан жаралғаныңды қылықты қылығыңмен білдір. Ең бастысы әбден үйде отырып зерігіп, жаман ойға беріліп, қызғаныштың жетегіне кетпес үшін – жұмыс істеген дұрыс.
Жұмыс істесең, сенде биологиялық сағат қалыптасады. Мақсат пен ереже пайда болады. Уақытың тығыз болады, сол кезде көресің, уақытты ұтымды пайдалану үшін балаларыңа да, күйеуіңе де, үй шаруасына да үлгеретін боласың! Сосын! Отбасыңа тамақты өзің пісіруің керек. Еркек адам әйелінің тағамын сүйсіне жейді ғой, ол асқа ең қымбат мейрамхананың да тағамы жетпейді. Міне, осылай! Есесіне, жүйкең тыныш болады».
— Болашақ аналарға және келіншектерге қандай кеңес бере аласыз?
Қазіргі басты мәселердің бірі – бала саулығы. Дүниеге келген сәбидің тең жартысының денсаулығы нашар. Кезінде жасалған қате, болашақ ананың немқұрайлығы баланың бүкіл өмірін өзгертіп жібереді. Кеміс болып туылған бала өмір бойы өзін кінәлап, басқалардан төмен санаумен өтеді. Мәселен, жақында мынадай хат келді. Келіншек жүктілік кезінде тұмаумен ауырып емделмей жүре берген. Айы-күні жақындаған кезде УЗИ арқылы дәрігерлер баланың денсаулығында ақау барын біледі. Ештеңеге қарамастан келіншек баласын дүниеге әкеледі. Өкінішке орай, бала кеміс болып туылды. Бірақ халықтан ақша жинап, көптеген операция жасатып, талай қиындықты бастан кешіреді. Ал күйеуі мен енесі, қолдау көрсетудің орнына келіншекті табалады. Ақыры ажырасып тынды. Әйел адам қырық жанды, жалғыз жүріп баласын емдетеді.
Сондықтан болашақ аналарға айтарым, балаңыздің дені сау, отбасымды бақытқа бөлеймін десеңіз, денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!
http://pandaland.kz/