Токиоға сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми Жапония Парламенті өкілдер палатасының спикері Бунмэй Ибукимен кездесті, сондай-ақ Жапонияның Достық алмасулар халықаралық кеңесінің форумына қатысты.
Б.Ибуки Қазақстан қысқа мерзімде экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткізгенін, Орталық Азия аймағындағы жетекші орынға ие болғанын атап өтті. Жапония Парламенті өкілдер палатасының спикері Қазақстан – Жапония ынтымақтастығын кеңейту және парламентаралық байланыстарды одан әрі үдету жайында айтты. Бастан-аяқ қазақша сөйлеген Сенат төрағасы Қайрат Мәми тәжірибе алмасу және әртүрлі деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың заңнамалық негізін күшейту тұрғысынан парламентшілердің өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында тараптар халықаралық дінаралық үнқатысуды дамыту және басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сол күні Сенат төрағасы Қайрат Мәми Жапонияның Достық алмасулар халықаралық кеңесі мен Қазақстанның Токиодағы елшілігі ұйымдастырған Қазақстан – Жапония форумының қатысушылары алдында сөз сөйледі. Сенат спикері Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру аясында Қазақстанда ашылған жаңа мүмкіндіктер туралы айтты. – Мен Қазақстан және Жапония арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне сенімдімін. Қазақстанның алдына қойған ұзақ мерзімді жаңа жобалары Жапонияның іскер және қоғамдық топтарының қызығушылығын тудырары сөзсіз, – деді Сенат төрағасы кездесуді аша келіп. Шындығында, қазақ жобаларына жапондық іскер және қоғамдық топтың өкілдері қызығушылығын білдіріп жатыр. |
Предыдущий