АЛТЫНОРДА
Новости

Жарнаманы қазақшаға тегін аударуға дайын еріктілер бар

Қазақстандағы қазақша аудармасы қате жарнамалардың бірі. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)Facebook әлеуметтік желісі қолданушыларының бірі Meihua Zheng (шын аты-жөні – Гүлім Оразбаева) Қазақстандағы жарнама мәтіндерінің қазақ тіліндегі аудармасына көңілі толмайтынын айтады.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫ САТЫП АЛ»

Гүлім Оразбаеваны наразы еткен сондай аударманың бірі – «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы ақпанның 16-сында бастаған, қазақстандық тұтынушыларды елде жасалған өнімдерді сатып алуға үгіттеген акцияның жарнамасы. Акцияның үндеу парақтарының бірінде «Покупай казахстанское» деген тіркес қазақшаға «Қазақстандықты сатып ал» деп аударылған.

«Слогандарыңыз бен қысқа мәтіндерді қазақшаға тегін аударамын. Тек көзбояушылық жасап, іске зиян келтірмеңіздер. Жасаған «еңбектері» үшін ұялтып, наразы ететін күмәнді аудармашыларға ақша жұмсамаңыздар. Шын айтамын, тегін жасаймын. Хабарласыңыздар. Надоел сол, бар ғой» деп жазады қате аудармасы бар жарнаманың суретін Facebook-парағына жариялаған Meihua Zheng (Гүлім Оразбаева).

Ол әлеуметтік желідегі жүзге тарта адам ұнатып, бөлісіп, пікір қосқан бұл сурет Қарағанды қаласындағы дүкендердің бірінде түсірілгенін айтты, бірақ нақты қай дүкен екенін көрсетуден бас тартты.

 «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қанат Әуесбай «Қазақстандықты сатып ал» жарнамасына өздерінің қатысы жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, бастама көтерген қозғалыс әр аймақтан бір-бір акция үйлестірушіні ғана тағайындаған.

– Қозғалыс бастама көтергенімен, кейбір сауда желілері біздің араласуымызсыз өздері бастап та отыр. Біз бәріне жауап бере алмаймыз ғой. Бұл жарнама нақты қай дүкенде тұр – соны білу керек, солардан сұрау керек, – дейді Қанат Әуесбай.

«ТЕГІН АУДАРМА ЖАСАТУ ҮШІН ХАБАРЛАСАТЫНДАР КӨП»

Қазақстандағы жарнамалардың қазақшасына наразы адам Гүлім Оразбаева ғана емес.

Қазақшасы қате жарнамалардың бірі. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)Қазақшасы қате жарнамалардың бірі. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Жарнама мәтіндерін қазақ тіліне тегін аударуға дайын екенін айтып, азаматтық белсенділік көрсетіп жүрген жастардың бірі – Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Думан Низамбек.

Оның сөзінше, тегін аударма жасайтынын жарнамалай бастаған соң хабарласушылар көп болған.

— Менің ойымша, қазіргі кездегі жарнамалардың қазақ тіліне аударылуы жағы өте әлсіз. Көбі мағыналық жағынан сәйкестігі былай тұрсын, жалпы алғанда қате жазылған сөздерді шашыратып қоя салғандай. Әрине, бұған кінәлі — жарнама беруші тарап пен аудармашылар, — дейді Думан Низамбек.

​Қазақстанның «Жарнама туралы» заңы бойынша, жарнама қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады. Бірақ жарнама мәтінін бiр тiлден екiншi тiлге аударғанда оның негiзгi мағынасы бұрмаланбауы тиiс.


Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_advertising_language/26864146.html