Ел болашағы – жастар. Сондықтан да жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі – ел үшін, ұлт үшін алаңдарлық жағдай. Елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 2011 жылғымен салыстырғанда 2012 жылы 9 пайызға өскен
. Бұл туралы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның XI отырысында сөз болды. Сондай-ақ соңғы төрт жылда жеткіншектерге қатысты қылмыс 76 пайызға артқан.
Соңғы кезде елімізде жасөспірімдер арасында түрлі қылмыстар көбейіп, адам өлтіру, ату және суық қару қолдану, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасау, маскүнемдік, нашақорлық тағы басқа заңға қайшы әрекеттер азаймай тұр. Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, жасөспірімдер қолымен жасалатын қылмыстардың басым көпшілігі Алматы қаласы мен Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарында орын алады екен. Десе де, республикамыздың өзге аймақтарында да жағдай мәз емес. Тек кей өңірлерде нақты жағдай жасырылып, жабулы қазан жабық қалып, барлық дерек жария бола бермейді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР білім және ғылым министрі:
– Осыған сіздер ерекше көңіл бөліңіздер. Басқа облыстарда дегенмен көп нәрсе ашығымен сыртқа шығып жатады. Ал мына оңтүстік өңірлерде осыған көңіл бөлулеріңіз керек деп ойлаймын.
Иә, Б.Жұмағұлов мырзаның сөзінің жаны бар. Өйткені жаңа оқу жылы басталғалы Оңтүстік Қазақстан облысында жастардың қатысуымен бірнеше атыс-шабыс оқиға тіркелген болатын. Естеріңізге салсақ, 1 қыркүйекте Арыс қаласында 17 жасар студент 11-сынып оқушысына пышақ салып, мерт қылған еді. Араға төрт күн салып Шымкент қаласында мектеп оқушысы жасы өзімен тетелес студентті суық қарумен жайратып салған. Сол оқиғадан соң, арада бір тәулік өткенде тағы да қос қылмыс орын алды. Күндізгі сағат 11:30 шамасында Шымкент қаласында орналасқан №15 мектеп ауласында оқ атылды. Оқиға салдарынан бір жасөспірім жарақаттанып, үш колледж студенті тұтқындалған. Дәл сол күні тағы бір қанды оқиға Шымкенттегі Көлік және коммуникация колледжінің алдында орын алды. Білім ошағының ауласында тұрған 16-17 жастағы үш жеткіншекке колледж алдына келіп тоқтаған көліктен белгісіз біреулер оқ жаудырған. Оқ тиіп, ауыр жарақат алған 17 жастағы жасөспірім ауруханаға жетпей жантәсілім еткен. Бұл – бір апта ішінде орын алған ауыр қылмыстар. Ал оның арғы жағында жастардың ұрлық жасау, ақша бопсалау, қарақшылықпен ұялы телефон тартып алу сияқты заңбұзушылықтар тасада қалып жатыр. Ол қылмыстардың бірі ашылса, бірі ашылмаған күйі қалуда. Тіпті кей жағдайларда жәбірленушілер полицияға шағымдана бермейді. Яғни нақты қылмыс саны құқық қорғау органдарында тіркелген ресми мәліметтен әлдеқайда көп.
Әлемдік статистикаға көз жүгіртер болсақ, жастардың қатысуымен жасалатын қылмыс салдарынан Еуропада жыл сайын 15 мың адам өмірімен қоштасып, 300 мыңдай адам түрлі тән жарақатын алады екен. Олар жүргізген сараптамаға қарағанда, көп жағдайда қылмысқа бой алдыратындар күнкөрісі төмен отбасында өскен балалар мен ата-ана тәрбиесінен тыс қалған жастар көрінеді. Сарапшылар жасалатын 10 ауыр қылмыстың тоғызы тұрғындарының күнкөріс жағдайы төмен елдерге тиесілі екенін анықтаған. Тұрмысы төмен елдерде тұрмыс деңгейі жоғары елдерге қарағанда жастар арасындағы қылмыс жеті есе көп орын алады екен.
Еуразия аймағында жастар арасындағы қылмыс көшін Ресей бастап тұрса, Қазақстан бұл тізімде Албаниядан кейінгі «жүлделі» үшінші орынды иеленіпті. Иә, кейде «шетелдік сарапшылар сандырақтай береді» деп сөгіп жататынымыз бар. Бірақ дәл бұл мәселеде өзіміздегі мәліметтер де көңіл көншітерлік емес. Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, 2009 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған 5000 қылмыс тіркелген. Олардың 1,2 мыңы – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Одан кейінгі жылдары да жағдай оңала қоймаған. «Соңғы деректерге қарағанда, елімізде күнкөрісі төмен 13 мың шаңырақ тіркелген. Бұл отбасыларда 20 мыңнан астам бала бар. Міне, осы жағдайы төмен шаңырақтан шыққан балалардың дені қылмысқа бейім» дейді Білім және ғылым министрлігі мамандары.
«Болашағымыз – жастар» дейтін болсақ, онда жастар тәрбиесіне «ата-ана мен мектеп мұғалімдері жауапты» деп қарап отырмай, қоғам болып кірісуіміз қажет. Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен дәрігер-психологтер мектеп оқушыларымен ұдайы жүйелі жұмыс жүргізіп отыруы тиіс. Сондай-ақ спорт агенттігі жастардың бос жүрмей, спортпен айналысуына жағдай жасап, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен мектеп оқушылары арасында кездесулер ұйымдастырып отырса, құба-құп болар еді. Өйткені ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдерді қамту балалардың және жасөспірімдердің жалпы санына шаққанда 11 пайызды ғана құрайды екен. Сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері мен жергілікті билік өкілдері де жастарға арналған шаралар ұйымдастырып, үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жолға қойып жатса, жағдайдың оң бағыт алуына ықпал еткен болар еді.
Алайда бүгінгі таңда бұл мәселеге аса мән бермей, жүрдім-бардым қарайтындар көп. Кейбір өкілетті органдардың аталмыш мәселеге қырын қарауына білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Бұл жерде бес-алты министрдің орынбасары, Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаттары отыр. Барлығымыз жиылып, мәселені шешудің қандай да болсын жолын іздеудеміз. Ал облыс әкімі орынбасарының шараға қатысуға уақыты жоқ. Бұл қалай?» – деп қынжылыс білдірді.
Жиында орталық және жергілікті атқарушы орган мамандары жастар қылмысының алдын алу мәселелерін талқылап, еуропалық әріптестерінің тәжірибесіне үңіліп, бұл бағыттағы қолға алынатын шаралар пысықталды. Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірленіп, орталық, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Ендігі жерде айтылған мәселелер қағаз бетінде қалмай, барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүзеге асырылса екен. Өйткені жастарымыздың бүгіні бұлыңғырланып тұр, ал осылай кете берсе, ертеңі не болары бір Аллаға аян.
Автор: Қалдар БЕРДІБЕКҰЛЫ
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
http://alashainasy.kz/