Қаншама жыл Ресей бодандығында болып атеистік кезеңді бастан өткеріп, дінімізден қол үзіп, қиын қыстау заманды бастан кешірдік. Тәуелсіз таңы атып, еліміз өз алдына іргелі
мемлекет болғаннан бері, дініміз өркен жайып, халқымыз ислам қайнарларынан немесе басқа ұлттар өздерінің діни құндылықтары мен білімінен сусындауға қол жеткізсе де елімізде әлі де діни сауаттылық ақсап келеді.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі дінге қатысты шыққан заңымызда, 1992 жылдың 15-қаңтарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» және 1995 жылғы заңымызда «Әркімнің ар-ұждан бостандығына құқығы бар» екені, яғни Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға, қай дінге жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқығы бар екендігі айтылған болатын. Осы заңнан кейін әр түрлі діни ағымдар елімізде пайда бола бастады. Олардың ішінде шетелден келген миссионерлер де жетерлік.
Статистикаға сүйенетін болсақ, қазіргі таңда діни бірлестіктердің саны 4558-ге жетіп жығылады. Биылғы Дін істер агенттігі қатаң тексеріс жүргізуінің арқасында олардың санын 3088-ге азайтқан болатын. Әрине бұл да 16 млн. халқы бар елге үлкен көрсеткіш.
Қай дінді алып қарасақ та барлық діндердің негізгі мақсаты жақсылық пен адамгершілкке тәрбиелеу. Ал Ислам дінінде сабыр мен адамгершілікке қатысты Құран аяттары мен хадистер де жетерлік. Ислам дінінің өзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Қазіргі уақытта бұқаралық ақпараттар мен телеарналардан көретініміз тек лаңкестік оқиғалар мен жарылыстар. Ислам дінінде экстремизм немесе терроризм деген нәрселер жоқ екені анық. Ал қазіргі келіп жатқан ислам ағымдары немесе басқа дін ағымдары болсын көздеген мақсаттары басқа. Өсіп-өніп келе жатқан еліміздің тыныштығын бұзу, арамызға іріткі салу. Бұндай ағымдарға жастарымыздың кіріп кетіп жатқаныны қасірет.
Бұл ағымдардың жетегінде жүруіне екі негізгі себепті атап айтсақ болады. Біріншіден, сауаттылық мәселесі, яғни діни сауаттылықтың өте төмен болуы. Екіншіден, әлеуметтік жағдайы. Материалдық жағынан дұрыс қамтылмаған кедей, мемлекеттен үмітін үзген отбасыларды материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине елдегі барлық адамды материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ елді діни сауаттылқпен қамтамасыз етуге болады. Қазіргі діни рәсімдер жасалатын орындарға баратын болсақ ол жердегілердің басым көпшілігі жастар екенін байқауға болады. Дінге деген жастардың қызығушылығы күннен күнге артып келе жатыр. Енді сол жастарымызға дұрыс бағыттағы діни білім және тәрбие беретін ата-аналардың діни сауатылығының жоқтығы ащы болсада өмір шындығы. Сондықтан жастарымыздың діни сауатын ашу қазіргі біздің еліміздің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бейресми деректер бойынша 500 мыңнан астам отандастарымыз осы секталардан жәбір көрген екен.
Елбасымыз елдің болашағы жастарда деп сенім артып отыр. Ал кейбір жастарымыз дәстүрлі емес ағымдардың арасында адасып жүрсе, елдің болашағы не болмақ?! Және сол ағымдарда жүрген жастарымыздан және олардың ұрпақтарынан қандай азамат шығатындығы айтпасада түсінікті. Сондықтан бұл олқылықтың алдын алу үшін тек кана білімді пайдалану арқылы жеңіске жете аламыз. Осы тұрғыдан мемлекет тарапынан жұмыстар жасалып жатқандығын айта кетуге болады. Нақтырақ айтсақ мектептегі 9-сынып оқушыларына «Дінтану» сабағы пән ретінде енгізілді. Бұл шешімді оңды құбылыс ретінде қабылдауға болады. Әрине бұл салада да кемшілктер бар. Білікті мамандардың жетіспеуіне байланысты бұл пәнді тарихшылар беріп жүр. Көш жүре келе түзеледі дейді гой, болашқта бұл салаға өз мамандары келеді деген үміттемін.
Менің ойымша, бұл әлі де аздық ететін сияқты. Тек 9-сыныпта аптасына бір-ақ рет өтетін дінтану сабағы барлық жастарымыздың діни сауаттылығын көтереді деп сеніп қалмауымыз қажет. Бұдан басқада іс-шараларды ұйымдастырған жөн. Адастырушы ағымдардың қатарында жүрген жастарымыздың басым бөлігі студенттер. Сондықтан мектеп пен қоса жоғарғы оқу орындарынада «Дінтану» сабағын «Психология», «Философия» секілді жалпы пән ретінде енгізген дұрыс. Еліміздегі студенттеріміздің діни сауатын ашу мақсатында, қандай ағымдар мемлекетімізге зиянын тигізіп жатыр, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін анықтайтын, ақ пен қараны ажырата алатындай біліммен қамтамасыз етуіміз қажет. Сонда ғана бұл маселенің шешімін табар едік. Биылғы өткен дінтанушылардың екінші форумында осы мәселе қозғалған болатын. Дінтану пәнін жоғарғы оқу орындарына енгізу туралы ұсыныстар айтылған. Әрине енгізіп жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі заманда ақпараттық технологияларды қолданып осы мәселеге байланысты ғылыми-танымдық бағдарламалар жасау, телеарналардан елдегі болып жатқан діни маселелердің себептерін ашып көрсетіп, елдегі діни ахуал жайлы халықты ақпаратпен қамтамасыз ете алсақ, бұл жүйеде өз жемісін берері сөзсіз. Сонда ғана еліміз өркендеп, көзі ашық, көкірегі ояу сауатты азаматтарымыз көбейіп, қаймағы бұзылмаған мемлекетімізді сақтап қаламыз. Сондықтан қазіргі қоғам халықтың діни сауатты болғанын талап етеді. Бізге діни сауат ауадай қажет екенін түсінетін кез келді.
Қасқырбек Қалиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің 1-курс магистранты.
Шын порталы