АЛТЫНОРДА
Новости

Жастарды солтүстік облыстарда оқыту керек – Қ. Әбсаттаров

Астана. 20 мамыр. Baq.kz – Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары» тақырыбы аясындағы талқылауда баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қайрат Әбсаттаров осылай мәлімдеді, — деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

— 2050 жылға қарай ел аумағындағы тұрғындар тепе-теңдігін сақтаудың бірден бір тәсілі ретінде, жастарды солтүстік облыстарда оқыту керек деген ұсыныс білдірген болар едік. Оның себеп-салдары баршамызға айқын емес пе? Жас болғандықтан жаңа ортаны аса қатт ыжатырқамай тез бейімделіп, қоғамға тез сіңісіп кетеді. Оның үстіне оқып жүріп-ақ, өмірінің болашағын сол ортамен байланыстырып, түпкілікті тұрақтап қалу мүмкіндігі де жоғар болады мұндай жандардың. Ал олардың өмір сүру қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін әрине, біздер аймақтық деңгейдегі қала, кенттерде көптеп өндіріс орындарын ашып беруіміз керек. Қызметке орналасып, отбасылы болуына мүмкіндігінше жағдайлар жасасақ, жергілікті жерлердегі еңбек миграциясы мен көші-қон және демография мәселесінің бір түйіні шешілгендей болады. Сонымен қатар, аймақтардан кәсіпорын салып, жұмыс орнын ашып, өнім өндіремін деген инвесторларға қандай да бір жеңілдіктерді үкіметтік деңгейде қарастырсақ құба-құп болушы еді, — деді вице-министр.

Айта кетейік, кеңейтілген отырыс барысында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова 2050 жылға қарай Қазақстан өңірлеріндегі халық санына қатысты орын алуы мүмкін деген болжамдарын ортаға салған болатын. «Егер қазіргі кездегідей еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді облыстарында қалыптасып отырған демографиялық құлдырау үдерісі осы күйінде сақталатын болса, келешекте жұмысшы кадрлар тапшылығы орын алуы ықтимал. Мұндай жағдайда 2050 жылға қарай, солтүстік облыстардағы халық саны миллион адамға дейін азайып кетуі мүмкін. Ал оңтүстік өңірлердегі халық саны керісінше, 5,2 миллион адамға артуы мүмкін» деп деп өз ойын түйіндеген ЭБЖ министрлігінің өкілі, мұндай жағымсыз үдерістің аймақтарда сақталуы жұмыс орындарына қатысты ұсыныстың сәйкессіздігі мен өңірлік жалпы ішкі өнім өсімінің кемуі, еңбек күшінің жетіспеушілігі секілді мәселелерді тіптен ушықтырып жіберуі ықтимал екендігін тілге тиек еткен.

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

 

http://baq.kz/kk/news/47403