Алдағы күзде елімізде «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі стратегияны қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде белгілі болды. Сала министрі Нұрлан Қаппаров Елбасының «Жасыл» экономикаға көшу туралы стратегияны әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сай, Премьер-министрдің Жарлығымен жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.
«Стратегия жобасын Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлейді. Өткен жылдың соңында жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңі қаралды. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі аясында стратегияның толыққанды жобасын әзірлеу үшін экономиканың түрлі сегменттеріне жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр. Стратегияның қағидалары Мемлекет басшысының Жолдауындағы мақсат-міндеттерімен үйлесетін болады» деді Н.Қаппаров. Өткен жылдың қорытындысын шығарып, алдағы уақытқа меже белгілеген жиында министр «еліміздегі экологиялық ахуал жақсарды» деп мәлімдеді. Ол өз сөзіне ластаушы заттардың шығарындылары – 1,3, төгінділер – 1,7 пайызға азайғанын дәлел ретінде келтірді. Сонымен қатар елімізде 244 млн тонна қалдық кәдеге жаратылыпты. «Бүгінгі күні кәдеге жаратылған қалдықтар көлемі бойынша көрсеткіштің жақсы екендігін айта кеткен жөн. Өткен жылы республика бойынша 1 млрд тоннадан астам қалдық жиналса, оның 244 млн тоннасы кәдеге жаратылды. Бұл жоспарланған көлемнен 104 млн тоннаға артық» деген министр экологияның ең өзекті мәселесін де қозғады. Ол – өндіріс және тұрмыс қалдықтары көлемінің өсуі. Енді көбейіп бара жатқан қалдықтарды кәдеге жаратып немесе жою үшін жыл басынан бері Қалдықтарды басқару бағдарламасы жұмыс істей бастапты. Аталған бағдарлама жинақталған және түзілген қалдықтарды азайту бойынша іс-шаралар жүргізуді көздейді. «Қазір елімізде 100 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық бар. Осы мәселені кешенді әрі тиімді түрде шешу үшін Президенттің 2013 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың жалпы саясаты біздің министрлікке берілді» деді Н.Қаппаров.
Министр бүгінгі күнгі сапалы ауызсу тапшылығы мәселесін де көтерді. «Мемлекеттік мониторинг нәтижесінде 88 су нысанының 13-ін ғана «таза» санатына жатқызамыз. Бұл зерттелген су нысандарының 16 пайызын ғана құрайды. Өзгесі «лас» және «өте лас» санатына кіріп отыр. Су көздерінің ластануының себебі табиғи және антропогендік факторларға байланысты» дейді министр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сөз кезегі келгенде өндірістің дамып, тұтынудың өсу деңгейі неғұрлым артқан сайын, қоршаған ортаны қорғау саласы рөлінің арта беретінін атап өтті. Министрліктің қызметі мен уәкілеттілігінің кеңеюіне байланысты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану деңгейін азайту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мәселен, қатты қалдықтарды өңдеу зауыттарын салуға инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуді жүктеді. «Жыл сайын елімізде төрт-бес млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Олардың тек 5 пайызы ғана жойылады. Сондықтан қалдық өңдеу зауыттарын салу керек. Бұл жұмысқа бизнесті тарту үшін оларға ең алдымен жағдай жасау керек. Мәселен, қалдықтарды жинайтын қоймалар керек» деді Бақытжан Сағынтаев. Ол сонымен қатар «Жасыл» экономикаға көшпей, Елбасы тапсырған дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмайтынымызды да қадап айтты. «Жасыл» экономиканы дамытпай, біз дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмаймыз. Бұл мәселеге республиканың барлық өңірлері белсенді атсалысуы қажет. Өңірлер дамымаса, бәсекеге қабілетті болмаса, бұл мақсатқа жету қиын. «Жасыл» технологиялар негізінде өңірлерді өзгеше бағытта дамытуға мүмкіндік мол» деді Бақытжан Сағынтаев. Ол облыс әкімдерінің «жасыл» экономикаға көшу үшін тиісті іс-шараларды кешенді түрде қолға алуы қажеттігін атап өтті. Бақытжан Сағынтаев қоршаған ортаны қорғау министріне «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі стратегияның жоспарын әзірлеуді жеделдетіп, мерзімінде Үкімет қарауына ұсынуды тапсырды. Табиғатты пайдаланушы кәсіпорындар тарапынан Қалдықтарды басқару бағдарламасының көрсеткіштерінің орындалуына мониторинг жүргізуді жүктеді. «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу тұжырымдамасының жобасын алдағы сәуір айына дейін дайындау жөніндегі Елбасы тапсырмасын еске салып, тұжырымдаманы Мемлекеттік комиссия қарауына ұсынуды тапсырды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ Астана
http://www.aikyn.kz |