АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жат ағымды қалай жоямыз?

мечетҚазiргi таңда жат ағым, дiни секталар жайлы әңгiмелер күн тәртiбiнен түспейтiн мәселеге айналды. Жақында ғана Мәжiлiс­те дiни жат ағымдардың халыққа тигiзер зияны жайында тағы да мәселе көтерiлдi. Мәжiлiсте қаншама рет көтерiлiп, мемлекет дiни ағымдарға тосқауыл қою мақсатында миллиондап қаржы бөлiп, түрлi жұмыстар атқарыл­ғанымен, жегi құрттың тыйылар түрi жоқ. Менiң ойымша, бұл мәселенi шешу үшiн мемлекет имамдарға, әсiресе ауыл-аймақтардағы имамдарға жағдай жасау қажет. Қазiр имамдар бюджеттен ешқандай жалақы алмайды. Жалақы төленбегеннен соң дiни бiлiмi бар азаматтар имамдыққа бара бермейдi. Ал ауылда бiлiмдi азамат шықса шығар, шықпаса шамалы дiннен хабары бар адамды тұрғындар қолқалап имамдыққа сайлайды, ал сол имамдардың көбiсi 60-тан асқан қарттар (барына да шүкiр). Оның iшiнде дiни бiлiм алғандары некен-саяқ. Ал имамы жоқ ауылдар қаншама? Сондықтан жалған ағымдағылар бiлiмсiз имамдардың аузын аспанға қаратып, жас­тарды ұршықтай иiрiп кетiп жатады. Егер мешiттерге дiни бiлiмi мықты азаматты имам етiп, оған мемлекет тарапынан жағдай жасап (тұрғын үймен қамтамасыз етiп, жалақысын берiп) қойса, жамағатты тырп еткiзбей ұстап тұрар едi ғой. Сауатты, бiлiмдi имамдар ауылға басқа ағымдағылардың жөнсiз уағыз айтуына жол бермей, мешiт маңына да жуытпас едi. Бюджеттен бiр тиын да алмай, халықты имандылыққа, iзгiлiкке, бiрлiкке, жақсылыққа шақырып, елдi ұйытып жүрген дiни қызметкерлерге неге жағдай жасамаймыз? Керi­сiнше, айлығын алса да, қитұрқы әдiспен қазынаға қол салып, ел-жұртты зарлатып, парамен ұсталып жатқан мемле­кет­тiк қызметкерлер қаншама?! Мәжiлiстегi депутат ағаларымыз жат ағымның жамандығын айта бергенше, бiр сәт имамдардың жағдайын көтеру жайында мәселе көтерсе екен. Тақырып төңiре­гiнде ауыл әкiмдерi де тереңiрек ойланса деймiн. Ал бiз, ауыл тұрғындары жоғарыдан жәр­демдi күтпей-ақ, барды бағалап, өз ауылымыздағы имамдарға қолымыздан келгенше жәрдем берер едiк.

Бағлан БОЛТАЕВ,
журналист,
Бәйдiбек ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
http://zhasalash.kz/