АЛТЫНОРДА
Новости

Жат жұрттағы жастар неге есепке тұрмайды?

Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасын әзірлепті. Бұл құжат Дариға Назарбаева басқаратын Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырған арнайы дөңгелек үстелде депутаттарға таныстырылды. Бұл Тұжырымдаманы ел басшылығы, Үкімет әлі бекітпеген, бірақ: «Тұжырымдаманың жекелеген бағыттары ендігі жүзеге асырылуда» деді БҒМ-ның Жастар істері комитетінің төрағасы Нұрлан Өтешев.
– Ауылдық округтердегі жастармен жұмыс жөніндегі инструкторлар дегенде нені ұсынып отырсыздар? – деп сұрады Д.Назарбаева. Нұрлан Өтешев Тұжырымдамада «әрбір қала мен ауылдың жастарына дейін жету мақсаты қойылғандығын» алға тартты.
– Бүгінгі таңда біз барлық өңірлердің тәжірибесіне талдау жүргізіп шықтық, – деді Жастар істері комитетінің төрағасы. – Сонда Жамбыл облысында жастармен жұмыстың бір формасына жолықтық: онда әрбір елді мекенде жас әрі белсенді азамат – аудандық жастар ұйымының қызметкері отырып, сол ауылдағы жастармен айналысады екен. Ол жақта өте жақсы нәтижелер пайда болуда. Сондықтан біз осындай жобаны ұсындық. Бізді жоғары тұрған мемлекеттік органдар қолдады. Соған сәйкес, әрбір елді мекенде осындай бір адам отыруын ұсынып отырмыз.
– Ол бюджеттен қаржыландырылатын жеке штаттық бірлік бола ма сонда? – деп нақтылады Дариға Назарбаева.
– Иә! Дариға Нұрсұлтанқызы, біз сондай-ақ Қазақстандағы әрбір аудан мен қалада жеке «коммуналдық мемлекеттік мекеме» құрылуын қалаймыз! Оны «Жас­тардың ресурстық орталығы» деп атадық. Осы орталықтар арқылы біз енді тікелей жастармен жұмыс істейтін боламыз. Әзір­ге бізде жастар ұйымдары да, жастарға бағ­дарланған салалық бағдарламалар да бір-бірімен қабыстырылмаған, үйлеспейді. Ал мынадай ортақ ресурстық орталық идея үшін де, әлеуметтік тұрғыдан да, бизнес және басқа бағыттар бойынша да «өсім нүктесіне» айнала алады деп са­най­мыз.
Н.Өтешевтің айтуынша, мұндай орта­лықтар облыстардың жартысында дерлі­гін­де – облыс және аудандар деңгей­ле­рінде ендігі құрылу сатысында. «Бұл үде­ріс өткен жылдың тамызынан бастал­ды. Бұл жұмыс әлі жүргізіледі» деп сендірді ол. Рас, бұл ретте осы орталықтардың да ауыл–аудан–қала жастары мен мемле­кет ара­сында жүрер делдал болатындығы на­зарға алынбағандай.
Жастар белсенділері мұнымен тоқ­-
тап қалмақ емес. «Ірі кәсіпорындарда және ұлттық компанияларда жастармен жұмыс жөніндегі құрылымдар құрылуда. «Молодежь» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды және жұмыс істеуде» деген Нұр­лан Өтешев депутаттарға өздері ұсынып отырған Тұжырымдаманың «жастар саясатына ел бюджетінен бағытталатын қаржы-инвестициялар ауқымын және оны пайдалану тетіктерінің санын арт­тыруды көздейтіндігін» мәлімдеді. «Олар­дың арасында бюджеттен мақсатты трансферттер бөлу, жастар бастамаларын қол­дау орталықтарын құру, жастарды жұ­мысқа орналастыруды ынталандырулар және оның тетіктері, жеңілдікті несие­лен­діру, мемлекет пен жекенің серіктестігін дамыту және басқалар бар» деді Нұрлан Сүлейменұлы. Осының барлығы әрине, миллиардтап ел қаржысын шығындауды талап етеді.
Осы жиында қазіргі кезде шетелде
67 мың Қазақстан азаматының оқып жат­қандығы жария болды. Алайда тек со­ның жартысына жуығы ғана есепке алыныпты. БҒМ-ның «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Саясат Нұрбек Қазақстан консулдықтарының сол шетел­ге оқуға келген жас адамдардың тіркеуге тұрмайтындығына шағымданатындығын айтты. Жат жұртқа оқуға барған жастар­-ға бақылаудың болмауы, ақыр соңында, олар­дың базбірінің «№1 террорист» деп жа­­­зылған көлікпен тайраңдауына әкеледі.
– Бостондағы оқиғаларды алдын ала болжауға да болатын еді, – деді Мәжіліс депутаты Гүлнәр Ықсанова. – Бір жыл бұрын Қазақстан азаматын атып тастады. Басқа да оқиғалар кездесті. Бұл – жүйелі мәселе. Сондықтан біздің шетелдегі елші­ліктермен бірлесіп, осы істі ұйымдасты­ру­ларыңыз керек. Бұл жерде сіздердің рөл­деріңіз негізгі болуға тиісті.
Елдос СЕНБАЙ

http://www.aikyn.kz