«Ақша – су сияқты сусымалы. Ол қолға молынан түскен кезде таудан сайға аққан су сияқты ағылып-төгіліп бір-ақ келеді. Өзенге теңеуге боларлық құдірет ағыны да бұған жат емес: оның бір сағасы кейбіреуді қойны-қонышын толтыра байлыққа кенеп бір сайға құйса, келесі сағасы байлыққа қол жеткізе алмаған кедей-кепшіктерді жиып-теріп, екінші сайға құяды. Байлыққа қол жеткізе білген кез келген адам өмірде осы ағынның бар екендігіне көз жеткізе алады. Бұған адамның ойының да қатысы бар. Оң ойлар сізді байлыққа апаратын жағаға итерсе, жағымсыз ойлар сізді құрдымға жібереді»,- деп жазады өзінің «Ойлан және байы» деген еңбегінде Наполеон Хилл.
Менімше, мол табыс, ақша және байлық туралы армандамайтын адам жоқ. Тек, солардың көпшілігі «ондай бай болу қолымнан қайдан келсін» деген жағымсыз ойлардың құрсауынан шығай алмайды. Әйтпесе, қазір өзіңнің қалаған кәсібіңді ашып, ауқатты боламын десең, оған ешқандай да кедергі жоқ. Керісінше, біздің мемлекет әрбір қазақстандық өзінің бизнесте бағын сынап көруіне барлық қолайлы жағдайларды туғызып отыр. Асырып айтқандық емес, мұндай мүмкіндік өзімізбен көршілес елдердің көбінде жоқ. Қазақстан нарыққа бағыт алғалы, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз еліміздегі әрбір адам өзінің кәсіпкерлікте бағын сынап көруі үшін, мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық өзгерістердің толыққанды қатысушысына айналуы үшін барлық жағдайды жасауға міндеттіміз» дегенді ашық айтты. Мұның арғы жағында әрбір қазақстандықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемдегі дамыған 30 елдің тобына қосылу міндеті тұр.
Отандық кәсіпкерлікті нығайтуға нақты батыл қадам жасауымыз үшін, Ұлт көшбасшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында Үкіметке елімізде жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыруды жүктеді. Осы үдеріс сәтті басталды. Оның алғашқы нәтижелеріне назар аударатын болсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының таратқан деректеріне қарағанда тамыз айының 13-не дейін биыл жекешелендірілуі тиіс 300 нысанның 27-сі сатылып үлгерген. Айтпақшы, электрондық сауда кезінде өзінің бастапқы құнынан 25 есе қымбат бағаға саудаланған нысандар да бар.
Қазақстандағы жекешелендірудің екінші толқынының басты талабы – іс-шаралардың өте ашық, жария түрде өткізілуі. Себебі, бұған дейін айтылғандай, бұл жекешелендірудің мақсаты – мемлекет мүлкін адал бәсекелестік жолымен табысты кәсіпкерлерге беру. Яғни, жекешелендіру дегеніміз – жеке кәсіпкерді қолдау деген сөз. Егер алдын-ала ойластырылғандай, іс оңға басып, әлеуетті кәсіпкерлер осы үдеріске белсене қатысатын болса, екі іргелі мәселе шешіледі. Біріншісі – табысты жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындарды жекеменшікке беру ұлттық экономиканың тиімділігін арттырады. Екіншісі – мемлекет бюджеті шығынды кәсіпорындарға жәрдемақша беруден босап, керісінше, жеке кәсіпкерлердің төлеген салығы есебінен қомақты қаражатқа толады.
Айтпақшы, gosreestr.kz порталының мәліметтеріне қарағанда жекешелендіру үдерісі басталған маусым айынан бері жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге 27 нысан сатылған. Соның ішінде, 11 нысан – коммуналдық меншікке тиесілі болса, 16-сы – ұлттық холдингтер мен компаниялардың активтері. Айта кетелік, бүгінге дейін жекешелендіруден жиналған ақша алдын-ала болжанған көрсеткіштен 53 пайызға асып түсті.
Әмірлан Әлімжан.