АЛТЫНОРДА
Новости

Желді қашан елдің игілігіне жаратамыз?

Қазақтың кең-байтақ даласында не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтана айтуға тұрарлық дүние жетерлік. Құдайға шүкір, әлемнің кейбір мемлекеттері секілді жылдың төрт мезгіліне жарымай отырған жоқпыз. Қаһарлы қысымыз да, кейде өктем келетін көктеміміз де, жайдары жазымыз да, күрең күзіміз де бар. Жайма-шуақ ауа райымен қатар, долданған боранымыз да, азынаған желіміз де бар. Жел дегеннен шығады, әлемде желдің игілігін көріп отырған елдер де бар. Ал біз ше? Қазақ қашан азынаған желді кәдеге жаратады?

 

Еліміздің 45 өңірінде жел электрстансыларының құрылысы салынады-мыс. Қашан? 

Бүгінде дәстүрлі энергетикалық қуат көздеріне тиімді балама табу  бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиард адамның күннен-күнге өсіп бара жатқан энер­гетикалық сұранысын қанағаттандыру пла­нетамыздың болашақтағы ең бір өзекті мәселесіне айналып бара жатыр. Сон­дықтан қазіргі таңда әр мемлекеттің бала­ма қуат көздерін табу жолында өздерінше қам-қарекет етіп жатқан жайы бар. Балама қуат көздерінің түрі көп. Соның бірі – жел энергиясы. Бүгінде әлемдегі бірқатар мемлекеттер желді елдің игілігіне жарату ісіне белсене кірісіп те кетті. Қазіргі уақытта жекелеген елдерде жел энергетикасының қуаты елдегі бүкіл электр энергиясына деген сұраныстың бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Испания мен Дания мемлекеттерінде жел гене­раторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайызын, ал Германияда 10 пайызын құрайды. Соңғы кезде жел энергетикасын дамыту бағдарында Қытай тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. 2011 жылы әлемде орнатылған жаңа жел генераторларының жартысына жуығы Аспанасты елінің үлесіне тиді. Дегенмен жан басына шаққанда жел генераторы арқылы электр қуатын өндіруде Дания, Испания, Германия сияқты Еуропалық одақтың мемлекеттері алдына ел салмай тұр.

Ал енді аумағына бір емес, бес Фран­ция сыйып кететін, Атырау мен Алтайдың арасын еркін жайлаған кең-байтақ еліміз бұл тарапта не атқарып жатыр? Бұл ретте біздің мемлекет те қол қусырып қарап отырмаған сыңайлы. Білікті мамандардың сөзіне сенсек, Қазақстанның жел энер­гиясының қуаты ешбір елден асып түспесе, кем емес. Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрлігінің соңғы деректері бойынша инвесторлар тарапы­нан «жасыл энергия» қуатын 2000 МВт-ға жеткізу үшін бірнеше жобаны іске асы­ру қолға алынған. Мәселен, Корея ком­паниясының қатысуымен Маңғыстау және Алматы облыстарында жел паркі құры­лыстарын салу жоспарланған. Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласына жақын жерде жалпы қуаты 19,5 МВт болатын жел электрстан­сы­сының құрылысы салынбақ. Бұл құ­рылыс жұмысы «ДМК-Ко» атты корей ком­па­ниясымен бірлесіп жүзеге асырыл­мақ. Сонымен бірге Алматы облысындағы Шелек дәлізі аумағында кореялық «Сам­сунг Си Энд Ти Корпорейшн» ком­па­ниясымен бірлесе отырып, қуаты 51 МВт болатын жел электрстансысының құры­лысы бой көтереді.

Тағы бір жағымды жаңалық – «Каз­сельэнергопроект институты» ЖШС-ның мәліметі бойынша, қазір еліміздің 45 өңірінде жел электрстансыларының құры­лысын салу жобалануда. Мамандардың пікірінше, бұл орайда, қуаты 100 кВт болатын шағын жел агрегаттарымен бірге қуаты 2 МВт және одан да жоғары болатын жел агрегаттарын салу тиімді болмақ. Осыған байланысты еліміздің өңірлеріндегі жел әлеуеті жоғары сегіз алаң таңдап алынды. Олардың ішінде Жамбыл облы­сының Қордай кенті, Оңтүстік Қазақстан облысының Жүзімдік кенті, Астана, Форт-Шевченко, Атырау, Ерейментау, Арқалық және Қарқаралы қалалары бар. Маңыз­дысы сол: Қазақстанның жел энергиясын дамытудағы әлеуеті жан-жақты зерттеліп, еліміздің кеңейтілген жел атласы жасалды. Бұл атласқа ұлан-ғайыр Қазақ даласының жел қуаты басым болатын өңірлерінің кестесі енгізілген. Мамандардың сөзіне сенсек, осы атласқа сәйкес, Қазақстанның 50 000 шақырымнан астам аумағында жы­лына 900 000 гигаватт-сағат электр энергиясын өндіруге болады.

Мамандар не дейді?

Сонымен, жел энергетикасының пай­дасы қандай? Білікті мамандардың сөзіне сенсек, мұның ең әуелі елдегі экологиялық ахуалды оңалтуға әсері мол.

– Жел энергетикасы қуат көздерінің анағұрлым серпінді дамитын коммер­циялық түрі болып табылады. Қазақстан бұл энергия көздеріне өте бай. Бұл салаға адам қолы әлі тиген жоқ. Егер жан басына шаққанда парниктік газдарды ауаға таратудан Орталық Азия елдерінің ал­дында тұрсақ, оның басты өндірушісі – энергетика секторы (84,4%). Жел энер­гетикасын дамыту арқылы экономикалық және экологиялық мәселелерді тиімді шешуге болады, – дейді «Қазақстандағы жел қуаты нарығын дамыту бастамасы» атты БҰҰ-ның Даму бағдарламасы жо­басының ұлттық менеджері Айнұр Сас­панова.

Айнұр Саспанованың айтуынша, кә­деге жарата алсақ, елімізде желі қуатты жерлер жетерлік. Бұл арқылы елдегі өндіріс көлемін де арттырып, сыннан көз ашпайтын экология саласын да сауық­тыруға болады.

Айнұр САСПАНОВА, «Қазақстандағы жел қуаты нарығын дамыту бастамасы» атты БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының ұлттық менеджері:

 – Қазақ даласында қысы-жазы тоқ­таусыз соғып тұратын желдің қуаттылығы жағынан Жоңғар қақпасы ауданы –алдыңғы орында. Ондағы соғатын желдің жылдық орташа жылдамдығы 9,68 м/с-ты құрайды. Ел аузында «Ебінің желі» деп аталатын осынау қақпадан соғатын алапат жел өндіріс қуатын жылына 5 мың МВт/секундқа дейін арттыруға мүмкіндік бер­мек. Ал Алматы облысындағы Шелек дәлі­зінен соғатын желдің жылдамдығы 7,77 м/секундқа тең. Сондай-ақ желдің соғу жылдамдығы Ақтау-портында – 7,83 м/с, елорданың маңайында – 6,8 м/с, Ерей­ментауда – 7,79 м/с, Қарқаралыда – 6,26 м/с, Арқалықта – 6,93 м/с, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының Жүзімдік ауылы мен Атыраудағы Қарабатан теміржол стансысы аумағында 7,5 м/с-ты құрайды. Егер елі­міздегі осынау табиғи қуатты іске жарата алсақ, пайдаланылатын жел қондыр­ғы­ларының жиынтық қуаты 550 МВт-ты құрап, ал жылдық электр энергиясын өнді­ру көлемі 1,65 млрд кВт-сағатқа тең бол­мақ.

Техника ғылымының докторы, про­фессор Тоқтамыс Меңдебаев желді екі бірдей мақсатта пайдалануға болатынын айтады. Біріншісі – құбырлар тізбегін жалғастыру арқылы желден қуат көзін алу, яғни электр тогы. Екіншісі – ластанған ауаны тазарту.

– Құбырдағы шектеулі кеңістікте жыл­дамдығы үлкен, қуатты, реттеулі және бас­қаруға болатын бағытталған жасанды жел өзендері пайда болады. Осыдан барып құбырлар тізбегінің ішіндегі есеп­теулі арақашықтық сақталып орна­ластырылған шағын, ықшам турбогенера­тор­лардан өте арзан, қуат көрсеткіштері тұрақты, қор­шаған ортаға зиян келтір­мейтін электр тогын алуға болады. Құбырдағы жасанды жел өзендерін қосымша екінші мақсатқа, мысалға, зиянды улы қалдықтарға толы Алматы қаласының ауа кеңістігін әрдайым тазартып тұруға пайдалануға болар еді, – дейді ғалым.

 

Керек дерек

Бүкіләлемдік жел энергетикасы ассоциациясының (БЖЭА) мәліметі бойынша, 2011 жылы бүкіл дүниежүзінде жалпы қуаты 40 гигаватт жел қондырғылары орнатылған. Сөйтіп, 2011 жылы әлемдегі барлық жел электрстансыларының жалпы қуаты 237 гигаватты құрады. Бұл 280 ядролық реактор қуатының көлеміне тең. Айта кетер болсақ, қазір әлемде барлығы 380 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. БЖЭА-ның болжамдары бойынша, 2020 жылға таман жел генераторларының жалпы қуаты төрт есе өсіп, 1 мың гигаватт электр қуатын өндіретін болады.

P.S.

Түйіндей айтсақ, күні-түні бір тынбай дала кезіп, ауық-ауық соғатын азынаған желдің де пайдасы аз емес. Әрине, кәдеге жаратып, қадіріне жете алсақ. Байқағанымыз, елімізде бұл тарапта әзірге нақты істен гөрі жоспар көп. Алла сәтін салса, 2017 жылы Астанада ЕХРО 2017 халықаралық көрмесі өтеді. Жай көрме емес, жауапты көрме. Жоғарыда аталған жоспарлар сол уақытқа дейін жүзеге асып, төрткүл дүниеге қазақтың да технологияның құлағында ойнап, техниканың тілін ешкімнен кем білмейтінін көрсете алсақ игі.

Автор: Азамат ҚАСЫМ, Өскемен

 

http://alashainasy.kz