Жеміс-жидек дастарқанның сәні әрі дәрумендерге бай екені баршаға аян. Қазіргі көкөністердің ағзаға пайдалы екеніне көпшіліктің күмәні бар. Себебі базар мен дүкен сөрелерінде тұрған көкөніс пен жеміс-жидектің сапасы көңіл көншітпейді. Ресми деректер қазір қазақстандықтардың жартысынан астамы табиғи тағам тұтынбайтынын айғақтайды.Сауда орындарындағы көкөністер мен жеміс-жидектердің бірі жергілікті жылыжайлардан алынса, енді бірі еліміздің оңтүстік өңірлері мен көрші Өзбекстан мен Қытайдан әкелінеді. Осы тұста біз күнделікті пайдаланып жүрген көкөністер мен жеміс-жидектердің сапасы қандай? Түрлі тыңайтқыш арқылы өндірілетін өнім адам ағзасына қауіпті емес пе деген сауалдар туындайды. Осы орайда ҚР ДСМ мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті азық-түлік нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Динара Сәдуақасованың айтуынша, үстіміздегі жылдың 20 мамырынан тамыздың екінші жұлдызына дейін қоғамдық тамақтану және сауда орындарын жоспарлы тексеру кезінде 411 көкөніс және жеміс-жидектің сынамасы алынып, зертханалық тексеруден өткен. Мамандар көкөністің сапасы мен қауіпсіздігін анықтайтын құжаттарды қарап, зертханаға жиырма төрт сынама алыпты. Негізінен өнім тез пісуі үшін нитрат қосындылары бар тыңайтқыштар пайдаланылады. Міне, сол тексеру кезінде өнімдердің құрамындағы нитрат мөлшері 1,4 есеге дейін рұқсат етілген деңгейден асқаны анықталған. Осыған байланысты, 980 килограмға жуық көкөніс пен жеміс-жидек саудадан алынған екен. Динара Ермекқызының айтуынша, бұндай тыңайтқыштардың көп мөлшерде болуы адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, тіпті улануға душар етуі мүмкін екен. Соңғы уақытта мамандар нитраты көп жеміс-жидектерді үнемі пайдалану қатерлі ісік ауруына шалдықтыратынын, оның ішінде ас қорыту жүйесінің қатерлі ісігіне, жүрек, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына әкеліп соқтыратынын ескертіп жүр. Бұған да құлақ түрген абзал. Енді байқап қарасақ, бұл қаламыздағы дүкендер мен базарлардан алынған зерттеу нәтижесі. Алайда еш құжаты жоқ қаншама «жабайы» сауда орындары бар. Өкініштісі, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бұларды тексеруге ешқандай құзыры жоқ екен. Ал қарапайым халықтың басым бөлігі саудасын осындай «жабайы» орындарда жасайды. Сонда саудадағы көкөністер мен жеміс-жидектердің адам ағзасына қаншалықты зиянды екені беймәлім болғаны ма?!
Тағы бір айта кететіні, Қазақстан азық-түлік өнімдерінің әлі күнге 60 пайыздан астамын алыс-жақын шетелден тасымалдайды. Соның ішінде жеміс-жидек пен көкөністің көп жағдайда Қытай мен Өзбекстаннан келетінін бәріміз білеміз. Осы тұста өз халқымыздың көкөніс пен жеміс-жидектерге сұранысын өзіміз қанағаттандыра алмаймыз ба деген сауал туады. Қандай жағдайда өсіргені беймәлім жеміс-жидекті сатып алғанша, өзіміздің бақшаларымызда өсірілген жемісті неге алмасқа?!
Шыны керек, қалың жұрт сауда жасағанда сатып алар жемісінің құрты жоқ, сырты бүтін және бағасы қолжетімді болғанына назар аударады. Ал сол сырты тегіс, шірімейтін алманың астында қандай құпия жатқанын ешқайсымыз ойланбаймыз да. Сол себепті, әсіресе жаз мезгіліндегі «жабайы» сауда нүктелерінде сатылатын көкөніс пен жеміс-жидектің сапасы жіті қадағалану қажет. Рұқсат қағазы жоқ, әкелінген тауарының да құжаты жоқ сауда жасаушылармен күресті күшейткен абзал. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарын көбейткен жөн. Сонда зертханалық тексерулерді жиі өткізуге де мүмкіндік болады.
Гауһар НӘБИОЛДАҚЫЗЫ