Жемқорлықпен күрескен сайын одан құтылудың жолы да жеңілдеп барады. Соған қарағанда біз қожанасырмыз отырған бұтағын өзі балталайтын. Не әдейі әпенделікке салынамыз. Былтыр кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы «бір түрлі» заң жобасы мақұлданды. Әй-шәй дескендер сирек болған заң жобасының «бір түрлілігі» неде дерсіз. Атап айтқанда, Қылмыстық Кодекстің 10-шы бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар «анау -мынау» жазатайым аңдаусызда аяғын шалыс басқандардың жазасын жеңілдету емес. Керісінше, көбіне — көп экономикалық қылмыс жасағандардың жазасы жеңілдету көзделді. «Алаш айнасы»осы мәселеге үңіліп көрген еді.
«Заң жобасы Қылмыстық Кодекстің 10-шы бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Біріншіден, заңсыз жолмен алынған қаржыны немесе өзге мүлікті заңдастыру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген баптың қолдану аясы тарылады. Яғни, заң жобасы арқылы қылмыстық жолмен жасалған заңдастыру үшін ғана қылмыстық жауапкершілік жүктейді деген өзгеріс енгізіледі. Екіншіден, жалған мәлімет бергендерді бас бостандығынан айыру туралы 2-бапқа өзгеріс енгізіледі. Үшіншіден, эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзғандар мен өзін жалған түрде банкротпын деп жариялағандардың жазасын жеңілдету көзделген. Төртіншіден, заңсыз кәсіпкерлікпен және заңсыз банктік қызметпен айналысқандарды, сондай-ақ акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы балама жазалармен, яғни түзету жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазаларымен алмастырылады деп көзделген». Мұнда онсыз да ушығып кеткен жемқорлардың жолына «гүл» сеуіп берген жоқпыз ба? Обалымызға қарай, мұны ойлағандар аз болып тұр.
Әсіресе, апшымызды қуырғаны «эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзғандар мен өзін жалған түрде банкротпын деп жариялағандардың жазасын жеңілдету көзделген. Төртіншіден, заңсыз кәсіпкерлікпен және заңсыз банктік қызметпен айналысқандарды, сондай-ақ акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы балама жазалармен, яғни түзету жұмыстары» дейтіні.
Екі күннің бірінде болмаса да, сансыз «озық» жобалардың қарап, қаңырап қалуы қалыпты құбылысқа айналған бүгінгі таңда бұл «іздегенге сұраған» еместігіне кепіл кім? Жалған кәсіпкерлікпен, шетелде қалыптасқан терминмен айтқанда, кір жуғыш мәшине арқылы бюджеттің миллиардтаған қаржысын қалтасына басқандардың жазасы жеңілдетілуі сыбайластықтың онсыз да «ғұмырлы» ғұмырын ұзартпақ. Осындайда өзіңізде жоқты өзгеден көріп, қызығасыз. Көзі қысық, өзі пысық көршіміз есімізге түседі…
Естеріңізде болса, былтыр шілденің басында Пекиннің екінші халық соты Қытайдың бұрынғы теміржол министрі Лю Чжицзюньді өлім жазасына кесті. Қытайдың мемлекеттік «Xinhua» агенттігінің жазуынша, бұрынғы министр пара алып, қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін айыпталған. Шешімге сәйкес, оның жазасы екі жылдан кейін жүзеге асырылатын болған еді. Деректер Қытайда 100 мың юань пара алғандар өлім жазасына кесіледі екен. 100 мың юань теңгеге шаққанда 2,5 миллион теңге шамасында. 2,5 жарым-ақ миллион! Бізде миллионды емес, миллиардты місе тұтпайтын жемқорлар жүр.
Халықаралық Transparency International қозғалысының 2013 жыл бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізген зерттеулері Қазақстанның 177 ел арасында 140-шы орын алғанын жария етті. Әлбетте, халықаралық сарапшылардың сөзіне күмәнмен қарасақ та, бұған назар аудармауға болмайды. Зерттеуде Қазақстан екі тармақ бойынша төмендеген. Ол 2012 жылмен салыстырғанда жемқорлықтың өскендігінің көрсеткіші көрінеді.
Енді былтырғы жыл қорытындысы аталған халықаралық ұйымның жемқорлықты қабылдау индексі негізінде Қазақстанда ең өзекті проблеманың бірі – жалған кәсіпкерлік, көлеңкелі бизнес болып табылыпты. Сөйте тұра, «заңсыз кәсіпкерлікпен және заңсыз банктік қызметпен айналысқандарды, сондай-ақ акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы балама жазалармен… алмастырылады…». Пародокс! Жоғары жақтағы ғұламалар мұны түсінетін шығар. Бірақ біз секілді қарапайым бұқараның шақша басына сыймайтын түсінік… Мүмкін басқалардай «данышпан» емеспіз бе, қайдан білейік….
Енді мынаны қараңыз… Кейінгі жиырма жылдықта шетелге елімізден заңсыз түрде 123,057 млрд. АҚШ доллар шығарылған. Қаржы полициясының статистикасы арқылы жасалған сараптама экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар арқылы жасалған қылмыстардың салдарынан мемлекетке келген зиян 7,5 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Одан қалды қазіргі уақытта Қазақстандағы жемқорлық – мемлекеттің қаржысын мақсатсыз жұмсау формасын игеріп алған. Қаржы полициясының дерегінше, сыбайлас жемқорлықтың 78 пайызы әкімдіктердің мемлекеттік сатып алу саласында. (!) Енді түзетілген заңға үңілейік… «Үшіншіден, эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзғандар мен өзін жалған түрде банкротпын деп жариялағандардың жазасын жеңілдету көзделген…» Енді тағы да шақшадай бастағы шөкімдей миымызға тағы салмақ салып көрейік… Басқасын айтпай-ақ қояйық, ал осы күні «банкротпын» деп аузын қу шөппен сүртетіндер кімдер? Бұл жұмбақтың шешуі де аса қиын емес. Тағы сол мемлекеттің қаржысы «мақсатсыз» құйылған жүрімі үзілген жобалар. Сонда кімнің жазасын жеңілдетіп, кімнің сойылын соғып кеттік? Жемқорларды желкелеп, құстырғанымыз емес, маңдайынан сипап, арқасынан қаққанымыз ба бұл? Әлде қараша жұрттың емес, қарынның қамын жеуден аспағандық па? Бұл да біздің «қарапайым» «басымызға» «арналмаған» сұрақ екен… Мүмкін «ғаламдық» деңгейде қаржы қымқыруды үйренгендер жауап бере алатын шығар бұған… Әлде жемқордың жолын кесу үшін қазаққа қытайша ойлау керек пе?..
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды
http://alashainasy.kz/politics/49185/