Бүгінде, Қазақстан көшбасшысының қойған міндетіне сәйкес, «Нұр Отанның» Парламенттегі депутаттары, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, «Коррупцияға қарсы тұру туралы» жаңа тұрпатты заңның жобасын пысықтауда. Бұл жоба елді елең еткізерлік жаңалықтарға толы.
Қазақ елінде қазіргі және бұрынғы барлық шенеуніктерге қатысты «досье» түзілетін көрінеді. Сыбайлас жемқорлықпен күреске тың қарқын, соны серпін, тіпті өктем пәрмен беруге тиісті жаңа заң жоба елімізде мемлекеттік қызметте бүгінде істейтін және бұрындары істеген барша тұлғалардың жеке және кәсіби қасиеттері, сондай-ақ олар жол берген заң бұзушылықтар, олардың жауапкершіліктің қандай түрлеріне тартылғандығы және мемлекеттік қызметтен кету себептері туралы мәліметтерден тұратын «Бірыңғай электронды деректер базасын» ендіруді көздейді. Тағы бір жаңалық: Конституциялық кеңес төрағасы жыл сайын Парламентте Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың сақталуы туралы жолдау жариялайтыны мәлім. Енді дәл осылайша, алда коррупциямен күреске жауапты құрылымның да «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі және коррупцияға қарсы саясат іс-шараларын жүзеге асыру туралы есеп» беруі ойластырылуда. Заң жобасында бұл – «жемқорлықтың алдын алу шаралары» ретінде аталған. Бұған қоса, осындай шара ретінде елімізде «коррупциялық тәуекелді талдау» атты жаңа тетік іске қосылуы ықтимал. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің «коррупцияға айрықша бейім» учаскелері анықталады да, оларға қатысты «коррупциялық тәуекелді талдау» жүзеге асырылады деп күтілуде. Жобада мұндай шараны жүргізу тәртібін Үкімет бекітеді деп көрсетілген. Ал меморганның не жергілікті өзін-өзі басқару органының қандай да бір қызмет теліміне әлгіндей «жемқорлық талдау» жүргізу қажеттілігі туралы шешімді Қаржы полициясы қабылдайды деп тұспалдануда (заң жобасында осылай айтылған). Сыбайлас жемқорлыққа шын мәнінде жойқын соққы беру үшін Елбасы бұл іске қоғамды кеңінен тартуды жүктеген болатын. Осыған сәйкес, «мемлекеттегі коррупцияға қарсы саясатты жүзеге асыру тиімділігін арттыру мақсатында» Қазақстанда «мемлекеттік және қоғамдық бақылаудан тұратын Бірыңғай бақылау жүйесі құрылады» делінген заң жобасының 9-бабында. Рас, қоғамдық ұйымдар қазірдің өзінде жемқорлықпен күресте мемлекетке қолғабыс етуге тырысуда. Бірақ алдынан «алтықабат арқан» болып керілетін әртүрлі тоспалар олардың қол-аяғын байлап-матап тастауда. Заң жобасын әзірлеушілер осы кедергілерді құлату үшін үлкен өзгерістерге баруға бекінген көрінеді. Мысалға, құжаттың 10-бабы бірқатар деректерді олар бүркемеленіп келген «коммерциялық және банкілік құпия» сипатынан мүлдем айырмақ. Атап айтқанда,егер бұл бап өтсе, онда жергіліктісі, шетелдігі, республикалығы бар, барлық кәсіпкерлер мен компаниялардың әкімдерге және өзге де шенділерге беретін қайырымдылық және басқа да көмектерінің түрлері мен ол қаржының мөлшері егер қоғамдық ұйым сұраса, бұдан былай жария етілуге жатады. Сондай-ақ әкімқаралар және өзге де биліктегілер (заң жобасында «мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазымды және өзге тұлғалар, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар» деп атап көрсетілген) өзінің әйелін (ерін) және жақын туыстарын жұмысқа алғандығын, сондай-ақ олармен бюджет қаржысына қандай да бір қызмет көрсету не жұмыстарды орындау бойынша азаматтық-құқықтық келісімшарт бекіткендігін қоғамнан жасырып қалмауға тиісті. Заң жобасында бұлардың барлығы «конфиденциалды болып табылмайтындығы және коммерциялық немесе банкілік құпия бола алмайтындығы» қолмен қойғандай жазылып отыр. Қазақстанда енді ірі коррупционерлерді құрықтауға көмектескен адамдар туралы барлық ақпарат «мемлекеттік құпияға» жатқызылатын болады. Бұл үшін ұлттық заңнамаға «сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға жәрдем көрсеткен тұлғаларға» мемлекет беретін кепілдіктер ендірілгелі отыр. Жемқорлыққа қарсы тұру туралы жаңа заңда ол кепілдіктерге үлкен орын берілуде. Атап айтқанда, осы заң жобасының 15-бабында «коррупциялық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе өзге де тәсілмен коррупциямен күреске жәрдем көрсетуші тұлға мемлекеттің қорғауында болады» деп нақ жазылған. Ал осы баптың екінші тармағы жемқорлардың «шортанын» торға түсіріп берген тұлғаның кім екендігін білетін құқық қорғау органдарының және басқа мекемелердің қызметкерлеріне міндеттеме артады: егер олар әлгі адам туралы ақпарды «отыз екі тістің арасынан» шығарып алса,жаза тартады. «Коррупциямен күресте жәрдем көрсетуші тұлға туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және тек аталмыш заңның 12-бабының 2-тармағында көрсетілген (яғни коррупцияға қарсы тұрушы–авт.) органдардың немесе соттың сұрауымен ғана ұсынылады. Бұл ақпаратты жария ету заңмен белгіленген жауапкершілікке соқтырады» делінген заң жобада. Бір қызығы, Қазақстанда халық қазынасы мен ел қаржысын талан-тараж етуші пайдакүнем, парақор шенділерді ұстап беру «табысты іске» айналатынға ұқсайды. Қазірдің өзінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі парақорларды қолға түсіріп бергендерге қаржылай сыйақы қарастыруда екен. Ал мына жаңа заңмен мұндай ынталандыру заң жүзінде рәсімделмек. Қазірдің өзінде сарапшылар ондай «принципті» тұлғалардың алар сыйақысын соның көмегімен қолға түскен пара не талапай болудан сақтап қалынған ел қаржысы көлеміне тәуелді етуді, яғни соның қанша пайызын алатындығын заңмен бекітуді ұсынуда. Осы заң қабылданысымен, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлау әрбір мемлекеттік қызметшінің міндетіне айналады. Рас, «қылмыстық әлем» жаргонында бұл «тоқылдақтық» («стукачество») деп аталатыны бар, ал заң бойынша ол – Отан алдындағы адалдықтың белгісі. «Мемлекеттік органның басшысы коррупциялық құқық бұзушылықтардың, өзін аталмыш бұзушылықтарды жасауға итермелеудің шынайы жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні қудалаудан қорғау бойынша шаралар қабылдауға міндетті» делінген жобада. Әрине, сол меморганның басшысының өзі ұйымдасқан қылмыстық топтың«серкесі» болып шығуы ғажап емес. Мұндайда мемлекет қорғау мәселесін өз қолына алып, тіпті куәгер тұлғаға оққағар беруі, үйі мен отбасына күзет қоюы мүмкін екен. Бұл турасында заң жобасында «қажет болған жағдайда» құзырлы органдардың ондай тұлғалардың «жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігі» нықталады. Рас, осындай барлық мемлекеттік кепілдіктер «қасақана жалған ақпаратты хабарлаған тұлғаларға таралмайды»! Биліктегі жоғары лауазымды тұлғаның абыройына дақ түсірген ондай қарау ниеттілерді қайта мемлекеттің өзі қудалайтын болады. Жалпы, қолы ғана емес, ойы да арам шенділердің, мемлекеттік қызметке заңсыз баю мақсатында ұмтылатындардың үрейі шындыққа айналуы ықтимал. Жақында ел Парламенті құқық қорғау органдарына қызметке тұрушыларды тек «жалғандық детекторынан» өткен соң ғана қабылдауды талап ететін заңға өмірге жолдама бергені мәлім. Ал енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру туралы жаңа заң жобасында «коррупциялық құқық бұзушылықтар жасау тәуекелі жоғары», яғни қолынан бюджеттік мол ақша өтетін лауазымдарға тағайындау кезінде, кандидаттың полиграфологиялық зерттеуден өтуін міндеттемек! Бұл заң жоба ерлі-зайыптыларға және туған-туыстарға мемлекеттік бір мекемеде бірге жұмыс істеуге тыйым салуды қарастырады. Заң жобасында мемлекеттік функцияларды орындайтын барлық тұлғалардың «сыйлықтар қабылдауына тыйым салынғалы» отыр. Рас, осыны талап ететін 22-баптың 2,3 тармақтарында оларға хаттамалық немесе өзге де ресми іс-шараларды өткізу кезінде тек құны 10 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (18 мың теңгедей) символикалық ықылас белгілерін және символикалық кәдесый-сувенирлерді, сондай-ақ дипломатиялық сыйлықтарды алуға рұқсат етеді. Қазіргі кезде қолданыстағы заң мемлекеттік қызметке тұрғандарды соған дейін жүргізген бизнесінен қол үзуге мәжбүрлейтіні мәлім. Жаңа заң жобасын әзірлеушілер одан әріге баруға «бекініпті»: егер ол қабылданса, мемлекеттік қызметшілерге тіпті мемлекеттік қызметтен кеткен соң да, белгіленген мерзім бойы, бұған дейінгі өз өкілеттіліктерін орындаумен тікелей және жанама байланысты болған қызметпен айналысатын коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға жұмысқа тұруға тыйым салынады! Осылайша «мүдделер қақтығысының алдын алуға және реттеуге» ұмтылыс жасалуда. Бұл талап айналасында алда әлі талай талас-тартыстар өрбитіні даусыз. Өйткені құқық қорғау органдарында қызмет еткен тұлғалардың артынша әлдебір ұйымның «қауіпсіздік қызметінің» басшылығына шақырылатындығы, БҒМ жүйесіндегі шенділердің әлдебір оқу орнында орын сайлап, «көшіп» алатын жағдайлары сирек емес. Енді оған тыйым салынса, олар қайда барады? Әрине, талап-жауапкершіліктің күшеюімен бірге ынталандыру шаралары да артпақ. Әйтпесе мемлекеттік қызметтің тартымдылығы азайып кетер еді. Бұл ретте заң жобасында «тиісті лауазымның өкілеттігі мен жауапкершілігіне қарай материалдық негізін және әлеуметтік кепілдіктерін» қарастыру көзделуде. Айхан ШӘРІП |
Предыдущий