Қазақстан – кең байтақ. Бірақ сайын даланың қай түкпіріне барсаңыз да, жер жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қаласының айналасы баспана деуге келмейтін де үйлердің үйіндісіне айналды.
Осының салдарынан көлік кептелісін айтпағанда, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын шешу де мұңға айналды. Жұрт «сәулет өнері» деген ұлы ұғымды ұмытқалы қашан. Қазір оның орнын қалайда тұрақтап қалудың жолын іздеу амалы басты. Ел үкілі үмітпен үй салған жерге су, газ, жол, балабақша, мектеп, емхана, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын салу керектігін талап ететіні де бесенеден белгілі. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Ал халық көп жағдайда мемлекет қаржысы қайда, қалай жұмсалатындығын ескере бермейді. Бұған осыған дейінгі талай-талай тосын оқиға нақты дәлел болды, ойландырды, толғандырды.
Қазақстандықтар «Шаңырақ» оқиғасын әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Бұл даудың басы да бей-берекет үлестірілген жерден, заңсыз салынған қоныстанудан, әкімқаралардың қара жердің қадірін білмеуінен, ертеңгі күнді ескермеуінен, жұмысына жауапсыз қарауынан туындаған-ды. Тығырыққа тіреген түйінді мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешті. Алматыда Алатау ауданы дүниеге келді. Тау етегіндегі қисынға келмейтін құрылыстар бұзылды. Президенттің талғамнан шығар талаптары Алматыны бірсыпыра қалыпқа келтірді. Десек те…
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арнап өткізген кеңесте жер мәселесі тағы да талқыға түсті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана айналасындағы 30 шақырымдық аймақтан жер телімін беруге мораторий жариялаймын» деді. Бұл өте орынды ұсыныс болды. Өйткені ушыға бастаған маңызды мәселенің бірі осы.
Айтпақшы, күні кеше өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин қазақстандықтардың мемлекеттен тек Астана мен Алматыдан ғана баспана алғысы келетіндігін айтты. Яғни ел азаматтары баспана кезегіне тек Астана мен Алматыға тұрғысы келеді. Осы мәселені ескерер болсақ, еліміздегі екі ірі қаланы тұрақтағысы келетіндер келешекте тіпті көбейетіні сөзсіз. Көпқабатты үйден ғана емес, қала шетінен қосымша жеке үй салғысы келетіндердің де көптігі анық. Сондықтан жерге жай қараудың күні өтіп барады.
Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Астанабасжоспар» ҒЗӨИ» ЖШС-ны аралау барысында елорданы дамыту мәселесі қаралғанын да атап өтті. «Қала тұрғындары көбейіп, 900 мыңға жетті, ал біз бұл көрсеткішке 2020-2030 жылдары жетеміз деп жоспарлағанбыз. Осыған байланысты қала құрылысы халықтың қарқынды өсуіне ілесе алмай отыр, соның салдарынан түрлі қиыншылық туындауда. Әрине, біз еліміздегі барлық қаланың дамуы үшін жұмыс жасаймыз, бірақ елордаға ерекше назар аударылуға тиіс.
Биылғы көктемде мен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар бердім. Мен олардың іске асырылу барысымен таныстым, алайда алдымызға тиісті шешімдер қабылдау қажет болатын жаңа міндеттер қойылып отыр» деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қала бойынша аумағы 7000 гектар 188 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Алайда кемшіліктер әлі де бар екен. «Бас прокуратураның мәліметі бойынша, 11 мың гектар жер әлі күнге дейін игерілмеген және қайтарылмаған. Құрылыс үшін 711 жер телімі берілген, бірақ ол жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бұл жерлер не себепті қайтарылмай отыр? Көп сылтау айтылады. Қала әкімдігі 2008 жылдың өзінде жерді оны бастапқы құны бойынша мемлекетке беруге дайын пайдаланушылармен ниет шарттарын жасасқан. Бір кездері жер телімдері арзан бағамен сатып алынған, ал құрылыс салу уақыты келгенде ол жер телімдері үшін жоғары баға талап етіп, мемлекетке тиесілі жерден көп ақша жасап отыр. Мұндай бассыздықты тоқтату керек. Бұл адал жолмен келген ақша емес. Жер иелеріне бір кездері жұмсаған қаражатының заң бойынша қайтарылуы басқа мәселе. Ал мемлекет мұқтаждығы туралы мәселе қойылғанда, жер қайтарылуға тиіс. Бізде барлық заңнамалық мүмкіндік бар» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұл мәселе Алматыға да қатысты екендігін атап өтті. Демек жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін оны жалғастыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаев елордаға іргелес аудандарда жер мәселелеріне қатысты тәртіп жоқтығын, соның салдарынан аумақты өз бетімен басып алудың кездесіп жататынын ерекше атап өтті.
– Астана маңындағы жерлерді игеру жүйесіз жүргізілуде. Адам саны қазірдің өзінде 2015 жылға болжанған межеден асып барады. Бүгінде онда 156 мың адам тұрып жатыр, ал жер телімдерін алу кезегінде 175 мың адам тұр. Азаматтарға 10 сотық жер тиесілі екендігін пайдаланып, адамдар өтініш беруде. Бірақ ол жерлерді коммуникация жүргізілген жерлерден ғана беруге болады. Егер жерлер дайын болмаса, онда ол пайдалануға берілмеуі тиіс. Бұл тұста тәртіп орнату қажет. Сондықтан мен Астана айналасындағы 30 шақырымдық аймақтан жер телімдерін беруге мораторий жариялаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Ақмола облысы әкіміне қала маңында орналасқан барлық елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізуді ұсынды. Сонымен қатар Елбасы тұрғын үй бағасына жасалған талдауды да назардан тыс қалдырмады.
– Орташа алғанда, бір шаршы метрдің бағасы өз құнынан 2-3 есе артық. Мысалы, өзіндік құны 1000 доллар болатын «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенінде пәтердің шаршы метрі 3,5 мың долларға сатылуда. «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде өзіндік құн 1,5 мың доллар, ал баға қазір 4-5 мың долларға жеткен. Өзіндік құны 1300 доллар болатын «Париж кварталында» пәтерлер 5 мың доллардан сатылуда. Бұл – тым шарықтап кеткен баға. Бірақ «Еуропа Палас» тұрғын үй кешенін салған компания бар болғаны 1,6 миллион теңге салық төлеген.
Бұл салада бағаны көтерген цемент өндіретін кәсіпорындардың арасында ымыраластық бар. Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұған неге қарамайды? Табыс та болуы тиіс, бірақ 5-6 есе емес қой. Ешкім мониторинг жүргізбейді. Бұл мәселені Астана ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері бойынша қарау керек. Тиісті мемлекеттік органдар осымен айналысуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев қала құрылысы қарқынды жүргізілген алғашқы жылдары көптеген ғимараттың сапасыз материалдармен қапталғанын, осыған байланысты Президент елорданың эстетикалық безендірілуі мәселелеріне назар аударуды тапсырды.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамытуға, қаланы абаттандыруға және жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Премьер-министр С.Ахметов, Президент әкімшілігінің басшысы К.Мәсімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ғ.Әбдірахымов, Бас прокурор А.Дауылбаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов қатысқан алқалы жиын қаланың ішін де, сыртын да көріктендіруге арналды десек те болады. Жер қымбат, ал ел мүддесі одан да қымбаттығын емеурінмен түсіндірген Елбасының ұсыныстары мен пікірлері жұрттың ойынан шығары даусыз.
Президенттің пікірінде ойға оралатын бір нәрсе, қала маңында арзан бағаға сатылған жерлерді мемлекетке қайтарып алып, халық қажетіне қарай демалыс орындарына айналдыру, сәулет өнерінің соңғы үлгілерімен елді мекендер салу маңызды. Елордада ел назарын аударған «Жасыл белдеу» әр қалаға керек. Шаһарға шабыт беретін, тұрғындардың талғамын өсіретін де осындай сұлулық. Әсемдікпен әрленген қала ғана мәдениеттің ордасына да айнала алады. «Театр – киім ілгіштен басталатындығын» ескерсек, қала мәдениеті кіреберістен басталары ақиқат.
Кейде телеарналардан, интернетті қарап отырсаңыз дамыған елдерде ірі қалаларға кіреберістер көркімен көз тартады. Жасыл желек, әдемі ауылдар, елеулі ескерткіштер… Қай қалаға, қандай қалаға кіріп келе жатқаныңызды көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінесіз. Тазалық пен тәртібі қалыптасқан қаланың табалдырығының өзі сырттан келгендерді сүйсіндірмей қоймайды. Демек еліміздің барлық қалалары, оның ішінде Астана мен Алматы сырттан келетін қонақтарды хан сарайына келгендей әсерде қалдыруы тиіс.
Дуанабай Жолдасбек
http://www.aikyn.kz/news/view/36916