Мемлекет басшысының «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы алқаптарын жаппай түгендеу ісі басталған болатын.Кеше Үкімет ел тарихында осынша кең ауқымда және кешенді түрде тұңғыш рет жүргізіліп отырған «жер ревизиясының» аралық қорытындыларын шығарды. Президенттің бастамасымен қолға алынған осы инвентаризация барысында өңірлерде бұған дейін жерге қатысты «сыр» болып келген біраз жайттың беті ашылған. Осы орайда Премьер С.Ахметов Үкімет жиыны қорытындысы бойынша Елбасы атына жолданатын арнайы хаттың жобасын әзірлеу туралы тапсырма берді
«Қазақстан жері (аумағы) тұтастай алғанда, 272 миллион 490 мың гектарды құрайды. Соның ішінде 222 миллион 240 мың жер ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға жатады. Оның ішінде егістік – 29,41 млн га, көпжылдық екпелер – 0,12 млн га, шабындық – 5,16 млн га, ал жайылым – 187,55 млн га.Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданының 40%-ы немесе 90,6 миллион гектары қазір ауыл шаруашылығы айналымына тартылған» деп баяндады Үкімет мүшелеріне Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев.
Қазақстан Көшбасшысы қаптаған шаруа қожалықтарына, фермерлерге, егінмен және басқа да ауыл шаруашылығы істерімен айналысатын компанияларға бөлініп берілген осы 91 миллион гектардай жерге толық түгендеу жүргізуді жүктепті. «Бұл жұмыс 3 кезеңге – 3 жылға есептелген, – дейді бірінші вице-министр. – 2012 жылы бұл іс басталып кетті. Еліміздегі жалпы саны 161 ауданның ішінен 57-сінің және облыстық маңызы бар 30 қаланың бесеуінің, барлық 2 мың 453 ауылдық округтың ішінен 800-ден астамының, сондай-ақ 220 мың 300 шаруашылық субъектілердің ішінен 67,5 мыңының алқаптары тексерілді». Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Алматы мен Астана қалаларының ауыл шаруашылық алқаптарын түгендеу келесі 2014 жылы жүрмек, еліміздің айрықша мәртебедегі қос қаласы, осындай жерлерінің ауданы үлкен болмағандықтан кейінге қалдырылыпты.
– Бірінші кезеңде 30,7 миллион гектар жер ендігі инвентаризацияланды, – деді Қайырбек Айтбайұлы. – Оның барысында
3 миллиондай гектар жердің пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Біздің министрлік бүгінде облыстар әкімдіктермен бірлесіп, бұл жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын құрды. 2013 жылы 3 миллион гектар жер толығымен айналымға қосылады. Әйткенмен, бұл оңайға түспеуі мүмкін. Әдетте банктер жерді кепілзат ретінде қабылдамайды. Алайда мемлекеттен алған ауыл шаруашылығы жерін банкке кепілге өткізіп, қыруар кредит қаржы ала алғандар бар екен.
«Жердің көптеген жылға кепілге қойылған фактілері бар, – деді журналистерге Қ.Өскенбаев. – Бұл бізге үлкен жүк салып отыр. Кейбірі жерді кепілге береді де, кейін өзі де пайдаланбайды, содан бұлармен жұмыс біраз созылып кетеді. Қазір қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Оған сәйкес, талап қатайтылады. Біреу қайта жалға беріп жіберген, біреу сатып жіберді, басқа біреуі тағы да бірдеңе жасаған, соның барлығын заң жүзінде қараймыз, шешеміз».
«Инвентаризация қорытындысы бойынша қылмыстық істер қозғала ма? Құқық қорғау органдарына материалдар жолдадыңыздар ма?» деп сұрадық. «Түгендеу қорытындыларын ашық түрде барлық органдарға жібергенбіз. Олар өздері шешеді» деді бірінші вице-министр. Жер түгендеудің тек бірінші кезеңінің қорытындысында-ақ қаптаған жөнсіздіктер әшкереленуде. Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасарына сенсек, олар сан алуан: инвентаризация барысында «нақты жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерінің саны-на қатысты сәйкеспеушіліктер» анықталған, ревизорлар бір шаруашылықтың орнында мүлдем басқасына кезіккен, яғни «олардың атауы мен шаруашылық жүргізу нысандары өзгеріп кеткен». Пайдаланылмай, құлазып жатқан жер телімдерінің үстінен түскен. Нақты кесіліп берілген жерінің ауқымын өз бетімен ұлғайтып алғандар табылыпты. Егістіктің көп алаңдарын астына басып, бірақ соның шағын бөлігін ғана іске жаратып отырған «мешкейлер» кездескен.
Көптеген алқаптарда суландыру желілерінің әбден тозығы жеткендігі белгілі болуда. «Барлық желілердің шамамен 60%-ы қайта қалпына келтіруді, ішінара шығынға жазуды қажет етеді. Негізінен, жайылым алқаптарында суландыру көздерінің жетіспеушілігіне байланысты проблемалар және басқа да фактілер анықталды» деп әңгімеледі Қ.Өскенбаев.
Егжей-тегжейлі баяндаманы мұқият тыңдаған Үкімет басшысы С.Ахметов аймақ басшыларына бұрылды. Оның Алматы облысының әкіміне қояр сауалы көп екен.«Өңірлік даму министрлігі берген ақпарға жүгінсек, сіздің облыста барлығы 18 мың 510 фермерлік шаруашылық тіркеуде тұр. Ал инвентаризациялаудың тек бірінші кезеңінің өзі Алматы облысында тіркелгені мен іс жүзінде жұмыс жасайтындары арасындағы айырмашылықтың 2 мыңға дейін жететіндігін әшкереледі» деді Премьер.
– Иә, 1745 шаруашылық, – деп растады Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов.
– Сонда статистика қалай жүргізіледі? – деп қайран қалды Премьер. – 1800-дей бірлікке қалай қателескен? Сіздерде бұл шаруашылықтар шын мәнінде жоқ. Ал олардың меншігіне жерлер бекітіліп берілген! Өңірдегі әкімдер қалай жұмыс жасауда? Егер олар өздеріне сеніп тапсырылған аумақта қанша фермерлік шаруашылықтың барлығын нақты білмесе, өз шаруаларын қалай жүргізіп отыр? Осыдан келіп, бізде есепке алу, тіркеу ісі ақсауда. Біз алда екінші, үшінші кезеңдердің нені әшкерелейтіндігін көреміз!
Облыс әкімі ол шаруашылықтардың«не жойылғандығын, не бір-біріне қосылғандығын» нақтылады. «Бұл – аудан әкімдерінің айналысуға тиісті жұмыстары. Мұны сіздің өзіңіз де жақсы білесіз» деп ескерткен Үкімет жетекшісі барлық әкімдерге Өңірлік даму және Ауыл шаруашылығы министрліктермен бірлесіп, осы бағытта өте салмақты жұмыс жасауды тапсырды. Осыдан кейін ол СҚО әкіміне қайырылды: «Сіздің облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ең үлкен ауқымдағы егіндік жерлер табылған. 100 мың гектардан астам! Мұнымен не істемексіз?»
– 102 мың гектардың 52 мыңы биылғы жылы айналымға тартылады. 100 мыңның жартысындайы – 40 мыңы мәжбүрлі түрде қайтарылады, – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров.
– Есіңізде болсын! Бұл жұмысты жеңілдетпеңіз, – деп баса айтты Серік Ахметов. – Биылғы жылы жартысы айналымға тартылады дейсіз. Соттар арқылы алып өтуге ғана жылдан артық уақытыңыз кетеді! Бұл қарапайым, оңай жұмыс емес. Айналымға тартпас бұрын, сіздер бүкіл қажетті заңгерлік жұмыстарды жүргізулеріңіз керек. Егіндік жерлердің әрбір гектары қандай да бір шаруашылықтың, заңды не жеке тұлғаның атына бекітілген. Заң бар, бәрі заң жүзінде жүруі қажет, – деген Үкімет басшысы әсіресе, негізгі шаруашылығы ауыл шаруашылығымен байланысты, экономикасы соған тәуелді өңірлерде «әрбір гектар жер – әкімнің есебінде тұруға тиістігін» нықтады.
Үкімет отырысын қорыта келе, Премьер «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиісті дәрежеде тіркеудің және жүйелі жұмыстың жоқтығын» сынға алды. Тіркеуде тұрған және шын мәнінде жұмыс істейтін фермерлік шаруашылықтар арасында статистика 10 пайызға сәйкеспейді екен. «Яғни осынша шаруашылық субъектілері өмірде жоқ. Бұл нені білдіреді?» деген Серік Нығметұлы мұның жауабын өзі берді: «Бұл – ол жақта жерге қатысты арендалық құқықты қайта сату жүріп жатыр деген сөз. Шаруашылықтар тіркеледі де, артынша жойылады. Ағымдағы инвентаризация барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7 мың пайдаланылмай жатқан жер телімі табылды. Шаруа және фермерлік шаруашылықтар атына бекітілген шамамен 1,5 миллион гектар жердің пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Есептік және іс жүзіндегі мәліметтер арасындағы айтарлықтай алшақтау Павлодар облысында (113,3 мың гектар), Шығыс Қазақстан облысында (77,5 мың), Ақмола (54,5 мың) және Қарағанды облыстарында (53,2 мың гектар) орын алып отыр» деген ол мәліметтердегі алшақтауларды жоюды жүктеді.
Айхан ШӘРІП