АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖЕТІГЕННІҢ ҮСТІНДЕ БИЛЕУ ЖЕТЕСІЗДІК ЕМЕС ПЕ?

фудмастерЕліміздегі сүт өнімдерін өндіретін «ФудМастер» компаниясы түсірген жаңа жарнамалық ролик еріксіз назарымызды аударды. 
«ФудМастер» ұсынған табиғи йогурт­тегі ас қорытуға арналған табиғи ингриденттер мен пайдалы бактериялар өзіңізді жеңіл сезінуге мүмкіндік бе­ретіні соншалық, тіпті жеңіл әуенге де би­леп кетесіз» деп басталатын мәтін ба­рысында әуелі отанасы, сосын отағасы қазақтың көне аспабы – жеті­геннің үстінде қол ұстасып билей жө­неледі. Ол аздай сәлден кейін олардың қатарына балалары келіп қосылады. Бүтіндей бір отбасының ұлттық мұрамыздың әр шегіне шығып, асыр салуына қарағанда, жарнама иелері жетігеннің шығу тарихынан мүлдем хабарсыз сияқты. Басқа да білмейтін кісілер болса, же­тіген аспабы туралы аңызды еске сала кетейік.

Ертеде бір қарияның баға жетпес байлығым деп балаған жеті ұлы болып­ты. Бір жылы ел ішінде қатты жұт бо­лып, мал қырылады. Жұрттың ішерге асы, тігерге тұяғы қалмайды. Талай жан­ды жалмаған аштық қарияның үйіне де жетеді. Әуелі үлкен ұлы Қания зұлмат құрбанына айналады. Тұңғы­шы­нан айы­рылған ақсақал кепкен ағаш­тың бөлігіне шек салып, ұлының бір асығын тиек қылып, «Қарағым» күйін арнайды. Көп ұзамай екінші ұлы Төралым бұл пәнимен қош айтысады. Бұл жолы екінші шек тартып, екінші асықты тиек қылып, «Қанат сынар» күйімен жоқтайды. Бірақ қайғы бұлты мұнымен тарқай қоймайды. Бала­пан­дары бірінің артынан бірі ілесіп, о дүниеге мезгілсіз кете барады. Байғұс әке әр жолы бір шек пен бір асық қосып отырады. Сөйтіп үшінші ұлы Жай­келдіге «Құмарым», төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көш­ті», алтыншы ұлы Жүлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Жетінші ұлы Қиясты жерлеген соң жетінші шекті тартып, «Жеті баламнан айырылып құса болдым» күйін орындайды. Бұл қайғылы әуендер кейін «Жетігеннің же­теуі» деп таралып, аспап «Жетіген» ата­лып кетеді.

Жеті баланың осындай қайғысынан кейін дүниеге келген саз аспабын жарнама кейіпкерлері еш ойланбастан аяққа таптап жүргендері жанымызды түршіктірді. Көр­ген көзге бейіт үстінде билеген бейбастық әрекеттей әсер қалдырады екен. «Фуд­Мастер» компаниясының сайтында көр­се­тілген 2-44 60 00 нөмірі бойынша, күні бойы телефон шалғанымызбен, роликті кімге жасатқанын, қай агенттікте түсір­генін, сорақы идеяның авторы кім екенін біле алмадық. Орталық кеңседегі опера­торлармен тілдесу оңай емес көрінеді. Бір мәрте дөп түскенімізбен, байланысқа қос­қан директордың орынбасары да тұтқаны көтере қоймады. Дегенмен алдағы уа­қытта мәселенің мәнісін түсіндіреді, өз­дері де түсініп, қорытынды шығарады деген үміттеміз.
Ұлтымыздың ұйытқысы деп бағалай­тын «Қазақстан» Ұлттық арнасы да жар­нама түсірушілерден кеткен сауатсыздық пен қателіктің әрі қарай эфирден та­ралуына жол бермегені жөн болар еді.

Нұргүл ЖАҚЫПБЕК, «Жетіген» мектебін алғаш ашып, кітап шығарған ұстаз, өнертанушы:
– Жетіген – қазақтың көне де киелі аспабы. Осы жарнаманы жасаған адамдар­дың не ойлары бар екенін түсінбедім? Бұ­ған біздің тарихымыздан, дәстүрімізден, ұлттық музыкамыздан хабары жоқ жан­дардың білместік әрекеті деп көз жұмып қарауға болмайды. Бұл біздің киелі мұрамызды қорлау, масқаралау деп біле­мін. Әуелі жора-жолдастарым хабарласып айтқан кезде, өз құлағыма-өзім сенбей, шошып кеттім. Бұндай бассыздықты же­те­сіз адам ғана жасайды. Сондықтан «Қа­зақстан» Ұлттық арнасының басшылары­нан бұл жарнаманы тез арада эфирден алып тастауын талап етеміз!

Ұлту ҚАБАЕВА, әнші:
– «ФудМастер» компаниясы йогурт­та­рын жарнамалағысы келсе, басқа жерде де көрсетуге болады ғой, жетігеннің үстінде секірген деген не сұмдық?! Бүгін ас қорыту үшін жетігеннің үстінде ойнақ салғандар, ертең келіп басымызға не іс­темейді? Қазақтың бір қызы ретінде бұл менің намысыма қатты тиді. Өресіздік ұлттық аспапты ғана емес, елдік намы­сымызды қорлап отыр. Жерін сүйетін, Отанын қадірлейтін, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын көңілі ояу, санасы сер­гек азаматтардың барлығы мұны қол­да­майтыны анық. Өз басым түбегейлі қар­сымын.

Байдәулет Қаншайым