АЛТЫНОРДА
Новости

Жетім өзен

ьБіздің планета таңғажайып әрі құпия мекендерге бай. Жүре берсең, көре бересің, іздеген сайын шыға береді. Бұл құбылыстар қарапайым халықты ғана емес, ғылымның жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың басын шайқатып, таңдайын қақтырады. Соның бірі – Бос өзен.

Өзен Батыс Сібір аймағындағы Тисульск ауданында орналасқан. Бұл табиғи су қойма атына заты сай тым ерекше болып келеді. Барлық сыр мынада жатыр: өзенде фауна әулетінің өкілі саналатын бірде-бір жәндік мекен етпейді. Оның суында балық та, шаянтектестер де, қосмекенділер де, су асты әлеміне тән ешбір жан-жануар кездеспейді. Иә, дәл осы құбылыс өзен атауына себеп болып отыр.

Сіздің ойыңызға  израильдік Өлі теңіздің сап ете қалғанын жақсы біліп отырмыз. Бұл теңіздің суында тұздың мөлшері тым көп болғандықтан ешбір тірі организмнің өмір сүруге шамасы жетпейді. Десе де, осындай ауыр жағдайдың өзінде бактериялардың бірнеше түрін ұшырастыруға болады.

Бірақ әңгімемізге арқау болып отырған Бос өзеннің суы мүлде тұзды емес. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, өзеннің химиялық құрамы оған жақын басқа өзендерден ерекшеленбейді. Мұндай су қоймалар Алатаудың баурайында өте көп кездеседі және олардың барлығында балықтар қызу тіршілік етіп жатыр. Тек қана Бос өзен мұндаймүмкіндіктен мақұрым қалып отыр.

Сондай-ақ, Бос өзенге өзі секілді бірнеше өзендер келіп құяды. Балықтар бұл өзенге жүзіп келмейтіндіктен бе, әлде, келе сала қырылып қалатындықтан ба, әйтеуір, өзеннен оларды көре алмайсыз.

Жабулы қазан осы күнге дейін жабулы қалып отыр. Қаншама зерттеу жұмыстары жүргізіліп үлгерді, бірақ, бірде-бір ғалым өзеннің құпиясын шеше алатын болжам айта алмады.

Өзен суына арнайы жүргізілген сараптамалар химиялық құрамында ешқандай ерекшеліктердің жоқ екендігін, ешбір улы заттың табылмағандығын айтып отыр.

Жетім өзенге жаны ашыған жергілікті тұрғындар бар күш-жігерін салып тірілтпек болған екен. Олар шортан, табан, алабұға сынды көнбіс балықтарды таңдап алып, өзенге жіберіп көрген. Өкінішке орай балықтар өзенге үйренісіп кете алмады, көп ұзамай өліп қала берген.

Бос өзеннің жұмбағын шешу болашақтың еншісінде деп білеміз.

Суреттер:chudomir.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

http://massaget.kz/alemtanu/shartarap/11022