АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖЕТІМДІ ЖЫЛАТПАЙЫҚ!

жетимдерСоңғы деректер бойынша, бүгінгі күні ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 35 мыңға жуық. (34 785  адам). Оның ішінде, 12 жарым мыңнан астам бала (12 679  бала) – тұл жетім. Алайда жетімдердің басым бөлігін ата-анасы бас тартқан сәбилер, тастандылар және әкесі мен анасы сот тәртібімен ата-ана құқығынан айырылған балалар құрайды.

Осылайша, біздің балалардың шамамен 60 пайызы, ата-анасының көзі тірі болса да, жетім атануда. Бұл қоғамда имандылық тіректерінің құлдырағанын көрсететін қауіпті үрдіс. Бұл, ең алдымен, отбасылық құндылықтардың аяқасты болғанының белгісі.
Қазақ халқы ешқашанда жесірі мен жетімін далаға тастамаған. Тіпті көшпелі күй кешкен ауыр кезеңде де, ата-бабамыз осындай туыстарына қол ұшын берген. Тамағы мен баспанасын бөліскен. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз содан қалса керек. Біз бүгін мемлекет басшысының тиімді әлеуметтік саясатының арқасында берекелі де бақуатты қоғамда өмір сүрудеміз. Алайда жүрегінде мейірімі жоқ «анасымақтар» шамамен екі мың баланы сәбилер үйіне қалдырып кетуде. Ал кейбір тасжүректер өзінің жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастап кетуде.
Тағы бір проблема – шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың тағдыры. Американдық педофил Мэйоттардың отбасы Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан екі жетім баланы сексуалдық қорлыққа ұшыратты. Бұл Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді шошытқан оқиға болды. Аталған балалар ұзақ уақыт бойы осы азғындардың қорлығында болған. Егер 2009 жылы америкалық билікке ерлі-зайыпты Мэйоттар жұбының жүгенсіз қылығы туралы алғашқы дабыл келіп түскен кезде әрекет жасағанда, осы трагедияның алдын   алуға болар еді.
Алайда Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де, басқа да құзырлы орындар мен Қазақстанның АҚШ-тағы  елшілігінің консулдық қызметі де шетелдіктер асырап алған жетім балаларға тиісті бақылау жасамағандықтан, бұлай болған жоқ. Нәтижесінде, қазір бүкіл әлем басты фигуранттары біздің елдің балалары болып табылатын аты шулы сот процесін бақылап отыр. Оның үстіне, «осындай жаңа трагедия орын алмайды, шетелдегі біздің барлық балалар жақсы өмір сүріп жатыр, олардың денсаулығына еш қауіп төнбейді», – деп толық сеніммен айта алмаймыз.
Осы сауалды әзірлеу кезінде біз Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің басшыларымен консультация жүргіздік. Алайда осы мемлекеттік органдарда шетелдік отбасыларда тұратын барлық балалардың денсаулығы мен өмір сүру жағдайлары туралы толық және объективті ақпарат жоқ. Соңғы 15 жылда шетелдіктер бізден  9 мыңға жуық (8 806) баланы асырап алды, оның ішінде 6 609 бала америкалық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Қазір елімізде экономикалық және әлеуметтік саладағы жетістіктер жетімдердің де санын азайтуға мүмкіндік беруде. Алайда біз әлеуметтік жетімдер деп аталатын топты азайта алмай отырмыз. Қазірдің өзінде Қазақстанда тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, 18 жасқа толмаған балалар мен мүмкіндігі шектеулі 250 мыңнан астам бала бар. Мемлекет тарапынан елеулі материалдық қолдау болмаса, бұл балалар ата-анасы тірі болса да, кез келген уақытта жетім атануы мүмкін. Осы айтылғандарға байланысты, Үкімет елдегі жетімдер проблемасына  баса назар аударатын кез келді деп ойлаймыз. Бәлкім, отбасылық құндылықтарды жаңартуға және қоғамның әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік шешім әзірлеу қажет болар.
Енді біздің балаларды шетелдіктердің асырап алуына байланысты. Осы тәртіптің сақталуын қолдайтын үкіметтік шенеуніктер «қазіргі заңнамаға сәйкес шетелге, негізінен, ауру балалар әкетіледі, ал біздің азаматтарымыз дені сау балаларды асырап алғысы келеді» деген аргументті алға тартады. Олай болса, Үкімет неліктен ауру балаларды емдеуге қаражат таппай отыр? Өйткені, олар аспаннан түскен жоқ, өзіміздің  азаматтар ғой. Көптеген министрліктердің жыл сайын миллиардтаған қаржыны игере алмайтынын біз жақсы білеміз. Осы қаражатты, ең болмаса, интернат мекемелерде қамқорлыққа алынған сегіз мың мүгедек баланы сауықтыруға жұмсауға болмас па еді?!
Көршілес Ресей шетелде өз балаларын сорақы қорлау деректерінен  кейін оларды АҚШ азаматтарына асырауға беруден бас тартқанын білесіз. Егер біздің Үкімет ауру, жетім балаларды емдеуге құлшына кіріссе, Қазақстан да баланы шетелге беруден бас тартуға мәжбүр болмас еді? Сөйтіп, әлемдік қоғамдастықтың жалпыға бірдей қабылданған демократиялық қағидаттарына қайшы келетін қадамға бармас едік. «Ертеңін ойламаған елдің болашағы жоқ» дейді халқымыз. Жетім болсын, басқа болсын, еліміздегі әрбір бала –  біздің болашағымыз. Елдің ертеңгі иесі. Біз оның дені сау, ақыл-ойы жетілген адам болып шығуына мүдделі болуға тиіспіз. Осыны бір жақсылап ойланайықшы.

Ерген ДОШАЕВ, Мәжіліс депутаты  

http://www.jasqazaq.kz/