Семей қалалық әкімдігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынның күнтәртібіне ұсынылған екі мәселе де жетім балалардың мемлекет қамқорлығына алынуына қоғам болып үлес қосу барысына арналды. Алғашқы болып сөз алған қалалық ТҮКШ бастығының орынбасары С. Әшеловтің айтуынша, бүгінде 129 Семейдегі интернат түлектері мемлекеттік тұрғынүй қорынан пәтер алу кезегінде тұр.
2011-2014 жылдар аралығын қамтитын тұрғынүй құрылысы бағдарламасының аясында пайдалануға берілетін баспана жайын айтар болсақ, Энергетиктер кентінде 60 пәтерлік бес қабатты шағын отбасылық жатақхана және 4 көпқабатты тұрғынүй бой көтеруде. Бұл үйлердің барлығы да интернат түлектерінің баспаналы болар сәті жеткенде тұғынүй беруге қатысты заңдылықтар қатаң ескеріле келіп, табыс етілетін болады.
Жалпы, бұл мәселе облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен 2011 жылы жетім және ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларды қолдау жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспардан бастау алады. Қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлжан Алтынбекованың ақпаратына сүйенсек, Семейде 847 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
13 бала патронаттық тәрбиеге берілсе, 304 жеткіншек балалар үйінен, 70 бала сәбилер үйінен пана тапқан. Интернаттағы 237 тәрбиеленуші әртүрлі кәсіпорындар мен мекемелердің қамқорлығына бекітілген, бүгінде олардың Тұрғынүй құрылыс банкіндегі арнайы ашылған есеп-шоттарына 16. млн теңге қаржы аударылыпты. Кешенді жоспарды орындау бағытында үстіміздегі жылдың ақпан айында ұйымдастырылған акцияда 12 мекеме-кәсіпорындар тарапынан жетім және ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларды әлеуметтік-патронаттық қолдау мақсатында 18 әлеуметтік шарттарға қол қойылған екен.
Олардың әрқайсы өз мүмкіндіктеріне қарай балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына алады. Мәселен, «Физика -математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің» филиалы 4, «Семей машина жасау зауыты» АҚ-ы мен «Восток Бройлер» ЖШС-і, «Семей» кеден бекеті 2, қалған оқу орындары мен әртүрлі саладағы мекемелер бір-бірден тәрбиеленушілердің жеке есеп-шотына әр тоқсан сайын өз жалақыларынің бір күндік есебінен қаржы аударып отырмақ. Бұл қаржы күні ертең жоғарыда айтылған кешенді жоспар тізіміне еніп, кәсіпорын, мекеме қамқорлығына алынған баланың оқуына, пәтер алуына, қысқаша айтқанда аяққа қаз тұрып кетуіне зор септігін тигізбек.
Кәсіпорындардың патронаттық тәрбиесіне алынған бала кәмелет жасына жеткен соң осы кәсіпорындарда кепілді түрде жұмысқа орналасып, көп ұзамай «Тұрғынүй құрылыс жинақ Банкіндегі» есеп-шотына түскен қаражатымен жеке баспанаға да ие болмақ. Қазіргі күнде ¹3 балалар үйінің 68, ¹8 балалар үйінің 38, Шүлбі кентендегі облыстық балалар үйінің 42, ¹5 жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттың 41 тәрбиеленушісі тұрғын үй кезегіне қойылған.
Руслан Жұмағұлов, «Семей» кеден бекетінің бастығы:
Біздің мекеме ¹8 балалар үйінің екі баласын- Сұлтан Дүйсенов пен Арайлым Ысқақованы қамқорлығына алды. Қазіргі күнде кәмелеттік жасқа жеткен Арайлым мен Сұлтанның есеп-шотына әр тоқсан сайын мекеме қызметкерлерінің бір күндік еңбекақысынан қаржы аударып отырамыз. Бұл қаржы оның келешекте оқуына, әлеуметтік- материалдық қажеттеліктерін шешуге септігін тигізетін болады.
Қайырымдылық қанат жайған жерде жылу іздеген жүректердің өмірге деген ынтасы артып, ертеңіне нық сеніммен қарай алатындығы түсінікті. Мұны айқын түсінген кеденшілер өткен айдан бері жоғарыда айтылған ізгі ниетті істерін жалғастыру үстінде.
Тоқ етерін айтқанда, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қай-қайсы да облыс әкімінің кешенді жоспарының негізінде көрсетілетін қамқорлықтан хабардар болып келеді. Жиынға қатысушылар келешекте банк өкілдіктері мен бизнесмен-кәсіпкерлерді де жетімдік проблемасын бірлесіп шешуге шақыру тұрғысында пікір алмасты.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы
http://ult.kz/kz/article/view?id=1303