АЛТЫНОРДА
Новости

Жетісудағы Алаш қайраткер

Иса-ТергеусизовЖетісуда Мұхамеджан Тынышбаев, Ибраһим Жайнақов, Сатылған Сабатаев және Иса Тергеусізов сияқты алашордашылардың есімін жұрт жақсы біледі. Ресми деректер бойынша Иса Тергеусізов 1882 жылы Жетісу облысы Верный уезінің Күрті болысындағы ауқатты қазақ отбасында дүниеге келген. Жетісудың осы Күрті өлкесінде бұған дейін қазақ-жоңғар шайқасының жылнамасын жазған Қазыбек бек Тауасарұлы (1692-1776), сондай-ақ халық емшісі Құртқа-тәуіп Сұлтанқожаұлы (1771-1906) өмір сүрген еді. Араб-парсы сауатын меңгерген Құртқа-тәуіп адамдарды аса қауіпті де ауыр сырқаттардан арылтып, күрделі операциялар жасауымен атағы шыққан. Түрлі шөптерден дәрі жасайтын. Қоқандықтарға қарсы соғыста жараланғандарды емдеп жазып, сүйектен оқ пен зеңбірек снарядының жарықшағын алып шығатын. Құртқа-тәуіп сол заманғы дала медицинасының энциклопедиясы деуге әбден лайық. Тәуіптің ғұмыры да ұзақ, 136 жыл өмір сүрді. Сондықтан ол екі ғасыр куәсіне айналды. Құртқа-тәуіп Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Шыбыл-Байыс руынан шыққан. Құртқа тәуіп ұрпағының бірі – «Алаш» партиясының қайраткері Иса Тергеусізов.

1892 жылдың маусымында Иса Тергеусізов Верный гимназиясына оқуға түседі. Қабылдау емтиханын тапсырғаннан кейін оны дайындық сыныбының кіші тобына жібереді. Гимназияда ол алты жыл оқып, ақыр соңында үш кластық білім алып шығады.

Кәмелетке жеткенде Иса жұмыс іздеуге кіріседі. Әрмен қарай ол білімін өз бетінше жетілдіріп, әсіресе шығыс тілдерін үйренуге талпынады. Қызмет жолын Ұзынағаш болысында хатшылықтан бастаған ол кейін Отар учаскелік приставының аудармашысы қызметінде біршама тәжірибе жинақтайды. Түрлі адамдармен танысады. Содан соң Верный қаласына келеді. Бірақ мұнда өз үйі болмағандықтан, үнемі бөлме жалдауға мәжбүр еді.

1908 жылғы қазанда Иса ­Тер­геусізов Жетісу облысы Әскери губер­на­торының бұйрығымен мем­ле­кет­тік қызметке кеңсе қызметшісі болып тағайындалып, Верный уездік басқармасындағы жазбаша аудармашылық міндетін атқарады. 1909 жылғы сәуірде Верный уездік басқармасында жазбаша аудармашы орнына тұрғылықты бекітіледі. 1911 жылғы қазанда Иса Тергеусізов кенеттен Ферғана облысындағы Әндіжан қаласына іссапарға шығуға бұйрық алады. Ол жақта 1912 жылдың мамыр айына дейін болып қайтады.

Алаштықтардың төңкеріске дейінгі қызметі қазақ зиялыларының сауат ашу және ағартушылық қызмет кезеңіне айналды. Иса Тергеусізов Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітапшасын таратуға белсенді үлес қосады. Айта кету керек, кез келген сәтте патша билігі тарапынан тұтқындалу қаупіне қарамастан ол осындай тәуекелге барды.

1899 жылы Верный қаласында Жетісу облысы әкімшілігінің рұқсатымен «Ағартушылықты қорғаушылар қоғамы» құрылады. Бұл қоғамға прогрессивті және радикалдық көзқарастағы орыс және қазақ қайраткерлері жиналды. Иса Тергеусізов те осы қоғамға белсене араласты. Верный қаласындағы «Ағартушылықты қорғау қоғамында» қазақ тіліндегі оқу түркістандық өлкедегі училищелердің бас инспекторының рұқсатымен жүргізілетін. Аударманы да сол баяғы тілмаштар жасады. Олардың қатарында Иса Тергеусізов те бар еді.

Жер-жердегі патша билігі «Ағартушылықты қорғау қоғамының» жай ағартушылық ұйымнан саяси ұйымға айналуынан қатты сескенді. Осыған байланысты Верный қала­сындағы зиялыларға қысым жасау тетіктері іске қосылды. Жетісу облысы әкімшілігі тарапынан Иса Тергеу­сізов­­ке қатысты күдік туындады.

Иса Тергеусізов түрлі ауқатты адамдармен араласатын. Солардың бірі – атақты верныйлық көпес Мірқасым Сүлейменов. Ол – «Сүлейменовтер, Тазетдиновтар және Ибрагимовтар» сауда үйінің үлескері. Сол кісі арқылы Иса Тергеусізов Міржақып Дулатов кітабының бір данасын қолға түсіреді. «Оян, қазақ!» Верный уездік басқармасының аудармашысы Иса Тергеусізовтың өзінде де Әндіжанда жұмыс істеген кезінен бар еді. Демек, Иса Тергеусізов Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабын тасымалдауда байланысшы рөлін де атқарған.

Сол кезде қалада ғана емес, алыс ауыл­да да тұратын қазақтар да Мір­жақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабының мазмұнымен жақ­сы таныс-тұғын. Айталық, Верный уезінің Ұзынағаш, Шамалған және Жайылмыш болыстарында сауаты бар қарапайым қазақтар «Оян, қазақты!» жатқа айтатын. Жайылмыш болысының билеушісі Сәт Ниязбеков бұл кітаптың тек уезде емес, бүкіл Жетісу өңірінде таралуына ықпал етті. Ол Алаш партиясының бүкілқазақ съезінің ұйытқысы болған, Қапалдағы Барлыбек Сыртановтың (1866-1914 жж.) атына өз қалтасынан үш жүз сом бөлген.

Дегенмен, Иса Тергеусізов өзін сақ ұстады. Себебі оның үстінен «бопсалап, пара алады» деген айып тағылған домалақ арыз көп жазылатын. Әйтсе де, Жетісу облыстық басқармасында Исаның үстінен мұндай жала хаттар­ды кек алғысы келген біреулер жазып жүр деген шешімге келеді. Сұрақ алынған адамдардың бәрі Иса Тергусізовтың адал да парасатты жан екенін дәлелдеп бағатын. Мәселенің шешімі өз құзырында болса, ол қолынан келгенше шапшаң шеше қоятын. Жұмыс уақытында да ешкіммен сөйлеспейтін. Болыс басқарушылардың сайлау науқанына қатысып, аудармамен ғана айналыс­ты. Ал сайлау барысындағы алып-қашпа әңгімелер мен рәсімдерге араласқан жоқ. Ел арасында оның Иса төре атануы да тегін емес.

Алайда 1923 жылғы қазаннан 1914 жылғы мамырға дейін Иса жұмыссыз жүреді. Оған бір жағынан әлгіндей пәле-жалаға толы арыздан туындаған күдік әсер етсе, бір жағынан оның адалдығы мен парасаттылығына патша билігі тарапынан сенбеушілік себеп болса керек.

1914 жылғы мамырда Иса Тергеусізов қайтадан жазбаша аудармашы қызметіне алынды. Бірақ 1916 жылы Жетісудағы Бекболат Әшекеевтің басшылығымен болған ұлт-азаттық көтерілісіне байланыс­ты патша билігі оған күмәнмен қарайды. Өйткені бүкіл дерлік сауатты жандар осы көтеріліске тартылғаны анықталды. Көтеріліске не болыс­ты басқарушылар, не ауқатты адамдар қолдау көрсеткен. Қазақтарды соғыстағы қара жұмысқа жөнелтуден бас тартқаны үшін көптеген болыс басқарушылар мен сот орнында отырғандар тергеуге алынды.

1916 жылғы тамызда тергеуге алу үшін Жетісу облыстық бас­қар­­масының аудармашылары Ибра­һим Жайнақов, Қалығұл Шығыров, Қайсерке Тоқсанбаев және Иса Тергеусізов шақырылады. Олар Жетісу облыстық көші-қон басқар­масының аудармашысы һәм отставка­дағы коллеж хатшысы болған Тоқаш Бокиннің ісіне қатысты жауапқа тартылды. Тоқаш Бокинге Жетісудың түрлі болыстарындағы қазақтар арасында тыл жұмыстарына бармау жөнінде үгіт жүргізіп, қазақ­тарды орыс үкіметіне қарсы шығуға үгіттеді деген айып тағылды.

Верный уездік басқармасында аудармашы қызметіндегі Иса Тергеусізов тергеу кезінде былай деді: «14 шілдеде сабақтан кейін мен жылы су шипажайынан жаңа ғана келген облыстық басқарма аудармашысы ­Ибраһим Жайнақовқа кірдім. Онда мен Жайнақовтың, шенеунік Шағыров, отставкадағы шенеунік Тоқаш Бокин, дәрігер Нүсіпбек Жақыпбаев және Үлкен Алматы болысынан келген бірнеше қырғыздың үстінен түстім. Менімен амандасқан соң, Жайнақов қырғыздармен сөзін жалғастыра берді. Оларға алып-қашпа әңгімелерді тыңдамау керектігін, одан гөрі тылда әрекет етіп жатқан әскерге керек болатын жұмысшылардың тізімін жасап, сосын оларға ауыл үкімін шығару қажеттігін, бұл басқа болыстарға үлгі болатынын айтты. Жайнақовтың осы сөзінен кейін Тоқаш Бокин былай деді: «Мырзалар, бұл мәселені жалғыз-жарым шешкеннен гөрі жалпы дауысқа салу жөн болар, яғни уездің барлық қырғызын жинап, талқылау керек». Жайнақов Бокиннің бұл сөзіне құлақ аспады. Ол қырғыздарға, өз қоғамдастарына үкімді жылдамдату керектігін айта берді. Мен өз тарапымнан Жайнақовтың сөзін қолдап отырғандарға мен де солай деп айттым. Кейінге қалдырмай жылдамдатып шешу керек дедім. Ол үйде ұзақ аялдамай, өз үйіме кеттім». Бұл жазудың соңына орысша «Иса Тергеусізов» деп қол қойылған.

Мұнысымен Иса Тергеусізов Ибраһим Жайнақовпен бірігіп Жетісудағы стихиялық бас көтеруді тоқтатқысы келді. Себебі бұл тектен-текке ондаған және жүз мыңдаған адам өліміне әкелетінін түсінді. Осынымен олар Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың ұстанымын толық қолдады. Сондай-ақ олар тұрғындар арасында ағартушылық жұмыс жүргізу арқылы колониализмге қарсы күресу керек деген ортақ көзқарасты ұстанды. Оның соңынан бейбіт күрес жүреді, қажет болған жағдайда аздаған адам шығынымен қарулы көтеріліске де ұластыруға болады деген пікірде еді.

1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліс тапқаны­на қарамастан, Ресей империясының әскери күшін әлсіретіп, 1917 жылғы ақпандағы буржуазиялық-демократиялық төңкерістің алғы­шар­ты­­на айналғаны анық. ­А.Ф.Ке­­ренский басқарған уақытша үкі­мет ­облыс басшылығына бұрынғы пат­ша шенеунік-колонизаторларын тағайындайды, сондай-ақ жұмысқа қазақтың ұлттық интеллигенциясын тартады. Мәселен, Жетісу облысында Уақытша үкіметтің комиссары болып Мұхаметжан Тынышбаев бекітіледі.

Иса Тергеусізов Верный уез­дік бас­қар­ма­сындағы жазбаша ­аудармашы мінде­тін атқара береді. Алайда бұл жолы да ол жаңадан өршіген нақақ жала­дан құтыла алмады. 1917 жылдың қыр­күйегінде мемлекеттік аударма қыз­метінен біржола кетеді. Сөйтіп, ол бірте-бірте Алашорда белсендісі ре­тінде саяси қызметке ойыса бастайды.

Иса Тергеусізов 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақтардың екінші құрыл­та­йына қатысты. Ол жеті делегаттың бірі еді. Араларында Сатылған ­Сабатаев пен Мәңке Исмаилов та бар еді. Сатылған Сабатаев төңкеріске дейін уездерде аудармашы және Жетісудың түрлі облыстық құрылымдарында қыз­мет атқарды. Мөңке Исмаилов 1885 жылдан Қаскелең болыс басқар­машылығына үміткер де болған.

Бұл съезде қазақтар шоғырланып өмір сүретін облыстарда қазақ ай­мақ­тық-ұлттық автономия құру мәселесі қызу талқыланды. Мұндай авто­номия құрылса, қазақ жеріндегі бүкіл қазба байлықтар мен қорларды жалпыхалықтық деп танып, кеңес пен ұлттық жиналысты шақыру, конституцияны бекіту, қарулы халық милициясын құру сияқты маңызды мәселелерді қарастыратын еді. Отыз үш делегат дереу автономия жариялау туралы ұсынысты қолдады. Жалпықазақ съезінің қырық төрт мүшесі оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар бұл мәселеде қазақ емес тұрғындардың да пікірі ескерілуі керектігін алға тартты. Қарсы шыққандардың арасында Иса Тергеусізов те бар еді. Ол мұндай ұстанымды Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермековпен бөлісті. Алаш автономиясын шұғыл жариялауға Сатылған Сабатаев, Мөңке Исмаилов, Нүсіпбек Жақыпбаев та қарсы шықты. Мұстафа Шоқай қалыс қалды. Бұл съезге Иса Тергеусізовтың қатысуы оның Алашордаға мүше болған қызметіндегі ең жарқын күндері еді. Дәл осы съезде ол Алашор­даның белгілі қайраткерлерімен жақын танысып-білісті.

Верный қаласына қайтып келгеннен кейін 1918 жылғы қаңтарда өткен қазақ облыстық екінші съезінде сайланған Алашорданың Жетісу облыстық қазақ кеңесі құрылды. Бұл кеңес тоғыз адамнан құралды. Оның ішінде Верный уездік жер управасының мүшесі және Алашорда уездік кеңесінің қызметіндегі Иса да бар еді. Мұнда белді қайраткерлер – төраға орнында Ибраһим Жайнақов, сондай-ақ Сатылған Сабатаев, Нүсіпбек Жақыпбаев, Базарбай Мәметов, Мұхаметжан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Төлебай Дүйсебаев, Біләл Сүлеев болды. 1918 жылғы тамызда Кеңес Иса Тергеусізовты Түркістанның Жетісу облысы Лепсі уезінің орталығы Үржарға жергілікті халықпен жұмыс жүргізу мақсатымен жібереді.

1918 жылғы наурыз айының басында Верный қаласында кеңес билігі орнайды. Ол Жетісу облысындағы Уақытша үкімет мүшелеріне, кулактарға, казактарға, сондай-ақ Алашорда қайраткерлеріне қарсы жазалау-репрессиялық әрекетін бас­тап кетеді. 1918 жылғы наурыздың аяғында Әскери-төңкерістік комитет Жайнақов, Сабатаев, Әлжанов және Тазетдинов сияқты алашшыларды қамауға алады. Иса Тергеусізов пен Алашорданың өзге мүшелері тұтқындаудан аман қалады. Тергеу бір айға жуық жүргізілді. Бірақ заңға қарсы ештеңе таппаған Кеңес өкіметінің тергеу органдары 1918 жылғы сәуірдің аяғында оларды тұтқыннан босатады.

1919 жылғы сәуірде «Алаш» партиясы қайраткерлеріне амнистия жарияланады. Себебі большевиктермен келіссөз жүргізген олар ақ гвардияшылар үкіметі мойындамақ түгілі қудалауға ұшыратқан ұлттық автономия мәселелері жөнінде ортақ мәмілеге келеді. «Алаш» патриясының барлық мүшелері тегіс ақталады. Әйтсе де, алаштықтар өз көзқарасынан бас тарқан жоқ.

Жаңа үкімет кезінде Иса Тергеусізов ағартушылық қызметін жалғастырып, Жетісу аумағында жоқшылықтан зардап шеккен қазақтарға жәрдем көрсетті. Ал Сатылған Сабатаев Семей облысындағы Қарқаралыда агроном болып жұмыс істейді. 1921 жылы қызметтегі міндетін атқару кезінде ол қаза табады. Алайда Ибраһим Жайнақов пен Иса Тергеусізов амнистия мерзімінің уақытша екенін түсінеді. Сондықтан 1920 жылы басқа алаштықтармен бірге Қытайға эмиграцияға кетеді.

Қытайда Иса Тергеусізов КСРО шекарасына жақын орналасқан Шыңжаң Іле округына қарасты Құлжа қаласында қоныс тебеді. Шет жақта жүрсе де КСРО-да, әсіресе Қазақстанда болып жатқан оқиға­лардың мән-жайына қанық боп отырды. Тергеусізов ОГПУ-дың қолына түспеу үшін барынша сақтануға тырысты. Сондықтан жеке қауіпсіздігін ойлап, қытай азаматтығын алады.

Туған жерден кеткенде Иса Тергеусізов жанұясын қатерге тікті. Жақын жандары шекарадан өткен кезде қаза табады. 1932 жылы Иса Тергеусізов Құлжадағы татар қызы Махройға үйленеді. Оның ата-бабасы ХІХ ғасырдың басында Шыңжаңға көшіп келген еді. Ұлдары Арыслан, ­Батыр және қызы Төлеу дүниеге келеді. Олар анасы Махроймен бірге 1950 жылдары Алматыға оралды.

1935 жылғы наурызда Құлжа қаласында, Қытайдың батысындағы Іле округының орталығында «Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдени ағарту үйшұмасы» ұйымы құрылады. Оның қызметі қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумағындағы қазақтар мен қырғыздар арасында ағарту жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Оны Мақсұт Сасан басқарды. Иса төре атанған Иса Тергеусізов бұл ұйымның қаржы жағын басқарды.

Осы ұйымның жұмысына Шың­жаң­да­ғы қазақ ақыны Таңжарық ­Жол­дыұлы (1903-1947) атсалысады. Иса онымен идеялық жағынан жақындасып кетті. Ақын Таңжарық 1923-1925 жылдары РСФСР құрамындағы Қазақ АКСР-да өмір сүріп, білім алған. Ол Алашорда қайраткерлерінен сабақ алып, «Алаш» партиясы идеяларын жүрегіне терең сіңірген жан еді. Осылайша Иса Тергеусізов Қытайдағы қазақтардың азаттық қозғалысына да қомақты үлес қосады.

1939 жылы Гоминдаң үкіметінің қытай сапартобы Мәскеуге екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастыққа арналған жиынға келеді. Иса ­Тер­геусізов делегация құрамына аудармашы ретінде қосылды. Мұны ресми келіссөздерге, атап айтқанда, Қазақ КСР мен Шыңжаң арасындағы кездесуге тікелей қатысқан Қазақстанның мемлекеттік және партия қайраткері Бектенбай Қосынов (1911-1984) растайды. Б.Қосынов 1934-1937 жылдары Шығыс еңбеккерлері коммунистік университетінде оқыған. Ал 1938-1941 жылдары Қазақ КСР Совнаркомы жанындағы өнер ісі бойынша басқарма бастығы болып қызмет етті.

Шыңжаң губернаторы Шың Шы Сай 1939 жылдың соңынан бас­тап Қытайдағы қазақ зиялыларына қарсы саяси қуғын-сүргін жүргізе бастайды. Оларды кеңес агенттері мен сепаратистері деп айыптайды. 1940 жылы 150 мыңнан астам қазақ тұтқын­далып, түрмеге қамалды. Олар­дың арасында Таңжарық Жолдыұлы, Иса Тергеусізов пен Ибраһим Жайнақов та бар еді. Бұлар Құлжада тұтқындалып, кейін Үрімші қаласындағы абақтыға ауыстырылды.

Таңжарық ақын Үрімшінің түрмесінде 1946 жылға дейін отырады. 1947 жылы өкпесі қабынып қайтыс болады. Түрмеде отырған кезінде оған достары Иса Тергеусізов пен Ибраһим Жайнақовтың және басқалардың қаза болғаны туралы хабар жетеді. Ақын 1945 жылы Үрімші түрмесінің қабырғасында қайтпас сапарға аттанған жолдастарына арнап өлеңдер мен поэмалар жазады:

Іледен: Сұлтан төре, Мақсұт, Тастан,

Өлтірген үшеуін де ұрып бастан.

Қожабек, Иса менен Ибраһим

Бұларды аяғынан дарға асқан.

Осылайша Иса Тергеусізов 1942-1943 жылдары Қытайдағы Гоминдаң жендеттерінің қолынан қаза табады.

Қазақстанға Иса Тергеусізовтың отбасы қайтып келгеннен кейін ұлы Арыслан Кеңес мемлекетінің басшысы Н.Хрущевке ресми хат жолдап, онда әкесін ақтауды өтінеді. Бірақ оның өтініші жауапсыз қалды. Ол кезде тек кеңестің партия қызметкерлері, әскери басшылар, шаруашылық саласында еңбек еткендер, қызметкерлер мен зиялы қауым ғана ақталды. Кеңес идеологиясы алашордашыларды әлі де жау ретінде қарастырды. Алашордашылар, сондай-ақ Кеңес өкіметіне оппозициялық көзқараста болған зия­лылар мен қызметкерлер 1997 жылы бір-ақ ақталды.

Білікті, терең, сергек ойлы күрескер азамат болды. Үш кластық қана орта білім алғанына қарамастан, ол өзін-өзі жетілдіру арқылы бірнеше тілді меңгеруі арқасында нағыз қайраткерге айналды. Оның ақыл-ойының жоғарғы деңгейі қазақ халқына шынайы да қалтқысыз қызмет ету үшін жұмсалды.

Дулатбек Кыдырбекұлы,

саяси ғылымдар докторы

http://anatili.kz/?p=15111