АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жезқазғанда көлік сүзгілерін шығаратын кәсіпорын іске қосылды

jezkazgannn412Осы аптада «Қазтехфильтр» ЖШС Жезқазғанда автокөліктерге арналған отын, май және ауа сүзгілерін шығаратын өндіріс желісін іске қосты. Аймақтық Индустриаландыру картасына енген бұл жобаның жалпы құны 400 млн теңгеден асады.

Облыстың Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлағандай, бұл қаржының 360 миллион теңгесі «Даму» қорынан несие есебінде алынған.

Бұл шығарылатын автокөлік сүзгілері арзан әрі сапалы болмақ. Кәсіпорын негізінен еуропалық технологияларға негізделген.  Өндіріс орны 2016 жылы толық қуаттылығына ие болғанда, жылына 150 мың сүзгі шығара бастайды деп жоспарланған.

«Өнімнің алғашқы партиясы «Қазақмыс» корпорациясында, «Алтынтау Көкшетау» ЖШС мен бірнеше автопаркте сынақтан өтті. Сүзгілердің сапасы толық дәлелденді», — деп хабарлады Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан.

2011 жылы қолға алынған жобаның арқасында 50 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Бұл — бұрын Қазақстанда игерілмеген сала. Қазіргі таңда автокөлік нарығы отандық қосалқы бөлшектерге зәру. Оның ішінде сүзгіш — көліктің жиі ауыстырылатын бөлшегі. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған бұл жобаның тұтынушыларға әкелетін пайдасы мол, келешегі зор болмақ, дейді мамандар.

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды