АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жиһадқа хижра қылған қазақтар қайдан шықты?

джихадТөрткіл дүниені дүбірлеткен Сириядағы соғысқа 150 қазақстандық «жиһадқа хижра қылдық» деген ұранмен аттаныпты-мыс. Бұл мәліметті ең алғаш болып француздардың France-24 ақпараттық арнасы таратты. Артынша youtube.com сайты сол 150 қазақ азаматының «соғысуға дайын екенін» ашық көрсететін бейнетаспаны жариялады. Соңғы екі-үш күн бедерінде бұл таспа аталмыш сайттан алынып тасталғанымен, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Әзірше бұл бейнетаспаның артында кімдер тұрғаны, жиһадшылардың кімдер екені белгісіз...

Бейнетаспа не дейді?

Шындығын айту керек, осыған дейін бірқатар ақпарат көздері Сирияға жиһад жасауға бет алған 150 азаматтың 30-ы бала-шаға екенін айтқан болатын. Бейнетаспадағы көріністе бес бірдей қазақ азаматы ашық түрде өздерінің жиһадқа шыққандарын жария етеді. Мәселен, Абдол-Рахман әл-Казақи деген атпен сөйлеген қандасымыз: «Алла тағала, шейіттердің жандарын әртүрлі қылып алып, марапатына сай жаннаттың төрінен орын береді» десе, Сайф әд-дин әл-Казақи атты біреуі: «Қазір кейбір бауырлар «фард кефайр» деп алданып қалады. Ол мүлдем олай емес.  Ғалымдар: «Жаулар бір қадамдай жерге кірсе, ол жердегі бүкіл мұсылмандар болып қорғануы керек. Олар қорғануға шамасы келмесе, көрші  жерлерге көшеді. Сөйтіп, бүкіл Жер шарын алады», – дейді деп сөзін қорытындылайды. Түсіне білген адам бірінші «жи­һад­шының» санасында тек жаннаттың төрі тұрғанын аң­дайды, ал екіншісі белгісіз ғалымның тұ­жы­­рым­дамасы арқылы өз «сапарларының» дұрыс­тығын дә­лел­дегісі келеді. Бұл жерде саяси тұрғыда мән беретін һәм көзге бірден түсетін бір жағдай бар. Ол «жи­һад­шылардың» тегінде «қазақ» атауының жал­ғаса жүруі. Бұл – бір.

Сарапшылар бейнетаспаның растығына сенетін сыңайлы

Біз тура осы мәселе жөнінде бірнеше мамандармен пікірлескен едік. Олардың көпшілігі бұл бейнероликтің растығына сенетін тәрізді.

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы:

– Бұл – трагедия, бұл қазаққа жасалған, қала бер­ді исламға жасалған қиянат! Жазықсыз адам­дарды өлтіру мұсылмандық емес. Бұлардың сана­сын улап отырған ұйымдарға Сирияда соғысатын адам күші керек, оларға қазақтың көк тиынға да қа­жеті жоқ. Осылай 50 шақты елдің жастарын ал­уан түрлі әдіспен алдап, торға түсіріп, үгіттеп, да­йын­дап, Сирияға әкеліп бейшара халықты бір-бі­ріне қыр­ғызып жатыр. Бұл бейнетаспа арандатушы топ­­тардың Қазақстанда да «ячейкалары» бар екенінің көр­інісі.

Жиһадшылардың саны 150-ден де көп болуы мүмкін

Total.kz сайтына сұхбат берген бел­гілі саясаткер Досым Сәтбаев Си­риядағы қандастарымыздың саны 150-ден де көп болуы мүмкін екенін айтады. Ол өз сөзінде «Сириядағы қа­­зақ жиһадшыларының көрініс бе­руі жаңалық емес, бұған дейін бұл жағдай Ауғанстанда да орын ал­ған» дей келе, бар мәселені еліміздегі жас­­тардың әлеуметтік про­бле­ма­сы­ның шешілмеуіне әкеп тірейді.

Ал белгілі журналист Ахмет Аляз болса «Бұл – тікелей діни идео­­­логияның теріс насихатының кө­­­рінісі» екенін айтады.

Ахмет Аляз, журналист:

– Дүниежүзінде 2 млрд мұсыл­ман бар. Солардың ішінде 10-нан аса өз­дерін ислам дінінің қорғаны се­зінетін кертартпа ұйымдар кез­де­седі. Сол ұйымдар түрлі елдерден түр­лі әдістер қолданып, жастарды со­ғысқа апарады. Өкінішке қарай, қа­зақ азаматтарының Сирияға ба­ру-бармауын тек бүгінгі күн тұр­ғы­сынан бағамдамау керек. 1990 жыл­дарда Шешенстанда болған со­ғысқа біздің де отандастарымыздың қатысқаны құпия емес. Олар сол шай­қасқа жал­дамалы әскер ретінде ба­рып, қайт­қан кезде экстремистік ді­ни идеологиямен уланып қалды. Қа­зіргі еліміздің батыс, солтүстік ай­ма­ғындағы бұрыс жолды ағым­дар­дың көбеюіне солардың әсері мол болғанын мойындауымыз керек.

Тақырыпқа тұздық


Бесіктен белі шықпаған балалардың жайы не болмақ?    

Аталмыш бейнетаспада жас сәбилердің құран оқып һәм спорттық жаттығулар жасап жатқаны да көрсетілген. Тіпті біреуі: «Мына заман өзгерді, Аттанатын кез келді. Жүректерде иман оянды, Найза қанға боялды» деп қазақша өлең жолдарын да оқиды. Ең қиыны, егер де осы видео рас болса, Сирияның, сол Сирияны басқарған Башар Асад дегеннің кім екенін білмейтін бұл балалар жазықсыздан жазықсыз жиһад құрбаны болып кетуі мүмкін.

 

Арабқа жасалған сәлемдеменің астарында не тұр?

Бейнетаспаға қайта оралайық. Бұл бейнероликті араб жігіті дайын­дапты-мыс. Десе де: «Мынадай құ­рал­­дармен, әлхәмдүлиллә, жиһад қы­луға шықтық. Соған амал жасау­да­мыз, иншалла. Бауыр­ла­рымызбен, ба­ла-шағамызбен, әл­хәм­дүлиллә, отбасыларымызбен жи­­­һад қылуға хижра қылдық» дей­тіндер бей­не­тас­па­ның соңына қарай араб ба­уыр­ларына сәлемдеме айтады. Бірақ біз­дің елдің тұр­ғын­дары мен са­­рап­­шы­лары бұл сәлем­де­меге баса на­зар аудара қойған жоқ. Қараңыз, қазақ жиһадшылары: «Біз­дің өзіміздің араб бауырла­ры­мызға сәлемдемеміз бар. Аллаһ айт­ты: «Біз құранды араб ті­лін­де тү­сір­дік» дей келе: «Егер сендер (араб­­тарды айтып отыр) теріс бұ­рыл­саң­дар, Аллаһ сендерді басқа қа­уым­мен ауыстырады. Олар сен­дердей бол­майды» дейді. Бұл жер­дегі басқа қа­уымы кім? Әрине, аттарының ар­тына «қазақ» деген жалғауды жалғап ал­ған осы 150 қан­дасымыз емес пе? Бұл қор­қы­ныш­ты болса да, логикаға сыйым­ды сұрақ.

Досай Кенжетай, дінтанушы:

– Бұлардың шекарадан қалай асып кеткенін білмейміз. Танымдық, философиялық, саяси тұрғыдан қа­ра­саңыз, өз ішімізде оларды ше­ка­радан асыратын дәліздің болғанын аңғаруға болады. Олар қазірдің өзін­­де режимге қарсы соғыс пси­хо­тех­никасын меңгеріп, мол тә­жі­рибе жи­нап алғаны байқалады. Бұл бел­гілі бір ұйымдасқан топтың жү­йелі жұмысының нәтижесі. Ал қолына қару асынған қазақтар – тек құ­рал­дар. Кезінде Ресей Варшава ке­лісімі аясында Сирия, Ирак, Ливия се­кілді бірқатар елдерді қолдан социалистік елге айналдырды. Осы қадам арқы­лы ислам топырағында социалистік тен­денцияны ұстанатын ағымдар пай­да болды. Бүгінгі жағ­дайдың бір ұшы сол кездегі саясатқа барып тірелуі әбден мүмкін. Бұдан шығар жолды таным мен ағарту ісі­нен іздеу ақымақтық. Бұл – саясат. Ол сая­сат­тан тек арнайы саяси меха­низм ар­қы­лы ғана арыла аламыз.

Ресми органдар неге кереғар пікірде?

Кеше кешкісін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Нұрғали Білісбеков Қа­зақстан өз азаматтарын Сириядан қайтару жөнінде кешенді жұмыс іс­теп жатқанын, олардың бөтен елдің ау­мағында заңға қарсы әрекеттерге баруы да мүмкін екендіктерін айта ке­ліп: «Бір отбасы бар екен, 150 ада­мы бар екен» деген секілді әңгі­ме­лердің шындыққа жанас­пай­ты­нын тілге тиек етті. Ал Дін істері жө­­нін­­дегі агенттік төрағасының орын­­­­­басары Марат Әзілханов:  «Әри­­­­­не, оларға сырттан да күштер­дің көмек беріп отырғандығы бел­гі­лі. Яғни бұл – біздің азамат­та­ры­мыз­ды радикалды қозғалыстардың қа­­­та­рына қосуға бағытталған акция, өкі­нішке қарай, ғаламдық ақпарат­тық мүм­кіндіктердің кеңеюі салда­ры­нан кез келген адам интернет ар­қы­лы уа­ғыз ала алады, оның ішінде ра­ди­кал­­ды сипаттағы уағызға да ұрынып қа­­лады», – деді. Бір қызығы, ҚР Сырт­қы істер министрлігі тарат­қан ақ­па­рат­та министрлік «аталмыш ради­кал­дық сектаның 150 мүшесінің қа­зақстандық азаматтығы барлығын не растамайды, не теріске шығара ал­майды» деп хабарлады.  ҚР СІМ баспасөз қызметі: «Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі Сирияда түсіріліп алынған және интернет же­лілерінде таратылған бейнема­те­риал­­дардағы адамдардың Қазақ­стан азаматтығына қатысы бар-жоқ­тығын растап немесе жоққа шы­­­ғара алмайды. Аталған тұл­ға­лардың аты-жөндері бейнемате­риал­­да көрсетілмеген, бұл өз ке­зе­гін­де оларда қазақстандық төл­­­құ­жат­тың бар екендігін тексеруге мүм­­кіндік бермейді. Олар кон­сул­дық есепке алынбаған», – делінген. Сонымен қатар «Сирияда қазіргі кез­де әскери іс-қимылдар жалғасып жат­қандықтан, жергілікті билік өкіл­дері қазақстандық тараптың ресми сұ­ранымына жауап беруге мүм­кін­дік­тері жоқ.

Қуырдақтың көкесі…

Кімге сенеміз? Ендігі мәселе осы. ҰҚК жоққа шығарады. СІМ ресми түр­де «аталған тұлғалар ол елге Түр­кия аумағында орналасқан бос­қын­дар лагері арқылы Сирия визасын рә­сімдемей кіруі мүмкін деп бол­жайды. Оған себеп – Қазақстан мен Түр­кия арасында визасыз жүйе ор­натылған. Екі құзыретті орган бір-бі­ріне кереғар мәлімдеме таратып отыр­са, біз қай кеменің басын ұста­мақ­­пыз? Десе де, мұндай бей­нетас­паның түсірілуі жақсылықтың ны­ша­ны емес. Жарайды, мұны қолдан жа­салған арандатушылық деп бі­лелік. Ол бізге абырой әпере ме? Бұл – бір. Екіншіден, біз не себепті сырт­та жүрген азаматтарымызды толық­қан­ды бақылай алмай отырмыз? Үшін­­шіден, бұл таспаның артында кім­дер тұруы мүмкін? Бейнетаспа нақ Сирияның өзінде түсірілді деп ай­ту да қиын. Себебі барлық оқиға ау­ланың ішінде өрбиді. Олай болса, осын­дай арандатуға барып отыр­ған­­дар кімдер? Неге? Сұрақ көп, жауап жоқ.

 

Түйін

Осыдан бірер жыл бұрын Норвегияның геологиялық барлаушылары Сириядан ірі мұнай және газ кен орындарын (егер Сирия сол мұнайдың бәрін игеретін болса, күніне 6-7 млн баррель мұнай өндіріп, әлемдегі үздік ел Сауд Арабиясы өндіретін мұнай көлемінің тең жартысына әп-сәтте жетеді екен) һәм ірі көлемдегі газ қорын тапқанын жариялаған болатын. Ақиқатын айтқанда, Сириядағы бүгінгі соғыстың астарында да осы байлық жатыр. Ал сондай алпауыттардың саяси ойынына құрбан боларлық я арандатушылыққа ұшырарлық қазақ жастарының не кінәсі бар еді? Бізді өкінтетіні осы ғана.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/