АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жириновский тағы жырына басты

Ресейдің «қайраткерлері» мен «саясаткерлерінің» арандату әрекеттері өстіп жалғаса бере ме? Неге Ресей Федерациясының басшылығы, нақты айтқанда Президент Владимир Путин осындай адамдардың халықаралық жағдай мен жекелеген елдердің ішкі қоғамдық-саяси ахуалына іріткі салып отырған сөздеріне тиым салмайды?

Бұл бетсіз адамға дауа жоқ қой. Ресейдің Либерал– демократиялық партиясының серкесі Владимир Жириновскиий таяуда «Эхо Москвы» радиосының «Дорожная карта» бағдарламасында берген сұхбатында тағы көпіріпті.

«NewTimes.kz» ақпараттық агенттігінің жазғанына сүйенсек, желөкпе саясаткердің айтқаны мынадай: «К нам в Россию хотят все, кто у нас когда-то состоял. И Киргизия хочет, и Ташкент, и Ашхабад — все хотят. И Казахстан. Все, все, все. Таджикистан, Молдавия. Все! Азербайджан, Армения, Грузия. Грузины, знаете, как нас любят? Они обожают нас. Еще Монголию можно добавить, и Болгарию, и Сербию. Они мечтают быть с нами, ибо немцы, Евросоюз, НАТО их душат, оскорбляют и унижают».

Мұны барып тұрған арандату мен ұятсыздық демей, не дерсің!

Бұдан басқа Жириновский мырза шімірікпестен Ресей Федерациясының құрамына Кырымнан басқа Одесса және Украинаның оңтүстік-шығысындағы тоғыз облыс кіруі керек депті.

Көрдіңіз бе, бәрі өз қолында тұрғандай, жоғарыда аталған елдер Ресейге қосылып, бұрынғы Кеңес Одағындай мемлекет болуды көксеп отырғандай сайрайды бұл «бұлбылың»! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» дегендей, осындайлар ғой ел ішіне іріткі салатын.

Бірақ мұндай сөздерге сақтықпен қарамаса тағы болмайды. Өйткені «Жау жоқ деме – жар астында» дегендей, соңғы кездері Ресейдің түрлі қайраткерлері мен саясаткерлері тарапынан көзалартушылықтар тым көбейіп кетті. Жириновский, Лимонов, Сакуровтардың сандырақ сөздерінен кейін қазақ мемлекетінің біртұтастығына қауіп төндіретін пікірді Хакасия Жоғарғы Кеңесі төрағасы Владимир Штыгашевтың айтқанын тағы білесіздер.

Тіпті осындай білдей республиканың жоғары лауазымды қызметіндегі ресми тұлға «Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесі қоғамдық пікірдің 80 пайызы Ресеймен бірігуді қолдайтынын көрсетіп отыр», — деп қып-қызыл өтірікті қойып қалды.

Абырой болғанда, артынан өзінің қателігін түсінген Штыгашев мырза Қазақстан елінен кешірім сұрапты.

Менің бір таңқалатыным, Ресейдің жаңағы аталғандай «қайраткерлері» мен «саясаткерлерінің» арандату әрекеттері өстіп жалғаса бере ме? Неге Ресей Федерациясының басшылығы, нақты айтқанда Президент Владимир Путин  осындай адамдардың халықаралық жағдай мен жекелеген елдердің ішкі қоғамдық-саяси ахуалына іріткі салып отырған сөздеріне тиым салмайды?

Әлде шыныменен Ресей тарапынан шовинистік пиғылдың асқынып бара жатқаны ма? Мұндай жауапсыз әрекеттердің арты қып-қызыл жанжалға апарып соқтыруы мүмкін екенін түсінгілері келмей ме, бұл шіркіндер!

Бұл бір. Екіншіден біздің елдің жоғары билігінде отырғандар неге Жириновский, Лимонов, Сакуров сияқтылардың сандырақ сөздеріне тойтарыс бермейді? Неге осыны Ресей Федерациясы билігінен батыл талап етпейді?

Әйтеуір, көнбіс, енжар, келісімпаз халықпыз. Қарнымыздың тойғанына мәз болып, достық пен тұрақтылықты ту етеміз. Қазақстанда 130 ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр деп, халықтар Ассамблеясы деген «жасанды» дүниені олай бір, былай бір дәріптейміз.

Бірақ елімізге іштен де, сырттан да қауіп-қатердің қара бұлты төніп келе жатқанын көре тұра көрмеген, Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарын бөліп алып, Ресейге қосып алу туралы арандатушылардың айтқандарын естісек те естімеген болып жүре бергеніміз жарамас, ағайын!

Жириновский мен Сакуров сияқтылардың жындысүрей де сандырақ сөздеріне жол бермейік, белімізді бекем ұстайық!

Болат Салықбаев.

«Ұлт» порталынан.