Ел Парламенті Қазақстанның өз Тәуелсіздігін жоғалтуына жол бермейді.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Парламенттегі барлық үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Халықтық коммунистер» фракциялары Ресей саясаткерлерінің Орталық Азия елдерін Ресей Федерациясы құрамына қосу немесе жерлерін басып алу туралы ұсыныстарына қарсы бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ қалаулылар еліміздің сыртқы саясат ведомствосы басшысына ондай лаңшылдардың Қазақстан аумағына аяқ басуына тыйым салуды жүктеді.
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа «депутаттық сауал» ретінде рәсімделген парламенттік үндеуді депутат Николай Логутов оқып берді. Оның астына барлық парламенттік фракция жетекшілері мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының басшысы қол қойған.
– Қазақстан қоғамы РФ МемДумасының Қорғаныс жөніндегі комитетінің мүшесі, «ЛДПР» партиясының төрағасы Владимир Жириновскийдің жанжалды мәлімдемесін қатты айыптап отыр, – деді депутат. – Атап айтқанда, биылғы 23 ақпанда Жириновский «Отан қорғаушылар күніне» арналған шеруде сөз сөйлеп, сонда Орталық Азия мемлекеттерін тәуелсіздіктен айыруға шақырды. Ол: «Ешқандай Орта Азия республикалары болмайды! Олардың орнына орталығы Верный қаласында орналасатын «Орталық Азиялық федералдық округ» құрылады. Бүгінде оған бөтеннің «Алматы» атауы таңылған. Мұны Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркмения мен Қазақстан ойлап тапқан» деп мәлімдеді.
Еліміздің сыртқы саясатын ілгерілетуге жауапты органның әрекетіне қалаулылардың өкпесі бардай. Өйткені осының алдында Ресей ұлтшылы, саясаткер, оппозиционер Эдуард Лимоновтың да еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған пікірі жарияланған болатын: ол Қазақстанның 5 облысының жерін басып алуға шақырды. «Сонда еліміздің Сыртқы істер министрлігі Лимонов мырзаның ресми мәртебеге ие еместігін және РФ атынан мәлімдеме жасай алмайтындығын атап өткен болатын, – деді депутаттар хатын оқыған Н.Логутов. – Ал, мына жағдайда дәл соған ұқсас түсіндірмені жоғары лауазымды ресми тұлға жүргізіп отыр! Біз Жириновский мырзаның басқасын айтпағанда, Мемлекеттік Думадағы парламенттік партияның лидері және Ресей Федерациясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі болып табылатындығын ескермей қоя алмаймыз. Біздің ойымызша, бұл оған жұртшылық алдындағы пікірлері үшін салмақты жауапкершілік арқалатуға тиіс».
В.Жириновскийдің уақыт өткен сайын тегеурінін үдетіп бара жатқандығы аңғарылады. «Ол Отанымыздың Тәуелсіздігіне қол сұғып, жұртшылық алдында осындай қорлайтын мәлімдеме жасай отырып, шектен шығып кетті! – дейді қазақстандық парламентарийлер, ресми мәлімдемелерінде. – Қазақстанның егемендігі, мемлекеттілігі, аумақтық тұтастығы бізге өте қымбатқа түсті, ол үшін ерен еңбек жасалды, ата-бабаларымыздың қаны төгілді. Сондықтан оған қол сұғуға жол бермеуге тиіспіз. Және кез келген қол сұғу талаптары сенімді тойтарысқа кезігуге тиісті» дей келе, қазақстандық депутаттар Жириновскийдің бұл мәлімдемесі «Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікке және халықтар арасындағы тарихи қалыптасқан достыққа көлеңке түсіреді» деген баға берді.
Қалаулылар атқарушы билікті тағы бір нәрседен сақтандырады: қазақ жеріне көз сұғын қадаумен шектелмей, оны тартып алу жолында нақты іс-қимылға көшуге шақыру Қазақстанның өз ішінде кері реакция тудырып, ақырында «ұлттардың тату-тәтті тіршілігінің» түбіне жетуі ғажап емес. «Мемлекетіміздің аса маңызды жетістіктерінің бірі – көпэтносты және көп конфессияды халқымыздың бірлігі болып табылатындығын ескерген жөн! Ал, Лимонов пен Жириновскийлердің мәлімдемелерін Қазақстанға жамандық тілеушілер пайдаланып кетуі мүмкін» делінген депутаттық мәлімдемеде.
Қазақстан Парламенті осыған орай Жириновскийдің ұлтымыздың ар-намысына тиетін сөздерін Ресей Федерациясының ресми тұлғаларының жұртшылық алдында жоққа шығаруын сұрайды. Олар сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігіне В.Жириновский мен Э.Лимоновты «Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынған тұлғалардың тізіміне енгізуді» ұсынды. Жириновский бұдан біраз жылдай бұрын елімізде «Персона нон грата» ретінде жарияланған болатын. Алайда көп уақыт өтпей жатып, оған «туған жері Алматыны көру үшін» елімізге еш шектеусіз келуге ұлықсат етілді.
Әзірге Ресей дипломатиясы «Жириновский сияқтылардың сөзі ел басшылығының ұстанымын білдірмейді» деп жалтара жауап қатады. Бірақ ресейлік билікке қарсы ұстанымдағылардың үні тез тұншықтырылатындығын, олардың МемДумада сайрандамақ тұрмақ, тіпті бостандықта көп жүрмейтіндігін бәрі біледі. Тіпті ресейлік БАҚ та «Болотный ісін» ашық жазуда. Оның үстіне егер мемлекет қолдамайтын болса, неге Жириновскийдің сөзін федералдық бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік арналары таратады? Сұрақ көп, күмән қалың. Оларды сейілтуге ресми Мәскеу асығар емес. Қазақстанның алаңдаушылығын әзірге елемейтін сыңай танытуда. Неге?
Айхан ШӘРІП