Ақан ӘБДУӘЛІ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бағдарлама жүргізушісі: – Қазақ әндерінің ішінде астарында терең пәлсапалық мағына жатқан туындылар жеткілікті. Бүгін осындай ойлы әндердің біріне кезек береміз.
«Транссібір экспресі» кинофильмінен үзінді
– Өмірге аңсап туып, асыға өткен,
Дүниеге адам қонақ ескен желдей…
Жұмабек ТАБЫН:
– Фильмде бұл әнді Шәкен Айманов атамыз орындаған.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Шәкен Аймановты режиссер, қазақ киносының негізін қалаушы, әнші ретінде білеміз. «Жиырма бес» қаншалықты дауыс қажет ететін туынды?
Жарқын ШӘКӘРІМ:
– Шәкен ағамыз фильмде әнді лирикалық сарынмен, созылмалы баппен, әдемі ырғақпен орындап отыр. Негізінде, тенор дауыспен шырқау биікке көтеріп айтылады. Әннің болмысына, музыкалық құрылымына көңіл бөлсек, қазақтың мінезін танытатын, сағынышын білдіретін шығарма. 25 – адамның өтіп кеткен жастық өмірі. Ақ сақалды қариялар, ақ шашты аналар жас күнін ойлағанда «Қайран, менің жиырма бесім» деп, ыңылдап отырып айтатын ән.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Бұл әнді Шәкен Айманов бастапқыда 1969 жылы «Транссібір экспресінде» емес, режиссер Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» фильмінде орындаған екен. 1970 жылы «Атаманның ақыры» туындысы түскенде Шәкен Айманов сол картинаға да қолданған. 1977 жылы ол кісі қайтыс болып кеткеннен кейін, «Транссібір экспресіне», 1987 жылы «Маньчжурский вариант», 2009 жылы «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдеріне тағы пайдаланылған. Шәкен аға Қали Байжановтың нұсқасынан үйренген. Қали Байжановтың ұлының айтуынша, әкесінің домбырасын Шәкен Айманов «Киноға ән жазайын деп жатырмын» деп сұрап алған көрінеді.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Ендеше, қазір Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына шолу жасап өтейік…
Шәкен Айманов 1914 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Жастайынан жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өседі. Ауыл мектебін бітіріп, Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе, оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды. Шәкен Айманов актерлік өнерімен қатар, режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды. 1950 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында аянбай еңбек етті. «Абай әндері», «Жамбыл» көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмі ұлттық кино өнерінің мәйегіне айналды. Шәкен – аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. КСРО мемлекеттік сыйлығының, Қазақ КСР-інің мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық артисі. Бүгінде Алматы қаласындағы бір көше және «Қазақфильм» киностудиясы «Айманов» есімімен аталады.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Алып-қосарларыңыз бар ма?
Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ, Қазақ радиосының ардагері:
– Шәкен Айманов әнге образдық қасиет берген. Бұл – өлмейтін, өшпейтін мұра.
Иісбек ӘБІЛМӘЖІНОВ, актер:
– «Мәншүк туралы ән» фильмінде ән сақталған, бірақ басқа мәтін жаздырған. «Жиырма бес» әнінің өлеңі өзгерген.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Қазақта «Жиырма бес» аталатын қанша ән бар?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Атақты екі «Жиырма бес», бірі –Үкілі Ыбырайдыкі, екіншісі – осы, бірақ бірнеше нұсқалары бар. Жалпы, жиырма беске соқпай өткен композиторлар кемде-кем.
Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВ орындаған Салғараның әні «Жиырма бес»
– Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік ойнап-күліп қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса.
Ой, жалған,
Жиырма бес, екі айналып, келмес маған…
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Хабиба апамыздың «Қайран, Жүсекем» деген кітабы бар. Онда Жүсекеңнің Шәкен Аймановтың «Жиырма бесті» орындағанын ұнататыны айтылады. Дегенмен, қазір сіздер байқап отырсыздар, мәтін өзгеріп кетті…
Иісбек ӘБІЛМӘЖІНОВ:
– Жүсекеңнің репертуарындағы халық әніне айналып кеткен туындыны қыз бала шығарған.
– Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік ойнап-күліп қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса, – деген әйел адамның сөзі.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Шын мәнінде, мәтін әйел адам шығарғанына айғақ болып тұр. Сол уақытта әйелдің әнін ер адам, ер адамның әнін қыз балалар айтпайтын бөлініс болған. Бір қызық дерек естігенім бар. Шет ауданында Әбікен Хасенов тартқан бір күйді Сәкен Әбішевтен «Осынша уақыт неге тартылмай келді?» десем, «Әбікендер әйелдікі деп тартпады ғой» дейді. Көп жағдайда осындай жолмен әйел әндері жойылып кетіп отырған. Кейбіреуі ер әншілердің орындауында басқаша сипат, реңк алады. «Беріп кет сақинаңды мыс та болса» деп Жүсекеңдер айтады. Жүз жыл ішінде бірнеше рет өлең жаңарған. «Мәншүк туралы ән» фильмінде мәтінді кім өзгерткенін білмейміз. Қазақ киносының ардагерлерінен сұрап шықтым, ешқандай дерек табылмай тұр. Менің ойымша, Шәкен Айманов өзі жазған сияқты. Ол кісінің ақындығы бар, әкесіне, Ақбет тауына шығарған өлеңі сақталған. Басқа ақынның қолтаңбасы сезілмейді.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Сонда ән әйелдікі ме, жоқ мәтін бе?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Тұтас әйел адам шығарған.
Жұмабек ТАБЫН:
– Жазушы Орысбай Әбділдаұлының «Сал-серілер сабағы» деген кітабында Жүсекең айтқан әнді Жанкісінің Салғарасы шығарған» деп жазылған.
Қазір жасы сексен беске келген Қайролла Мұқанов деген ақсақал бар. Жұт жылдары Есілдің бойына жаппас руының бір байы бір үйір жылқысын қыстатып шығармақшы болып, айдап әкеледі. Сонда Таубай деген байдың Бақытжамал деген сұлу қызына Салғара ғашық болып, шығарған дейді.
Жарқын ШӘКӘРІМ:
– Бұл әнді Затаевич 1926 жылы Семей өңірінен, ар жағындағы тиіп тұрған Зайсаннан Иманбай деген кісіден естіп, нотаға түсірген. Арқаның әніне ұқсатқан. 1924 жылы Мәскеуде Политехникалық музейінде қазақ өнерпаздарының концертін өткізген екен. Қоғам және мемлекет қайраткері Анатолий Луначарский бұйрық беріп, Затаевич көмектескен. Сол кеште орыс әншісі оркестрмен орындаған. 1927 жылы ІV Кеңестер съезі болған. Затаевич Луначарскийдің айтуымен Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Жанбике Шанина, Далила Оңғарбаеваларды алып барады. Суреттері бар. Сонда Қали Байжанов «мен айтпаймын, сен айт» деп, Жанбике Шанинаға орындатқан. Алғашқы жеткізушілері – әйел адамдар.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Осыған дейін «Жиырма бес» бірде «халық әні», бірде «Салғараның әні» делініп келді. Сіздер «әйел адам шығарған» деп отырсыздар. Қайсысына тоқтаймыз?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Бізге Атығай Зілқара деген кісінің өлеңі жеткен. Бірақ ол «Жиырма бес» пен бұл «Жиырма бес» екі бөлек дүние. Оның мәтіні қолымызда бар, қызық жазылған. Өнер тарихына үңілсек, өткен ғасырдың басынан бастап, қандай әнді кім айтқаны, тіпті біз атын естімеген әндердің орындаушылары туралы естеліктер айтылады. Бірақ «Салғара «Жиырма бесті» шығарды немесе Салғара Жанкісіұлы деген әнші өтті» деген дерек жоқ. 1974 жылы Қаратай Биғожин осы әңгімені таратты. Сол уақыттан бастап, Салғараның аты кездесе бастайды. Бірақ біз оған ешқандай дәлел таппай отырмыз.
Гүлмира ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ, музыкатанушы:
– «Жиырма бес» әні тек қана орындаушыларды қызықтырмай, музыка зерттеушілердің де назарын аударды. Борис Ерзаковичтің «Қазақ халқының ән мәдениеті» атты монографиясында «Зілқара Қаратокиннің «Жиырма бес» әні ХІХ ғасырдың ортасында шыққан» деген деректер беріледі. Музыка зерттеушісі Саида Еламанова стилистік жағынан бұл әннің қоштасу жанрына жататынын да дәлелдеген.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– «Беріп кет сақинаңды мыс та болса, Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса» деген жолдан жастықтың әнін көреміз. Зілқара Байтоқин сөзі басқа. Ол бөлек ән.
Жұмабек ТАБЫН:
– Зілқара Байтоқин Салғараның інілерімен бірге өмір сүрген. Байтоқтың баласы Зілқара аға сұлтан болған. Көкшетау дуанын көп жыл билеген. Бірақ ақын-жырау емес.
Гүлмира ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ:
– Бұл әнді Борис Ерзакович Қосымжан Бабақовтан жазып алған. Ноталық нұсқасы монографияда бар.
Жасұлан ҚОҢЫРҰЛЫ, әнші:
– «Жиырма бес» әнінің мәтіні қара өлеңге құрылған. Өз басым бір байпаққа бола, «қыздың әні» дегенге сене бермеймін. Өйткені Жүсіпбек атамыздың бір орындауында «Байпақшаң кел» деген жолдар жоқ. «Мыс па екен, алтын ба екен, қола ма екен, Көңілің жаман жарға тола ма екен?» дейді. Осы сөздерге қарап та «жігіттің әні» деп те дауласуға болады.
Қали БАЙЖАНОВ орындаған Салғараның әні «Жиырма бес»:
– Жиырма бес, қош-аман бол, қайтып келмес,
Жастықты ойланғанмен қолға бермес…
Ардақ ИСАТАЕВА, әнші:
– Жүсіпбек Елебеков екі нұсқада орындаған. Мәтін жағынан да, әуен жағынан да екеуі екі бөлек. Қали Байжанов жеткізген әннен басқа, «Етігіңді шеш-тағы байпақшаң кел» және «Мыс па екен, алтын ба екен, қола ма екен» деп келетін түрлері бар. Екінші нұсқа әйел адамдарға өте жақын. Мен Жүсіпбек атамыздың екінші нұсқасында орындаймын. Жалпы, әннің әуені ертеден келе жатыр. Біржан салға дейін тараған әуен. Қазақтың кең даласын суреттеп, сағынышын бейнелеген. Бұл әзіл ән деп айта алмаймын, өйткені әуені мен мәтінінен ешқандай қалжыңды көріп тұрған жоқпын.
Жасұлан ҚОҢЫРОВ:
– Жиырма бесті сағынып, ән шығарған осы уақытқа дейін қыз-келіншек, апаларды көрмеппін. Қазақтың «Ақылдан артық дос жоқ, қазы-қартадан артық ас жоқ, жиырма бестен артық жас жоқ» деген керемет сөзі бар. Жиырма бесті жігіттер аңсайды.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– «Беріп кет сақинаңды мыс та болса» деген жолдарды әйел адам шығарған. Кейінгі мәтіндерді кейінгі орындаушылар қосып, өз қолтаңбасын қалдырған. Қалидың, Әміренің, Жүсіпбектің заманында өзгерістер пайда болған.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Қазір Қали Байжановтың шығармашылық жолына үңілейік…
Қазақстанның халық артисі, әнші Қали Байжанов 1877 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Қайыңкөл елді мекенінде дүниеге келген. Әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында әнші бала атанған. Ата-анасынан жастай айырылып, жоқшылық көріп өскен ол, он бесінде кірешілермен ілесіп Қоянды жәрмеңкесіне барып, небір әншілер мен күйшілердің өнерін тамашалайды. Біржан салдың ән салғанын көріп, Жаяу Мұсаның өз аузынан «Хау-лау», «Гауһар қыз», «Сапар» және «Ақ сиса» әнін үйренеді. Қали Байжановтың әншілік жолына бағыт-бағдар беріп баулыған, өзіндік ән айту мәнерін қалыптастырған Арқа еліне атағы жайылған Жарылғапберді Жұмабайұлы болды. Қали Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама», Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет» әндерімен қоса, халық әндерін де асқан шеберлікпен орындаған.1927 жылдың сәуір айында Қали Мәскеудегі Бүкілодақтық Кеңестер съезіне арналған концертте сахнаға шығады. Қали орындаған әндер тыңдаушыларға қатты ұнайды. Қарқаралының қазақ даласына кең жайылған, мақтауға тұрарлық ән дәстүрінің үлгілерін көрсеткен Қалидың бұл үлкен сахнаға шығуының басы болады. Осы сапарында А.Затаевичпен кездесіп, оған әндер береді. Әнші 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радио комитетінде хор артисі және әнші болып қызмет атқарды. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебековтер Қали Байжановтың ән айту өнерінен көп тағылым алған.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Осы деректерге алып-қосарларыңыз бар ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Мен Қали Байжановтың баласымен әңгімелесіп едім. Әншінің дауысы туралы сұрағанымда, «Өте зор болды, оны сипаттауға тілім жетпейді. Бір ғана мысал айтайын, бір жолы ел аралап, концерт қоюға жолға шықтық» дейді. Сонда халық «Қалеке, сізді дауысыңызбен шам сөндіреді дейді ғой, көрсетіңізші» деп қолқалап, майшам тауып, әншінің алдына қояды. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, Шаманың әнін бастап, «Күн батар…» деп қалғанда, шам жалп ете қалады. «Дауысы сондай қуатты еді» дейді ұлы.
Ағайша ИСАҒҰЛОВА орындаған Салғараның әні «Жиырма бес»:
– Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса…
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Ағайша апамыздың орындауы туралы пікірлеріңізді білсек…
Иісбек ӘБІЛМӘЖІНОВ:
– Сыңғырлатып, құлақтың құрышын қандырып тұр. Әйел адам шығарған «Жиырма бесті» айтып отыр.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Осылай орындалғанда әйел табиғатына құйып қойғандай. Ер адамдар кіріскен соң, әйелдер айтпай кеткен. «Әйелге өнер қол емес» деген ұғымды бірінші бұзып шыққан Майра. Артынан қаншама сөз ерді, өмірі трагедияға толы болды, ештеңеге қараған жоқ. Ақыры солай өмірден өтті. Бірақ өнерге деген үлкен жүрегі, ғашықтығы қаңқу сөздерді елетпеді. Әйелді мойындамау, затын кеміту, тіпті әйел шығарған әнді өзіне қимай, басқаға телу салдарынан осындай әндер ұмытылып, халық әні болып кеткен.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА орындаған «Салғараның әні «Жиырма бес»:
– Мыс па екен, алтын ба екен, қола ма екен,
Көңілің жаман жарға тола ма екен.
Тұйғын деп ұстағаның қарға болды,
Қарғаға пенде ғашық бола ма екен…
Ардақ ИСАТАЕВА:
– Бұл – Жүсіпбек атамыз орындаған қыздар айтатын нұсқасы.
Иісбек ӘБІЛМӘЖІНОВ:
– Меніңше, алған жарына риза болмаған ер-азаматтар орындайтын ән сияқты. «Көк тұйғын деп алғаным қарға болып шықты» дейді. Өтіп кеткен жиырма бесіне өкініш бар. Әйелдің шығарғаны деп отырған «Көрейін өз сорымнан ұстап алса» деген сөзде қайрау бар.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Сіздер зер салдыңыздар ма, Бибігүл апайымыз «Тұйғын деп ұстағаның қарға болды. Қарғаға пенде ғашық бола ма екен?» дейді. «Алған жарың дұрыс болмады» деп базына айтып отырған сияқты…
Ардақ ИСАТАЕВА:
– Екі мағынасы бар. Мысалы, әйел адам «Тұйғын деп ұстағаным қарға болды» деп, ер адамға налып отыр. Мұны екінші нұсқада ер адам өкінішін жеткізеді.
Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ:
– Халық әндері тұрақты бір сөзбен ешуақытта айтылған емес. Ол өзгеріп, құлпырып отырады. Әр әнші орындаған сайын өзіне ыңғайлы, өзіне ұнайтын сөздерді қосады. Сондықтан қыздың әні, жігіттің әні деп бөлуге болмайды. Қазаққа ортақ туынды.
Медеу АРЫНБАЕВ орындаған Салғараның әні «Жиырма бес»:
– Жиырма бес өттің зулап, ескен желдей,
Дүниеге адам қонақ ескен желдей.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса…
Иісбек ӘБІЛМӘЖІНОВ:
– Орындаушыларға жалғыз ғана тілек, айтқан кезде мәтінге мән берсе… Өйткені екі нұсқаның шумақтары араласып кеткен.
Ардақ ИСАТАЕВА:
– Шәкен Аймановтың фильмде пайдаланған мәтінін Медеу айтып тұр. Негізгі нұсқасы басқа.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Эстрада әншілері әнді сіңірмейді. Бала кезден естіп, сахнаға алып шықпас бұрын, екі-үш жыл пісіріп, бір-ақ орындау керек. Қазіргі әншілер дискіге бүгін жазып, ертең эфирге таратады. Медеудің айтқанына қарап, әннің жүрекке жетпегенін естіп отырмыз. Әнде өмір жоқ, эстрада әншілерінің ең басты кемшілігі – осы. «Жиырма бестің» бар құдіреті өлеңінде жатыр. Халық композиторларының бір сөзі үшін күресетін болдық. Бір сөзін өзгертсеңіз, бір бұрышы құлап қалған сияқты.
Жұмабек ТАБЫН:
– Эстрада әншілері дәстүрлі әнге кіре алмайды. Бір топтар пайда болды, қазақтың әнін жұлмалап, жүнін жұлған тауықтай қылады. Мәтінін бұзып, орысша мәнермен айтады. Эфирден көріп отырып, теледидармен қосып лақтырып жібергің келеді.
Жарқын ШӘКӘРІМ:
– Қазақтың қасиетті әнін эстрадаға бұзып салғандарды естіп, құлағымызды жауып алғымыз келеді. Жүрекпен, нәзік сезіммен жеткізсе… Бибігүл апайдан кейін, жаңағыдай әншілерді қалай тыңдайсың?
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Жоғарыда «фильмде кімнің сөзі пайдаланғаны белгісіз» деп айтып өттіңіздер. Оны кім жазғанын білетін адам қалмаған сияқты. Өз нұсқасын ескермей, фильмде орындалған әнді алдыға шығарып, насихаттап жіберсек, халықты шатастырамыз. Екіншіден, қазақта «Кетпеннің мұқатпақ боп басын бассаң, сабы маңдайыңа келіп тиеді» деген сөз бар. Эстрада өкілдері ғана емес, дәстүрлі әншілеріміз де әннің мәтінінен, авторынан қате жібереді. Осының ақ-қарасын ажырату – біздің парызымыз.
Ендеше, «Жиырма бестің» бір нұсқасымен жас әнші Ахат Кенжебаевтан танысыңыздар…
– Жиырма бес, қош-аман бол, қайтып келмес,
Жастықты ойлағанмен, дүние-ай қолға бермес.
Өң түсіп, суалды ғой, тамыр біткен,
Үміт жоқ, жастық шақтан дүние-ай ойлағанмен.
Жалған-ай, жиырма бес қайта айналып келмес маған.
Алтынға қола тұтқа бола ма екен,
Көңілің жаман жарға дүние-ай тола ма екен?!
Тұйғын деп ұстағаным қарға шықты,
Қарғаға пенде ғашық бола ма екен?!
Жалған-ай, жиырма бес қайта айналып келмес маған.
Дайындаған Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)