Ғаламда алтынмен апталып, күміспен қапталған, гауһар тастармен өрнектеліп, алмастан жасалған ескіден қалған әшекейлер көп. Соның ішінде ерекше мәнге ие жәдігерлер де бар. Мәселен, қазақ жерінен табылған «Алтын адам» жай ғана жәдігер емес, ол – ұлт символы іспетті. Ондағы әрбір алтын бөлшегіндегі оюлы өрнектердің өзіндік терең мәні бар. Дәл осылайша әр ұлттың символына айналып үлгерген жауһарлар мен әшекей түрлері әлемде көп болғанымен, біразы алыпсатарлардың қолына түсіп, жоғалып кеткен. Солайша кейбір елдер құнды мұрасын қолдан шығарып алғанға ұқсайды. Ендеше, жоғалған жауһарлар жайлы аңыздармен таныса отырсақ…
Үнділердің «Санси» гауһары Асыл мұрасынан қол үзіп қалған елге Үндістанды жатқызуға болады. Мәселен, «Санси» бағалы тасы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Аңыздарда бұл бұйымның Үндістан жерінен мың жыл бұрын табылғандығы айтылады. Тағдырдың жазуымен бұл бағалы әшекей сонау Еуропадан бірақ шыққан екен. Үнді халқының мұрасы Францияның королі ІІІ-ІV Генрих, ХІV Людовик және Ұлыбритания корольдерінің қолында да біраз жүріпті деседі. Алайда әлемнің талай патшалары мен әкімдері, ханзадалары пайдаланған бұл алмастың қазіргі таңда қайда екені беймәлім. Аумалы-төкпелі заманда қолды болып, жоғалып кеткен деседі. Тарихқа сенсек, салмағы 101,25 каратқа жететін мөп-мөлдір гауһарды Үндістан жеріндегі терең шатқалдан Джагатгунга есімді бір саудагер тауып алған. Саудагерге аталмыш тасты шатқал түбінен шығару оңайға соқпаса керек. Негізінен, тау жынысынан шатқал түбіне күн сәулесімен таласқан тастар үнемі сумен шайылып түседі екен. Бірақ шатқалдың тереңдігі мен оның түбінде жүретін ордалы жыландар бұл байлыққа оңай қол жеткізуге кедергі. Десе де сол маңның тұрғындары бағалы тастарға ие болудың тәсілін тапқан. Олар адам аяғы баспаған қазыналы сайға қойды тастайтын болған. Дайын жемтікке аспанда ұшып жүрген бүркіттің көзі түсіп, өзінің азығын жоғарыға алып шығады екен. Онымен бірге қойдың денесіне жабысқан гауһар тастар да көтеріледі. «Санси» гауһар тасын да әлгі саудагер осындай жолмен қолға түсірген деседі. Тауып алған олжасын екі піл мен 12 түйеге айырбастап алған ол қалтасын да алтын ақшаларға толтырып алған деседі. Міне, осы кезден бастап, «Санси» гауһар тасы жайлы аңыз әңгімелер пайда бола бастайды. Сәті түсіп, Орталық Үндістан билеушілерінің қолына түскен «Санси» бірнеше ғасырлар бойы атақты Гулямдар әулетінің иелігінде болған. Бірақ күндердің бір күні патша қазынасынан ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Із-түссіз жоқ болып кеткен тас тек он жылдан кейін Үндістан сұлтаны Мұхаммедтің қолына түседі. Ол атақты «Санси» тасына қол жеткізу үшін патшалығының барлық қазынасын сарп еткен деседі. Сонымен қатар ежелгі жұрт алмас тасы бар адам соғыстан аман оралып, ажал атты аждаһа одан алыс жүреді деп сенген. Әрі мұндай бұйымға иелік еткен жанның астынан тақ, басынан бақ кетпейді деген де сенім болған. Сол себепті де Мұхаммед сұлтан оны өзінің бойтұмары ретінде сақтаған. Содан кейін 150 жылдай бұл тас патшадан патшаға, сұлтаннан баласына өтіп отырған. Сөйтіп жүргенде, отаршылардың қолына түссе керек, Еуропадан бірақ шыққан. Бір қызығы, жауһар әр кезде әртүрлі пайдаланылып, әрқалай бағаланған. Бірде алмас тас швейцарлық жауынгердің қолына түсіп, ол оны темекісін тұтату үшін шақпақ тастың орнына пайдаланған. Жауынгердің қолынан бастығы көріп қойып, тартып алған екен. Кейін оны шіркеу иесіне небары 1 гульденге сатып жіберген. Ал оның кейінгі бағасы 12 миллион франк болған. Алмас тасты Франция корольдері көп пайдаланған секілді. Олардың бірі дәл үнді сұлтаны секілді гауһартасты бойтұмар ретінде тақса, екіншілері тәжін әшекейлеген. Яғни таққа отырғызу салтанаты осы тәждің көмегімен іске асып отырған. Бірақ бағалы тәж 1792 жылы Француз революциясы тұсында жоғалып кеткен. Тіпті атақты алмасты әшекейлерді қатты ұнатқан 1 Наполеон да іздеп көріпті. Бірақ оның бұл ізденісінен түк те шықпаған. Ал кейіннен гауһар тастың орыс кәсіпкері Павел Демидовтың қолына түскендігі белгілі болады. Ол Франция королінің қазынасына заңсыз жолмен қол сұққаны үшін сотқа тартылады. Бірақ соған қарамастан кәсіпкер ақталып шығып, «Санси» әшекейі оның әйеліне бұйырады. Бірақ алмас тастың қазіргі күні қайда екені беймәлім. Бір қызығы, бағалы бұйымға иелік еткен жандардың көбісі ұзақ жасамаған. Алмасқа иелік еткен біраз жандар артынша қазаға ұшырап отырған. Сонда бұл тастың бақ пен тақтан өзге қайғы да әкелетін қасиеті бар болғаны ғой. Негізі тарихта қасіреті көп гауһар тастар да бар. Оған салмағы 44,4 каратты құрайтын «Хоуп» алмасын жатқызуға болады. Көгілдір түсті бұл тас иелерінің де ғұмыры ұзаққа бармаған деседі. Әміршілердің «Алтын әйел» Сабина Зәкіржанқызы |
Предыдущий
Следующий