АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жоғарғы Сотта 1 мамыр мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті

5Бүгін Жоғарғы Сотта 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын болып өтті.
Іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен сот жүйесінің ардагерлері, судьялар мен Жоғарғы Сот Аппаратының қызметкерлері қатысты. Салтанатты шараға қонақ ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттар шақырылды.
Жиынның алдында Жоғарғы Сот Аппаратының қызметкерлері қатысқан Қазақстан халқы достығының фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль шеңберінде Аппараттың әрбір құрылымдық бөлімшесі Қазақстанда тұратын белгілі-бір этностың мәдениетін, салт-дәстүрін, музыкасы мен ұлттық тағамдарын көрсетті.
Салтанатты жиынды аша келе, Қ.Мәми қазақстандықтар үшін 1 мамыр мерекесінің маңыздылығын және Қазақстан халқының бірлігін сақтау мен нығайтудағы Мемлекет басшысының айрықша рөлін атап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктеріне көп жағдайда еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткіздік. Бүгінде республикамыздағы соттарда 28 этнос өкілдері жемісті қызмет атқаруда. Соттар тарапынан жыл сайын бір миллионнан астам істің қаралуы, халық сенімінің арта түсуі қазақстандық сот төрелігінің тиімді көрсеткіші болып саналады», — деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтай келе, Ералы Тоғжанов Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалін табыстады.
Салтанатты жиында Қайрат Мәми Жоғарғы Соттың бірқатар судьяларын, Жоғарғы Сот Аппаратының басшылары мен қызметкерлерін «Бірлік алтын медалімен» және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалімен марапаттады.
Бұған қоса, республикамыздың барлық өңіріндегі 45 судья мен отставкадағы 11 судья Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының атынан дәл осындай марапаттарға, сондай-ақ құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды. Бұған қоса, Жоғарғы Сот Төрағасының Өкімімен Қазақстан халқының бірлігі күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында республикадағы 70-ке жуық судья, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен отставкадағы судьялар ведомстволық медальдермен және арнайы төс белгілермен марапатталды. Аталған марапаттар өңірлерде өз иелеріне салтанатты түрде табысталатын болады.
Іс-шара соңында фестивальдің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі