Еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары қайта қарауды талап етіп отыр. Мұндай мәлімдемені Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, Алматы қаласында бас қосқан университет басшылары жасады. Айтуларынша, жоғары оқу орындары жоғары білім берудің орнына мектеп қабырғасында оқытылуы тиіс пәндерді қайта оқытумен уақыт жоғалтатын көрінеді. Бірақ реформа жасаудан алдына жан салмайтын Білім және ғылым министрлігі Кеңес өкіметінен қалған ескі жүйені жаңартуға асығар емес.
Бір оқу ордасында орта есеппен 17 мыңнан астам пән оқытылады екен. Оның ішінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі және математика сынды мектепте де, колледжде де, университетте де оқытылатын сабақтар бар. Осындай қажетсіз пәндердің саны жалпы пәндердің 30 пайызынан асып түсетін көрінеді. Ректор мырзалар тіпті шетелдік білім беру жүйесі мен отандық жүйені Еуроодақпен салыстыра келе мынадай қорытынды жасады: атап өткен пәндерге біздің елдің жоғары оқу орындары 35-ке дейін кредит бөледі. Ал Еуроодақта ең көбі алтау. Шетелдік білім ошақтары кәсіби білім беру бағдарламаларында мамандыққа қатысты пәндерге басымдық береді. Бірақ жалпы пәндердің саны бізбен бірдей – 130-дан жоғары. Осыдан келіп еліміздегі «білімнің сапасыздығы, одан әрі жұмыссыздардың саны неліктен көп» деген сұрақтардың жауабы айшықтала бастайды. Мамандар мектептер мен колледждер білім бермегенде немен айналысып отырғанына таңданады. Себебі «тарихты, математиканы мектепте де, колледжде де оқып келіп, сынақтарда сүрініп жататындар көп» дейді олар. Жастарымыз15 жылға жуық уақыт бойы оқыған пәндерінің болашақта пайдасын көрмейтін болса, олардың кімге қажеті бар? «Қазақстан 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшкелі отыр, бірақ сол 12 жылда қандай білім береді, қалай білім береді, білмейді», – деп налиды ұстаздар.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Өмірхан Әбдиманұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Біз мына заманда көне оқу стандартымен білім бере алмаймыз. Жоғары оқу орындары бұрынғы стандартқа сәйкес жалпы білім беріп келеді. Ал жалпы білімді мектеп беруге міндетті. Мысалы, болашақ журналиске математиканың қандай қажеті бар? Қажетсіз пәндер студенттің мамандықты игеруге керекті уақытының барлығын алып отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың желтоқсан айында халыққа жолдаған Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Демек, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін барлық салада әлем елдерімен бәсекелес болуы тиіс. Бірақ білім саласы бұл орайда кенже қалып отырғанға ұқсайды. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары да мойындап отыр.
Уәлихан Әбдібеков, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры:
– Президентіміздің өзі жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының ескіргендігін, керексіз пәндердің сапалы білім беріп, білікті маман даярлауға кедергі болып отырғандығын байқады. Демек, бағдарлама қайта қарауды, жаңартуды талап етіп отыр. Қазірдің өзінде Қазақстанның білім беру саласы дамыған елдермен салыстырғанда бірталай артта қалып келеді. Себебі мектеп түлегі университетке ересек азамат ретінде емес, әлі адами қасиеттері бойына сіңе қоймаған бала сынды келіп түседі. Сонда университет математика мен тарихты қайталап оқытқанымен қоймай жолда жүруді, қоғамдық көлікте қарияларға орын беруді үйрете ме?
Мәселе студенттеріміздің сана-сезімінде ғана емес, мәселенің шын мәнінде күрделі проблемаға айналып бара жатқанында болып отыр. Себебі елімізде дипломы бар жұмыссыздар мен мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндерді былай қойғанда екінші мамандықты таңдап, екінші жоғары білім алу үшін бакалаврға түсетіндер көбейген. «Әрине жастарымыз екі мамандықты бірдей игеріп жатса жамандығы жоқ. Бірақ студенттер мұндай қадамға білім қуып емес, жұмыс таппай шарасыздықтан барып жатыр», – деді У.Әбдібеков мырза. Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары деңгейінің төмендігіне тағы бір дәлел – елімізге білім алу үшін келетін шетелдік азаматтардың азайғандығы. «Еуропалықтар үшін, тіпті кейбір Азия елдері үшін Қазақстанда оқу өте арзанға түседі. Тіпті оларға тегін сияқты әсер етеді екен. Бірақ сонда да шетелдік студенттер көрінбейді. Бұл дегеніміз не? Яғни оқу жоспарымыз әлемдік стандарттың маңына да жоламайды деген сөз, білімнің сапасы төмен», – деді У.Әбдібеков. Сондықтан оқу ордаларының басшылары «көне оқу стандартымен жүре берсек, көштен қаламыз. Бүгінгі нарықтың талабы тым жоғары» деген ойларымен бөлісті. Енді алдағы уақытта «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді деген жоспар бар, бірақ оқымысты профессорлардың оған дайындығы қаншалықты деңгейде, белгісіз!
Жаңа бағдарламаға дәріскер дайын ба?
Жиын барысында профессорлардың қайталап оқи беретін 40 жыл бұрынғы диссертациялары да сөз болды. Әрине, дәріс оқитын ұстаздардың сапалы білім беруге тікелей қатысы бар екені белгілі. Елбасымыз айтқандай, қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан?! Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сол себепті білім беру жүйесіндегі ең бірінші өзгеріс мамандыққа қатысты пәндерді жетілдіру болса, келесі кезекте қазіргі заманғы нарықтың талаптарына жауап бере алатын мамандарды даярлайтын кадрдың да сапасын жоғарылату болып табылады.
Әлия Масалимова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының докторы, профессор:
– Профессордың да профессоры бар. Мемлекеттің кез келген жаңа бастамасы қай салада болсын жан-жақты қарастырылуы тиіс. Әсіресе білім беру жүйесіндегі өзгеріс егжей-тегжейлі зерттелмей тұрып беки алмайды. Мысалы, қазіргі таңда студенттердің жоғары оқу орындарынан алған білімдері өмір бойы пайда әкеліп, іске асуы керек деп жатырмыз. Әрине күрделі мәселе. Себебі адамның сауаттылығы мемлекет үшін үлкен рөл атқарады. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Философтар айтпақшы, тәртіп өзгергенімен мазмұн өзгере ме екен? Кеңестік көне жүйені өзгерткенімізбен сол жүйе бойынша қызмет етіп жүрген оқытушылардың білім беру үрдістері сол қалпында қалса, одан кімге пайда, білмейміз.
P.S.
Осылайша, оқу ордаларының басшылары білім сапасыздығы мен кадрларының сауаттылығын бір пысықтап алып, тарасты. Бірақ жиыннан кейін шын мәнінде, терең ойға қалдық. Қазіргі таңда мемлекеттік жоғары оқу орнында оқудың ақысы жарты миллион теңгеден жоғары екенін ескерсек, жұмыссыз жүрген жастарды көріп, еліміздегі білім сапасына қарап қарныңның ашатыны жасырын емес.
Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА
http://alashainasy.kz/main/40298/