АЛТЫНОРДА
Новости

«Жоңғар хандығын» жойған кімдер?

forum.dwg.ruҚаһарлы Жоңғар қонтайшысы Галдан Цереннің 1745 жылдың күзіндегі өлімінен кейін орын алған жағдайлар, жан түршігерлік қайғылы оқиғаларға ұласып, ойраттар өміріне аса зор зардабын шектірді. Қонтайшының өз тағына мұрагерлікке ортаншы ұлы Цеван-Доржыны қалдырудағы таңдаған сәтсіз таңдауының кеселі, жоңғар княздерінің арасында ұзақ жылдарға созылған өзара қанды қырғындар туындауына себепкер болды. Осы жағдайлардың әсері жылдам арада құдіретті Ойрат империясының іргесінің ыдырап әлсіреуіне итермеледі. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші жоғарыдағы жағдайларды қазақ билігіндегілермен қатар Қоқан хандығы, әсіресе Циндік Қытай өз ыңғайына ұтымды пайдалана білді. Аталған жағдайларға ғылыми еңбектер негізінде қысқаша шолу жасап өтсек.

Алты күн ауырған қонтайшы өлерінің алдында ел билігін үлкен ұлы Лама-Доржының шапқыншылықтан қолға түскен, некесіз әйелінен туғандығы себепті, тақ мұрагері ретінде он үш жастағы ортаңғы ұлы Цеван-Доржыны таниды.

Цеван-Доржымен, оның айтқанынан аспайтын, өзі жасақтаған ел билігіндегілердің, жүргізген саясаттарымен зорлық-зомбылық іс әрекеттері хандықтың әлсіреуінің бастамасына айналады. Ел билігіндегі ырықсыздық, алдымен тұтқындардың және ойрат әскері қатарында қызмет етуші Еділ бойындағы қалмақтардың, қазақтардың, қырғыздардың қашуына, одан қалды зорлық пен қатыгездік іс-шараларға шыдамаған өздерінің ойраттарының да өзге елдерге қашып барып сіңісуіне итермеледі. Галдан-Церен билігінің тұсында «алмандарын» төлеп тұрып жатқан Ұлы жүз қазақтарымен 1747 жылдары жоңғарлар арасында ашық түрде дұшпандық көзқарастар туындады. Ойрат феодалдарының олардың билеушілерін қару қолданатындықтарын сес қылып, күшпен бас игізуге қатысты жасаған әрекеттері нәтижесіз болды. Ұлы жүздің халқы жат жерлік қанаушыларға қарсы күресуге тұрды. Осындай ел басқарудағы ебедейсіз іс-әрекеттері оны 1750 жылы ағасы Лама-Доржының қолынан қаза табуына әкеп соқтырады. Енді ел билігін Лама-Доржы (1750-1753 жж.) тізгіндейді. Бұл жағдайдың жоңғар «ургасының» ішкері жағында орын алғандығына байланысты, орыс шекарасы маңында өзіне бағынышты ұлыстарымен көшіп жүрген жоңғар хандығының негізін қалаушы Батур қонтайшының тікелей ұрпағы, жоңғар билеушілері чорос династиясының өкілі ноян Даваци кеш естіп-біліп, өзінің мұндай шешімге наразы екендігін білдіреді. Ол өзіне одақтас ретінде сыйластықтағы, өзімен іргелес көшіп жүрген ойраттардың көсемі хойт нояны Әмірсанамен бірігіп, отыз мыңдай қол шығарып, Лама-Доржыны өлтіріп, тағын тартып алуға әрекеттенеді. Бірақ ханның қарамағындағы қалың әскерге төтеп бере алмай қырғынға ұшыраған ойрат феодалдары Даваци мен ағайынды Әмірсана және Банчжурдің аздаған адамдарымен қорған іздеп, «жоңғар ургасында» тұтқында жатқанда достасқан Орта жүз сұлтаны Абылай иелігі ішіне қашып келіп, старшын Қайып батырдың билігіндегі уақ-керейлерді паналауы, жоңғарлардың саяси жағдайларын шұғыл өзгертумен қатар, қазақ билігіндегі беделді феодалдардың да Лама-Доржыға қатысты қарсы бағытталған саясатына өзіндік ықпалын тигізді. Жоңғарлардағы өзара таққа таласудан туындаған қанды қырғын кезеңіндегі қазақ билігіндегілердің ұстанған бағытын саралаған А. И. Левшин: «Жоңғарлар арасында бөліну бастала салысымен, қазақтар оларға қарсы сол сәт әрекетті іс қимылға көшті. Жоңғар князьдерімен зайсандарының барлығына өздерінен пана ұсынып, олардың жәбірлеушілерінен бірігіп кек алуға қарсы бас қоса соғысқан болып, ежелгі жауларын әлсіретуге қарсы бағытталған бірде-бір оңтайлы сәтті жібермеді»-деп баға берді. Лама-Доржының бірнеше рет жоңғар нояндарын қайтарып беруін талап етіп жіберген елшілерінің сөзіне, билер кеңесінің шешіміне байланысты, Абылай сұлтан құлақ аспайды. Керісінше Абылай сұлтан Даваци жайлы төмендегідей ойын «Ол аса танымал ноян, егерде ел билігі оның қолына тиер болса, одан қазіргі жоңғар билеушісіне қарағанда қазақтарға алдағы уақытта көптеген тиімді жағдайлар туындайды» — ортаға салып, және басқа да беделді тұлғалар бұл пікірді қолдап, ойрат нояндарына қарапайым және ата-тегі жөнінен атақты емес рудың қызынан туған «әділетсіз ханның тағын иеленуші» Лама-Доржыны тағынан тайдыруға арналған күреске көмек ретінде қазақ батырларын қарулы жасағымен қосып береді.

1740 жылдан бері орыс билігінің қол астына қарайтын Абылай сұлтанның ақылдылығы мен көрегендігіне тәнті болған А. И. Левшин «Олардың өзара қырғыны, қазақ ордаларының сырттай тыныштығымен, Абылайдың өз басының да алаңсыздығын тудыратындығын болжаған ол, түрлі тәсілдер қолдану арқылы ойраттар арасындағы кикілжіңдерді одан ары ушықтырып, сол арқылы ежелгі жауларының бөлшектеніп, әлсіреуін қалады» — деп жазды.

Орыс билігіндегілер мен Орынбор басқарушыларында бұл жағдайлар бей-жай қалдырмады. Олар да осы жағдайларды өз жағына пайдаланып, ойрат феодалдары Даваци, Әмірсана тағы басқаларын Ресей Империясынан қорған табуға шақырды. Олардың көздегені біріншіден Давациды қолдап хан тағына отырғызу арқылы, жоңғарлармен арадағы бітпес дауға айналған жер дауымен басқа да шешуін таппаған мәселелерді шешу, екіншісі онсыз да Орта жүз сұлтандарымен, беделді тұлғалары арасында үлкен мәртебеге ие Даваци таққа отырар болса, қазақтарды өзіне қосып алуынан қауіптеніп, қалай да ондай жағдайларды болдырмауға жанталасты.

Қытай жағы да қарап жатпай, Жоңғариядағы жағдайдың ушығып бара жатқандығын байқап, шекара маңына қалың әскерлерін шоғырландыра бастады. «Жығылғанға жұдырық» демекші онсыз да күйзелістегі ойраттардың жайылымдары мен егістік алқаптарында 1752 жылы табиғи апат орын алып, шегіртке қаптап барлығын тақырлайды. Орыс және шведтік тұтқындардың көмегімен салынған зеңбірек құюға арналған зауытпен, түсті металдар өндіруге арналған зауыттар да өндірісін мүлдем тоқтатады. (1715 жылы жоңғарлар Ертіс бойындағы орыс бекінісін басып алғанда, көптеген тұтқындармен бірге швед штык-юнкері Иоан Ренатаны да қолға түсіреді. Ол қалмақтарға зеңбірек құюмен жарылғыш заттарды жасауды үйретіп, 1733 жылға дейін жоңғар әскері қатарында қызмет етеді). Тек қана Ресейден қашып келіп салған тері өңдеу шеберінің кішігірім зауыты ғана ісін жалғастырып жатады.

Ойрат княздерін қайтармау себепті аздаған қолдарын Орта жүзге, қалғанын Орталық Азияға аттандырып, мыңдаған қарауыл жасақтарын Цин Империясымен арадағы шекара маңына шоғырландырған Лама-Доржы, өзінің хан ордасы күзет қызметіне көңіл аударуға шамасы жетпей босаңсытып алғандығына орай, осы сәтті тиімді пайдалануда жолы болған Даваци мен Әмірсана жақтастары баспантайлай келіп, күтпеген жерден хан ордасына басып кіріп, 1750 жылдың 12 қаңтарында Лама-Доржына өлтіріп тынады. (Ел аузындағы әңгімелерде Лама-Доржыны Даваци жақтастары қатарындағы қазақ жасақтарының барлаушылары өлтірді деген дерек бар). Билік қолына тиген Даваци қарулы жасақтарын жинақтап, елшілерін Әбілмәмбет пен Абылайға және басқа да қазақ билігіндегілерге жіберіп, сыйластық пен достық жағдайда ғұмыр кешпек болады. Ал «Бір елде, бірақ билеуші болады» — деген қағиданы ескеріп хандықтың жартысын басқаруды сұраған одақтасы Әмірсананы ренжітіп, оған Алтай мен Тарбағатай жақтағы ұлыстарды басқаруды ғана ұсынады. Давацидің таққа келуі Жоңғариядағы феодалдар аралық қырғындарға тоқтау бола алмады. Енді Давацидің таққа отырғандығына қарсылығын білдірушілердің біріншісі ретінде танымал ноян Сары-Манджидің батыр ұлы Намеху-Жырғал бас көтеріп, оны бұрынғы одақтасы Әмірсананың көшу аймағына қуып тығып, олардан көмек сұрауға мәжбүрлейді. Алайда кейініректе аталған нояндардың біріккен қолынан жеңіліс табады. Осы күрделі жағдайларды пайдаланып Жоңғар хандығы аймағына қоқандықтармен, Ыстық көлдің солтүстік жағалауындағы жайылымдарын қайтарып алу мақсатында қырғыздар да басып кіре бастайды.

Осы оқиғалардан кейін ортадағы айдап салушылардың әрекеті Даваци мен Әмірсана арасындағы қайта орнаған сыйластыққа сызат түсіріп, таққа таласудағы өзара қырғынын бастатуға ұластырады. Сол кезеңдердегі Жоңғар ордасындағы жағдайларға байланысты белгілі орыс қытайтанушысы С.Липовцев: «Ханның тағы өзіндік сый-құрметінен айырылып, атаққұмарлардың көзіне бір сәт, дөрекілікпен-жауыздық арқылы қол жеткізіп, мақтау алуға арналған зат ретінде ынтығуларына қызмет етті» — деген еді.

Түпкі ойлары қалайда жоңғарлардың өзара қырғыны арқылы әлсірегенін көздеген Абылай бастаған қазақ танымал тұлғалары енді Әмірсана жағына қолдауға шығып, оны таққа отырғызу мақсатында мініске ат – шабуылға сарбаздарын қосып көмек көрсете бастайды. Әмірсананың өтінімі бойынша, оны қолдағысы келмеген дүрбіттерді, қазақ жасақтары Хабар-асуда, Қалмақтолағайда, Қарғыба-Базар, Еміл өзендері бойында қатты қырғынға ұшыратып, қатын-бала, мал-мүліктерін олжалайды. Ал Әмірсана аталған аймақтарға бекіністерін сала бастайды. Алайда бірнеше рет соққы жасап, соғысқан Давацидың қалың әскеріне төтеп бере алмаған Абылай мен Әмірсана біріккен қолы 1754 жылы жеңіліс тауып, кейінгісі басын сауғалап, қарамағындағы аздаған адамдарымен қытай шекарасы аумағына қашып кетеді. Ол қытай богдыханынан Давациды талқандауға егерде қол ұшын созса, ел билігі өзіне тиіп, бүкіл жоңғарларды Цин империясы қол астына қарататындығына уәде етеді. Айдаһардың аузына өзі келіп түскен торғайдың бұл өтінішін қолдауға қытай богдыханы бірден келісіп, қарақұрым әскерімен Жоңғарияға басып кіреді. Қытайлардың көмек көрсеткен болып бүкіл жоңғарларды қырып, малдарына қытай таңбаларын салып, тонап жатқандығын кеш ұққан Әмірсана енді Абылайды көмекке шақырып, Цин империясына қарсы 1756-1757 жылдары азаттық үшін күреске шығады. Олар қытай әскерінен жеңіліс тауып, Әмірсана Ресей империясынан қорған іздеп, солай қарай қашып кетеді. Ал Абылай Циндік Қытаймен бейбіт келісімге келеді.

Ғалым В. А. Моисеев жоғарыдағы жағдайларды саралай келе: «Жоңғарияға Цин империясы шабуыл жасар алдындағы, ойрат княздері арасындағы өзара қырғынға қазақ билігіндегілердің белсенді араласуы, жоңғар хандығының жойылуына септігін тигізді десек, артық айтқандығымыз болмас» — деген еді.

Ел аузындағы қалмақтарды қыруға қатысты айтылатын ерлікке толы аңыз-әңгімелерге жоғарыдағы оқиғалармен қатар,одан бұрынғы шайқастағы ерліктер және Еділ бойындағы «Қалмақ хандығы» қалмақтарының 1771 жылы Ресей империясы қол астына қарай тұра «олардың рұқсатынсыз» жойылған Жоңғар хандығы жеріне Үш жүздің үстін баса «қашқан елдің» қырғынға ұшырауы арқау болған еді. Ал ол оқиға жайлы алдыдағы жариялымнан хабардар боласыздар.

Бұл мақала танымал ғалымдар В. А. Моисеев, И. В. Ерофеева ғылыми еңбектерінің және орыс-жоңғар қатынастары істері негізінде жазылды.

Автор: Серікбосын Сайдығалиұлы, Ғылыми ізденуші Алматы қаласы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/jongar-handyigyin-joygan-kmder-58181/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі