Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) – диагноз қоюда, жатырдағы ұрықтың күйін бақылауда кеңінен қолданылатын тексеру әдісінің түрі. Зерттеудің бұл түрі ұрықтың жынысын анықтап қана қоймай, болашақ нәрестенің жатырдағы дамуынан толық ақпарат береді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен ереже бойынша жүктілік барысында үш рет ғана УДЗ жасауға рұқсат берілген. Ол мына уақыт аралығында жүргізіледі:
1. 10-14 апта
2. 20-24 апта
3. 30-34 апта
Алғашқы УДЗ дәрігерге жүктілік мерзімін нақты анықтауға және ұрықтың дамуында қандай да бір ауытқушылықтардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Жатырдағы нәрестенің дамуы, жолдасының (плацента) күйі, қағанақ суын (околоплодные воды), босанғанға дейін баланың жынысы келесі зерттеулер барысында бақыланады.
20-24 аптада барлық ұрықтың дене мүшелері толықтай дамып, қалыптасады. Және сол дамыған ағзалардың қалыпты жағдайдан ауытқуын анықтауға осы кезеңде жасалатын УДЗ мүмкіндік береді. УДЗ арқылы ұрықтың бет-пішінін көріп, көздерінің арақашықтығын байқап, мұрын сүйегінің ұзындығын, ерін және таңдай жырығы ауруларын көруге болады. Ми, жүрек, асқазан, өкпе, бүйрек, ішек, қуық, омыртқаның қалай дамып жатқаны туралы да білуге болады. Сондықтан осы кезеңдегі УДЗ-ның маңызы жоғары.
30-34 апталық кезінде жүргізілетін үшінші УДЗ-дің негізгі мақсаты – баланың босанар алдындағы жағдайы мен жатырда қалай жатқанын анықтайды. Яғни, бала басымен немесе жанбасымен келіп тұр ма, кіндік жібі мойынға оратылып жатқан жоқ па, салмағы қандай, бұрынғы зерттеулер кезінде байқалмай қалған ақаулар жоқ па – міне осы сұрақтарға жауап алынады.
Жүктілік кезінде кей аналар «УДЗ құрсағымдағы сәбиіме зиян» деп бас тартып жатады. Бұл дұрыс емес. Оның соңы сәби дамуындағы аздаған ақаулардың үлкен кемшіліктерге ұласуына алып келеді.
Дайындаған: Амангүл Ермекқызы
http://anabol.kz/p