Еңбек нарығының тілімен айтсақ, жұрт арасында «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген санатқа жататын топ бар. Табатын табысы бұлыңғыр, бірақ нәпақалық белсенділігі де жоқ емес, қолынан іс келетін осы санаттағылардың құрамы біздің нарықта әжептәуір.
Сондықтан ел билігі кейінгі кездері өзімен-өзі жұмысбасты болып жүргендер жайын да назарға алып, оларды ашық алаңдағы жұмысқа тартудың нақты тетіктерін де ойластыра бастады. Бірақ әзірге нәтиже аздау болып тұр.
Сарапшылар Қазақстан халқының үштен бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін топқа жататындықтан, «көлеңкелі бизнестің» қатарын толықтырып отыр» деген болжамды алға тарта бастады: Себебі олар мемлекеттен көмек сұрамайды һәм салық төлемейді. Күні бүгінге дейін оларды билік те, әлеумет те «көлеңкеден» –«күнгейге» алып шықпаққа талпынған жоқ. «Жарыққа» шығуға өздері де ықыласты емес. Біреулер оны кез келген уақытта «жарылуға дайын тұрған әлеуметтік бомбаға теңесе, енді бірі шенеуніктердің «кормушкасына» балап отыр. Ресми статистика өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендердің жалпы саны 2 млн 693 мың 469 адамға жетті дейді. Сарапшылар бұл дерекке де күдік келтіреді. Олардың жалпы саны бізге белгілісінен әлденеше есе көп болуы әбден мүмкін. Себебі қара базардағы саудагерлер мен арбакештердің, дәмханалардағы бармен мен даяшылардың, тіпті техникалық қызмет көрсету орталықтарындығы көлік жуушылардың, қалталы азаматтардың отбасында үй қызметінде жүрген бала күтушілер мен гувернаткалардың нақты есебі туралы деректер жоқ.
– Қазір жұмыссыздық деңгейі 6 – 7 пайыз. Бірақ шын мәнінде, олай еместігі бәрімізге белгілі. Себебі шындықты айтуға қорқамыз. Қазір 2,3 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етілген болып есептеледі. Бұл – ел халқының 16 пайызы. Оның ішінде есіктің алдында шемішке сатып отырған қария мен бизнес орталығы бар кәсіпкерлер де бар. Олар жұмыссыздардың санатында емес, мемлекеттен жәрдемақы алмайды. «Біз өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету деген терминді Еуропадан ұрлап алдық. Рас, оларда ондай ұғым бар. Оның санатына кішігірім кәсібі бар топтар – жекеменшік кабинеті бар дәрігерлер немесе адвокаттар кіреді. Олардың табысын көшеде тоқыма бұйымдарын сатып тұрған кейуанамен салыстыруға бола ма? Біз бір сиырының желініне тәуелді болып отырған ауылдағы ағайынды, көшеде ұсақ-түйек саудамен күнкөрісін айырып отырған бауырымызды немесе қара базарда арба сүйретіп, жан бағып жүрген інілерімізді жұмыссыздардың қатарына тіркеуден неге қорқамыз? Егер «өзін өзі жұмыспен қамту» мәселесі Еуропадағы үрдіспен жүрер болса, кімнің қандай күнкөріске тәуелді болып отырғаны айқындалар еді. Біз осы үрдіске қол жеткізсек қана әлеуметтік салада үлкен өзгерістер болады. Еңбек – ұлттық идея емес, ол – біздің өмір сүру тәртібіміз. Жұмыс істемейтін адам тамақ таба алмайтыны сияқты, жалқау қоғам да әрқашан артта жүреді. Оны ұлттық идеяның бір элементі деп алуға болатын шығар, бірақ бүтіндей идеологияға айналдыра алмаймыз. Бізде жұмыссыз жүрген азаматтардың саны көп. Қазір жұмыссыз жүргендерді «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп атап жүрміз. Бұл дұрыс емес. Оларды «жұмыссыздар» деп қана айтуға болады. Осы жұмыссыздардың санын азайтып, жеке кәсіпкерлерге айналдыру керек. Заңды түрде тіркеліп, өз шаруасын көрсетсе, мемлекет те кімнің қайда жүргенін біліп отырады. Мемлекет азаматтарды еңбекке шақырады, ынталандырады, алдынан мүмкіндіктер ашады. Ал істі алға жылжытатын – азаматтардың өздері ғана, – дейді саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов.
Шынында да, қазақстандық заңнамада «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деген санатқа жататындар туралы ұғымға нақты анықтама берілмеген. Яғни жұмысбастыға да, не болмаса жұмыссыздар қатарына да толық жатпайтын осы санаттың заңдық сипаты анық емес. Осылай кете берсе, әлгіндей өз бетінше жұмысбасты болып жүрген жандар зейнеткерлік жасқа жете бастаған сайын құқықтық қайшылықтар да туындай беретіні анық. Ендеше, әлеуметтік саладағы ең өзекті, әрі жедел шешімді қажет ететін саланың бірі – осы. Сондықтан да билік кейінгі кездері өзімен-өзі жұмысбасты болып жүргендер жайын да назарға алып, оларды ашық алаңдағы жұмысқа тартудың нақты тетіктерін де ойластыра бастады. Бұған дейінгі 2009 жылдан бергі жұмыспен қамту бағытында атқарылған шараларға тоқталсақ, Үкімет жұмыссыздардың ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санын төмендету үшін де біршама істерді атқарды. «Жол картасы» аясында 2009 жылы 258 мың жұмыс орны құрылса, 2013 жылы 132 мың адам еңбекпен қамтылды.
Әлеуметтенушы Айман Жүсіпова өзін-өзі қамтамасыз еткен топ жайлы екі түрлі пікір қалыптасып отырғанын айтады. Бірі – «олар мемлекетке тәуелсіз, өз проблемаларын өздері шешеді» десе, екінші топ – «олардың қатарының көбеюі саяси тұрақтылығымызға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін» деген қауіпті алға тартады. Себебі елдің саяси тұрақсыздығына сызат түсіруге аса мүдделі топтар өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қоғам үшін осылардың күшіне иек артуы әбден мүмкін.
Осы мәселеге сараптама жүргізіп жүрген әлеуметтанушылар төмендегідей көңілсіздеу деректерді алға тартады: «Сіздердің жұмыстарыңызды кім бақылайды?» деген сауалға жауап бергендердің 1 пайызы ғана «жұмысқа орналастырған агенттіктер» деп жауап берсе, 20,3 пайызы «жұмыс берушілер» деген. Ал 30,2 пайызы «мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктер, салық органдары, жол полициясы» десе, 41 пайызы «бізді ешкім бақыламайды» деген.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ