АЛТЫНОРДА
Новости

Жүректiң жөнi бiр бөлек

Өндіріс пен технология дамып, азық-түлік өндіруде әртүрлі заттар көбірек пайдаланылған сайын, ауру түрлері де көбейіп бара жатқаны бүгінгі күннің ащы ақиқаты. Әсіресе, адам денсаулығы үшін  орны бөлек ағза  –  жүректің сырқат түрлері  көбейіп барады екен. Соның ішінде стенокардия, қазақтың тілімен айтсақ – жүрек талмасы сырқатының өсуі ерекше байқалады.


– Жүрек – адам бойындағы сор­ғылық айдау (насостық) қыз­мет атқаратын бірегей мүше. Ол тәулігіне орташа 100 мың рет соға отырып, 170 литр қанды айдап, оның бүкіл дене бойынша ай­налуын қамтамасыз етеді. Жүрек – күрделі жүрек-қан тамырлары жүйе­­сінің ең негізгі мүшесі, сал­мағы орташа 300 грамды құрайды. Жүректің жиырылуы кезінде оның оң жақ қарыншасы қанды оттегімен қамтамасыз ету үшін оны өкпеге қарай айдайды. Ал сол жақ қарыншадан оттегіге қаныққан қан адам денесінің бар­лық мүшелеріне тарайды. Жалпы, қан тамырлары жүректің от­­тегі­мен үздіксіз қоректен­дірілуін, осы жұдырықтай ағзаның бұлшық етіне онсыз жүрегіміз қалыпты қызмет атқара алмайтын оттегіні тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Жүрек ауруларының түрлері көп, соның ішінде ең көп та­ра­ғаны, әрі тым қауіптісі – ише­мия­лық жүрек ауруы (ИЖА). Оның жиі кездесетін түрі стенокардия немесе жүрек талмасы ауруы, – дейді Алматы қалалық кардио­ло­гия орталығының бөлім мең­геру­шісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі кардиолог Абай Баймаханов.

Әрине, кез келген ауру өз-өзінен ешқандай себепсіз пайда болмайды. Оған қандайда бір жағдай немесе оқиға әсер етеді. Жүрек талмасының пайда болу себептерін сұрағанымызда, Абай Әнуарұлы созылмалы стенокар­дияның негізгі себебі жүрек қан тамырларындағы қан ағысының бұзылуы екенін айтты. Оны мына жағдайлар туғызуы мүмкін екен:  ауыр дене қозғалысы (тез жүріс, басқышпен көтерілу, ауыр салмақ көтеру); эмоциялық стресс: метереологиялық жағдайлардың кенеттен өзгеруі (аяз, шамадан тыс дымқылдық, күшті жел, ауа райының кенеттен жылынуы); артериялық қысымның көтерілуі (қан қысымы); шамадан асыра тамақтану; алкоголді көп мөл­шер­­де қабылдау. Ал жүрек талмасын қалай анықтауға болады? Кеуденің жүрек тұсының шаншуы – бұл аурудың негізгі белгісі екен. Бұл шаншу сол жақ иық аумағына, мойын және арқаға таралып, қы­сылу, жансыздану сияқты сезім­дермен қатар жүреді. Сонымен қатар ауаның жетіспеуі, жүрек қағуы сезілуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда классикалық стено­кар­диясы бар  науқастарда ұстама шаншусыз өтеді. Олардың саны тәулігіне болатын шаншулы ұс­тама­­лардан 3-4 есе артық. Осы­лайша стенокардияның шаншулы және шаншусыз өтетін түрлері бар. Науқастардың орташа 10 пайызында «мылқау» стено­кар­дия, яғни ешқандай шаншусыз өтетін жүрек талмасы байқа­ла­ды.

Егер қалған 90 пайыз науқаста ауру мойынға, иыққа, қолға та­райды десек, сол ауруды бәсең­дету, емдеу үшін не істеу керек?
Дәрігердің айтуынша, мұндай жағдайда нитроглицирин қабыл­данады. 3-5 минут өткенде ауру жоғалады. Бірақ қатты әлсіреу, тамырдың жиі соғуы, қорқыныш сезімнің пайда болуы, артериялық қысымның кенет өзгеруі 20-30 минуттан артық созылған ауыр­сыну кезінде міндетті түрде дәрі­герге қаралып немесе жедел жәр­дем қызметін шақыртқан жөн. Мұндағы негізгі мақсат – ауыр­сынуды жою, ишемиялық жүрек ауруының дамуын бәсеңдету.Өйткені стенокардияның арты көп жағдайда инфарктқа әкеп соқтырады. Кейде хирургиялық емдеуді қажет ететін жағдайлар болады.  Ондай кезде жүрекке қан жеткізетін тамырларға кардио­хирург дәрігерлер ота жасайды.

– Қазіргі кезде отандық ме­дицинадағы кардиохирургияның мүмкіндіктері өте үлкен. Мысалы, ангиопластикалық әдіс, бұл – баллоншаларды үру арқылы қан тамырының тарылған жерін кеңейту, ұзақ уақыт қан тамырын кеңейтіп, қалыпты қан ағысымен қамтамасыз ететін арнайы түтік орнату, сонымен қатар аорто­конорарлы тамырластыру. Опе­рацияға байланысты мәселені тек кардиолог пен кардиохирург арнайы кешенді зерттеу (кор­нография) өткізгеннен кейін ше­ше­ді. Бірақ ешбір ота стенокар­­­­­дия­­­мен ауыратын адамды құлан-таза жаза алмайды. Сон­дықтан науқастар өздерін жақсы сезінген күннің өзінде қосымша ем қабылдаулары керек, – дейді Абай Әнуарұлы.

Тәжірибелі маманнан жүрек талмасымен ауыратын науқастарға қандай кеңес бересіз, деп сұра­ғанымызда, ол: «Әрбір нақты жағ­дайда дәрігермен келесі еңбек режимінің кестесі туралы ақыл­дасып алған жөн. Тіпті миокард инфарқтін басынан өткізгендер дұрыс жүргізілген реабилитация шараларының арқасында бұ­рынғы қызмет орындарына ора­лу­ларына мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш 70 пайызды құрайды. Аурудың күрделілігіне қарай ем­деуші дәрігер науқасқа қауіпсіз пульс аймағын анықтауға көмек­теседі. Дәрігердің кеңесі бойынша және ұзақ мерзімді іссапарлардан, түнгі және кешкі кезекте жұмыс істеуден, салқын жерде еңбек ету­ден бас тарту керек. Денсаулықты сақтау үшін дұрыс жасалған күн тәртібінің де маңызы зор. Ұй­қының қанық болғаны, яғни 7-8 са­ғаттан кем болмағаны дұрыс. Ұйқының бұ­зылуы жағдайында өз бетінше ұйықтатын дәрі-дәр­мекті қабыл­дауға болмайды. Гим­нас­тикамен шұғылданып, ұйық­тар алдында серуенден, тынығу өте пайдалы болмақ. Кезекті де­малысты өзіңіз тұратын аймақ көлемінде өткізген дұрыс. Таби­ғатқа көбірек шығу керек», – деп  жауап берді.

Маман дәрігер біздің көптеген азаматтарымыз қыс мезгілінде та­биғаты ыстық шетелдерге, кері­сін­ше жазғытұрым ауа-райы сал­қын сырт аймақтарға шығып де­малуды әдетке айналдырып ал­ғанына қынжылыс білдірді. Бұл, әсіресе, егде адамдарға болмай­ты­­нын, олардың ағзасы туған жердің ауасы мен аурасына әбден қалып­тасып қалғанын, сондықтан ем алу­ды да, демалуды да өздері жа­сайтын аймақта өткізу анағұр­лым пайдалы әрі нәтижелі бола­ты­нын ерекше атады. Оның ой­ынша бұл экономикалық жақтан да тиімді. Себебі аз шығын кетеді және сол шығынның өзі ел экономикасына жұмсалады. Ең бастысы, хал-жағдайды жақсарту үшін науқастар белгілі бір қимыл-қозғалыс режимін сақтап, арнайы емдік жаттығулар жиынтығын жа­сағаны жөн. Кейбір дене жат­тығуларының есепсіз жасалуы стенокардия ауруын асқындырып жіберуі мүмкін екенін де естен шығармау қажет. Баяу желе жүгіру, ертеңгі гимнастика, жаяу жүру, велосипед, коньки, шаңғы тебу, жүзу – бұлардың бәрі пайдалы. Де­генмен олар әркімнің жеке ерекшеліктеріне байланысты орын­далғаны жөн. Дене жаттығуы емдеуші дәрігердің немесе емдік жаттығулар маманының белгі­леуімен және қауіпсіз пульс ай­мағының анықталуымен орын­далуы керек. Ол былайша анық­талады (220 – жас мөлшері) х (0,5..0,75). Мысалы, сіз 50 жастасыз. 220–50 =170х(0,5..0,75). Сонда сіздегі пульс аймағы 85..128. Яғни қауіпсіз пульс аймағы төс аумағында ауырсыну мен ауырлық сезімнің болмауы жағдайында жүректің соғуы минутына 85-128 рет болуы керек. Дегенмен бұлай есептеп шығару стенокардия аурулары үшін әркез пайдаланыла бермейді, негізінен ол дені сау адамдарға арналады. Кеуденің шаншуы, тыныстың тарылуы, әлсіздіктің пайда болуы жағдайында жаттығуларды тоқ­тату керек. Жүрек талмасынан зардап шегетіндер үшін оттегінің маңыздылығы ескеріле отырып, оларға аэробикалық жаттығыулар орындау ұсынылады.

«Жалпы, ұзақмерзімді жат­ты­ғу­лар жүрек талмасымен ауыратын жандардың денсаулығына әр жақ­ты оң әсерін тигізетінін айту ке­рек. Олардың қан қысымы төмен­деп, тамыр соғуы азаяды, май ал­масуы жақсарып, дене салмағы қалпына келеді, көңіл-күйі кө­теріліп, сауығуға деген сенім  артады. Ал сенім  – кез келген ау­рудан айығудың негізі. Мың да бір шүкір, ел басшылығының ден­саулық сақтау саласына деген ерекше қамқорлығының арқасын­да, қазір біздің елімізде жүрек ау­руларын емдеуге толық мүмкіндік бар. Ел көлемінде он аймақта кар­диологиялық орталықтар жұ­мыс істейді. Бір ғана Алматы қа­ласының өзінде 5 денсаулық сақтау мекемесі сапалы кардио­­логиялық қызмет көрсете алады. Мен жүрек талмасымен ауыратын жандарға өздерінің бір сүйікті ісін табуға кеңес етер едім. Өзіңе өте ұнайтын нәрсемен айналысу – ол да бір сауықтыру амалы. Өте бір маңызды нәрсе – күнделікті өмірдегі түйткілдерге аса бір қай­ғырып, уайымға берілмеу керек. Адамдар аса сабырлы бол­ғаны жөн. Ұлы данышпан Сенека айт­қандай: «Егер дұрыс пайдалана білсеңіз, өмір – ол айтарлықтай ұзаққа созылатын нәрсе». Сон­дықтан жүрегіңіз талмасын, аты­ңыз жолда қалмасын, өмірдегі ар­ман-мұраттарыңа жетемін де­сеңіз, сабырлы болғаныңыз жөн», – дейді жоғары дәрежелі кар­дио­лог дәрігер Әнуар Байма­ха­нов.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

 

http://www.aikyn.kz