АЛТЫНОРДА
Новости

ЖҮРГЕНОВТІ ЖАСТАРҒА НАСИХАТТАУ – ПАРЫЗЫМЫЗ

3b3f6444e6a1de26c9be9e17a086d6d3Бүгінгі таңда ұлттық тарихымызды шынайы түрде зерттеу қолға алынып, елі үшін басын бәйгеге тіккен тарихи тұлғалар түгенделіп, елдің өткеніне зерделі түрде көңіл бөлу қолға алына бастады. 

Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан игі істер. Сол игіліктің бастамасы ретінде биыл Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және өнер, әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, сыншы-көсемсөзші, қазақ мәдениетінің тарихын зерттеушісі Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына 115 жылдық мерейтойы республиканың түкпір-түкпірінде аталып өтуде.

Қырыққа да жетпеген қысқа өмірінде заманынан озық туған, жарқын әрі мазмұнды өмір иесінің еліне атқарған істері ұшан-теңіз. Ол – қазақ мәдениеті мен өнерінің, білімі мен ғылымының дамуына өлшеусіз қызметі, құнды дүниеге толы өшпес мұра саналатын 7 кітабы, 150-ге жуық әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған қыруар еңбектері.

Т.Жүргенов 1898 жылы қараша айында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Жаңаталап ауылында Қуан байдың ауылында дүниеге келеді. Әкесі Қара Қуанның немересі болған екен. Алғашқы ауыл мектебіндегі ұстазы дарынды ақын және белгілі аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуов бала Темірбектің жанына терең із қалдырады. Зерделі шәкірт тек шығыс поэзиясын танып білумен қатар, бірқатар Орта Азия елдерінің тілдерін де үйренеді. Кейіннен әсіресе тәжік және ескі өзбек тілдерін білгені Темірбекке Тәжікстан мен Ташкентте қызмет атқарған жылдарында көп септігі тиеді.

1909 жылы әкесі Темірбекті Аламесектегі орыс-түзем бастауыш мектебіне оқуға береді. Осы мектепті 1913 жылы үздік аяқтап, Перовск қаласындағы Суханский атындағы жоғары қалалық орыс-қазақ училищесіне түседі. Училищедегі ұстаздары Темірбектің жас болғанына қарамастан, ерекше мінезін, жігерлігімен айтқанынан қайтпайтын батыл болғандығын айтады. Қазақ оқушыларының арасынан орыс әдебиетін оқу үйірмесін ашуы – болашақ қоғам қайраткерінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін көрсетсе керек. 1917 жылы оқуды тәмамдап, Уфадағы жер өлшеу училищесіне түседі. 1918 жылы азаматтық соғыс салдарынан білім ордасы жабылып, оқуы аяқталмай қалады.

1918 жылы Торғай қаласындағы алғашқы кеңестік «Қазақ мұңы» газетінің (кейіннен «Ұшқын» деп аталған) шығуына жан-жақты көмектескен де осы Т.Жүргенов болды. Ол газеттің редакция мүшесі еді. Журналистикадан хабары болмаса да газеттің көркеюіне бар күшін аямайды. Көкейкесті тақырыптарда мақалалар, очерктер жазып, шығармашылыққа төселе бастаған Темірбек газетте 1919 жылға дейін қызмет істейді.

Орынбордағы жұмысшылар факультетін аяқтап, 1923 жылы Орта Азиялық Мемлекеттік университетінің құқық факультетінің студенті атанады. 1927 жылы аталмыш оқу орнын аяқтап, сол жерде құқық саласы бойынша ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

Ұлы тұлға Өзбек Республикасы Халық комиссары болып жүргенде 1926 жылы Ташкент қаласында бірінші Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының ашылуына тікелей атсалысады. Білікті оқытушылар мен білгір профессорларды жұмысқа шақырады, студенттерді қабылдайды, тіпті арнайы ғимарат іздеп тауып, оны жабдықтау сияқты мәселелерді де оңтайлы шешеді. Сөйтіп, осы оқу орнының ректоры болып өзі тағайындалады.

Университет қабырғасында тіл, ғылым және мәдениеттегі көкейкесті мәселелермен қарқынды түрде айналысады. Оқулықтарды қазақ тіліне аударады, сол кездегі қазақстандық жоғары оқу орындарындағы қазақ студентттері Темірбек Жүргенов тәржімалаған алғашқы оқулықтардан сусындайды. Оның сапалы аудармалары мен мақалалары қазақтың әдеби тілінің қалыптасуы мен ғылыми терминологияның дамуына зор үлесін қосты.

Кемел ақыл-парасат иесі Тәжікстанда қаржы министрі, Өзбекстан Республикасында Халық ағарту комиссары, 1933 жылы Қазақстанға келіп Халық ағарту министрі болып тағайындалады. Темірбек өзінің табандылығының арқасында Қазақстанның барлық аймақтарында сауатсыздықты жою мақсатында мектептер, училищелер, техникумдар ашады. Бірнеше облыстарда педагогикалық институттар, қазіргі Абай атындағы опера және балет театры, тұңғыш қазақ драма театры, мәдениет үйі мен консерватория, Қазақ филармониясы, хореографиялық училище, Жазушылар одағы мен ұлттық оркестр де Темірбек Қараұлының ықпалымен құрылғаны жөнінде тарих тағылымы бізге хабардар етеді.

Ол – жоғары лауазымды қызмет атқара жүріп, өзге ұлт өкілдерінен қазақ тілін құрметтеуді талап етіп, ана тілге деген сүйіспеншілігін, қамқор көзқарасын көрсете білген ұлт жанашыры. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады» деген салиқалы сөзі қазіргі таңда да көкейкестілігін жоғалта қойған жоқ. Қазақ өнерінің қанат жаюы жолында тынбай еңбек еткен Т.Жүргенов тұңғыш музыкалық театрдың дүниеге келуіне бар күшін жұмсады. Театр жұмысына талантты қазақ жазушылары Ілияс Жансүгіровті, Сәкен Сейфулинді, Әбділдә Тәжібаевті, Бейімбет Майлинді, Мұхтар Әуезовті тарта білді. Сөйтіп, Ғабит Мүсіреповке «Қыз Жібекті», Бейімбет Майлинге «Жалбырды», Мұхтар Әуезовке «Айман-Шолпанды» бір-екі айдың ішінде жазып бітіруді тапсырды. Қазақ мәдениетінің өркендету мақсатында артистерді, суретшілер мен композиторларды даярлауға бар күшін жұмсаған Т.Жүргенов халық арасынан шыққан талантты өнер иелерін тауып, олардың оқуына және жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Оған айқын дәлел: әйгілі бейнелеу өнерінің майталманы, қылқалам шебері атанған Әбілхан Қастеевтің өнерін жоғары бағалап, ауылдан Алматыға шақыруы, сол кездегі Н.Хлудовтың көркемсурет шеберханасына шеберлігін шыңдауына мүмкіндік туғызуы, тіпті атақты суретшінің Мәскеудегі жоғары көркемсурет оқу орнына барып оқуына да көмегін аямауы. Сол сияқты Көкшетаудағы ағаш шебері және музыкалық аспап жасаудың маманы Қапар Қасымовты да өзі шақыртып, оның Алматы қаласында шеберхана ашып, жұмыс жасауына да қолдау көрсетеді. Міне, осының барлығы қазақ мәдениетінің келешегін ойлаған тарихи тұлғаның өнерге, өнерлі тұлғаға ерекше ықыласты болғанын білдіреді.

1936 жылы Т.Жүргеновтің ұйымдастыруымен өткен Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігі Алаш үшін тамаша жетістік болды. Жыр алыбы қарт Жамбыл, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Қанабек Байсейітов сынды талант иелері қазақ деген елдің бар екенін дүйім жұртқа жария етті. Осы тарихи маңызды ірі оқиға Т.Жүргеновтің қайраткерлік, ұйымдастырушылық, білімпаздық қасиетін саралап берді. Он күндікте Мәскеу мен Ленинградтың ең үздік театр фойесінде қазақтың ұлттық көркемсурет өнерінің көрмесі де ұлы тұлғаның мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Көрмеге станоктық кескіндеме, кітап графикасының үлгілері, киіз түрлері, қыш бұйымдары, зергерлік бұйымдар және тағы басқа қолөнер заттары қойылды. Осы жылы Жүргеновтің еңбегі айрықша бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

1937 жылы тамыз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде жігерлі Жүргенов НКВД қапасына нақақтан-нақақ қамалып, 1938 жылдың ақпанында Алматы түбінде «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіледі. 1958 жылы 18 сәуірде КСРО Жоғары сотының Әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтады.

Ал 1989 жылы Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын Қазақ Ұлттық өнер академиясына Т.Жүргеновтің есімі берілді. Аталған оқу орнының алдында 2005 жылдың қараша айында ескерткіш орнатылды. Алаштың ұлы тұлғасының туғанына 115 жылдық мерейтойы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінде ерекше аталып өтілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында аталмыш оқу ордасында Египет, Жапония, Қытай, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен Қазақстанның көркемсурет колледждерінің жас суретшілері қатысқан «Еуразия–скиф сарыны» тақырыбында ұйымдастырылған ІІ Халықаралық «ART–Самғау-2013» фестивалі мемлекет қайраткерінің 115 жылдығына арналып өткізілді. Ұлы тұлғаның өмірі мен қызметін жастарға дәріптеу мақсатында мәдени шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар, дөңгелек үстелдер, жүргеновтанушы ғалымдармен кездесу кештері, шығарма, сурет байқаулары сынды іс-шаралар әлі күнге дейін ұйымдастырылуда. Қазақ халқының асыл перзенті, мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосқан қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, сыншы-көсемсөзші, қазақ мәдениетінің тарихын зерттеушісі Темірбек Қараұлы Жүргеновті жастарға насихаттау әрі жан-жақты таныту өскелең ұрпақ алдындағы басты парызымыз деп білеміз.

 

Нұрдәулет ИСАБЕК, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мектеп-интернат, колледж басшысы

http://www.aikyn.kz/articles/view/34066